Аймақтар • 04 Мамыр, 2022

Ақмола облысында белгісіз мал ауруы тарап жатыр

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысындағы 30 елді мекенде 1 жарым мыңнан астам ірі қара ауру жұқтырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында белгісіз мал ауруы тарап жатыр

Малдың тілі уылып, жем-шөп жей алмай қалады. Ресми тіркелген дерек бойынша 5 бұзау өлген. Алайда, жақында әлеуметтік желіде Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылының қоқыс төгетін орнында мал өлікселері жатқан бейне тараған еді. Оны тұрғындар қыста өздері шығарып тастаған өлекселер болу да мүмкін. Мал ауруының ең көп тіркелгені де осы ауылдық округ. Сондай-ақ 200-ден астам қойға ауру жұққан. Сынама нәтижесі әлі белгісіз. Мал дәрігерлері бұл былтыр облыста тіркелген аусыл ауруы деген болжам айтқан.

Мамандардың айтуынша, министрліктен ақпан айында берілуі тиіс екпе кешігіп жатыр. Вакцина бір аптадан кейін келеді деп күтілуде. Жеткізілсе, малдарға бірден екпе салынады. Ал әзірге жергілікті ветеринарлар  қолдарында бар дәрі-дәрмекпен амалдап отыр.

«Материалды апарғанмен оған олардың диагностикумы жоқ. Бізге қажетті негізгі сараптамамызды бере алмай отыр. Бірақ енді былтырғы жылға қарағанда біздің пайымымыз бойынша сол ауру. Вакциналар осы уақытқа шейін берілген жоқ. Күннен-күнге осы ауырған малдардың саны артуда. Сонда да біздің мал дәрігерлердің күшімен ауырған малдар жазылып жатыр», деді Ақмола облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.