Саясат • 05 Мамыр, 2022

Цифрлы құжат түпнұсқамен теңестіріледі

202 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс референдумдағы бюллетеньдерге қатысты құжатты мақұлдады. Спикер Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар республикалық референдумға қатысты заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жолдады.

Цифрлы құжат түпнұсқамен теңестіріледі

Ең әуелі депутат Арман Қожахметов баяндама жасап, «Республикалық рефе­рендум туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасын жұмысқа алуға ұсыныс білдірген еді. Депутаттар оны бірауыздан қолдады.

Содан кейін құжатты жалпы отырыс барысында талқылады. Негізгі баяндамашы Берік Бекжановтың айтуынша, құжат республикалық референдум өткізу кезінде пайдаланылатын бюллетеньдерді біріздендіру мақ­сатында әзірленген. Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасына рефе­рен­думға қойылған мәселелерді қамтитын бюлле­теньдердегі бірде-бір жауап белгілен­беген нұсқаларын жарамсыз деп тану нормасы енгізіледі. Сонымен қатар ұсы­нылған жауаптардың барлық нұсқалары бел­гіленген бюллетеньдер жарамды деп таны­лады.

«Алайда бұндай бюллетеньдер дауыс беру кезінде есепке алынбайды. Сонымен қатар, дауыс берушінің бюллетеньде кез келген белгі қою арқылы дауыс беру еркі нақтыланады. Бұл норма, өз кезегінде, дауыс беру рәсімін жүзеге асыру процесінде азаматтарға қолайлы жағдай жасайды. Заң жобасын қабылдау теріс және өзге де келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, бюджет шығыстарын талап етпейді», деді депутат Б.Бекжанов.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Цифрлық даму, инновациялар жə­не аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, заң жо­басы мемлекеттік басқаруды трансформа­ция­лауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дерек­терді басқару жүйесін ретке келтіру және электрондық құжаттарды тең дәрежеде қолданып, аясын кеңейтуді қамтамасыз етуге жол ашады.

«Мемлекеттік басқаруды толық­қанды цифрлық трансформациядан өткі­зу үшін заң жобасында бірқатар түзету қа­растырылған. Атап айтсақ, мемле­кет­тік аппарат қызметінде цифрлық транс­­фор­мацияға басымдық беріледі. Бизнес үде­рістерге реинжиниринг жасау құрал­дары енгізіледі. Ақпараттандыру сала­сын­дағы уәкілетті органның және оған ведом­стволық бағынысты ұйымның мәртебесі айқындалады.

Цифрлық трансформация құрал­дарының басты артықшылығы бюро­кратияның себеп-салдарын, соның ішінде күрделі, түсініксіз және көлеңкелі тұстары көп процедураларды алып тастауға мүмкіндік береді. Реинжиниринг жасау арқылы көзге көрінбейтін кедергілерді анықтап, жоюға, сондай-ақ шығындарды азайтып, кадрлық және қаржылық тұрғыда үнемді әрі тиімдірек бизнес-процестер құруға жол ашылады.

Алдағы уақытта мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың нәти­жесіне бәсекелестіктің дамуына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, мемлекеттік қызметті артық шығынсыз және жылдам алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Бүгінгі таң­да қажетті институционалды және сарап­тамалық база қалыптасқан», деді Б.Мусин.

Министрдің айтуынша, құжатта дерек­термен жұмыс тәртібін реттеуге бағыт­талған түзетулер енгізілмек. Деректерді басқару саласына уәкілетті органды енгізіп, оның мәртебесін айқындау қажет. Бұл бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға және мекемеаралық қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қызмет көрсету немесе жүктелген функцияларды орындау кезінде мемлекеттік органдар үшін ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті жеңілдету ұсынылады.

«Деректерді басқаруға бірыңғай талаптар белгіленеді. Осылайша, жетекшілік ететін салаларға кешенді талдау жүргізу, мем­лекеттік базалардағы деректерді өзек­тендіру, онлайн тәртіпте дәлелді және тиім­ді басқару шешімдерін қабылдау мүм­кіндігі пайда болады. Сонымен қатар дер­бес деректерді қорғауды қамтамасыз ету үшін ақпараттық-коммуникациялық техно­логияларды қолдану талаптары да күшейтіледі.

Жеке деректерді жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асыратын ақпарат­тық жүйелерді ақпараттық-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері ретінде тану және оларды қорғауға қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Сондай-ақ мемлекеттік ақпа­раттық жүйелер мен сервистерде осал­дық­тарды анықтау және жою үшін отандық жеке IT мамандардың әлеуетін пайдалану ұсынылады», деді Б.Мусин.

Ведомство басшысы цифрлы құжат­тардың соңғы уақытта кеңінен пайдаланылып жатқанына тоқталды. Министрдің келтірген деректеріне сүйенсек, былтыр цифрлы құжаттарды 32 млн рет пайдаланған. Ал 2020 жылы небәрі 3,6 млн рет қолданылған екен. Осыған байланысты заң жобасында электронды құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру көзделген. Оларды толыққанды қолдануға кедергі келтіретін заңдардағы қайшылықтар алынып тасталмақ.

«Заң жобасында азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі куәліктерді электрондық форматқа ауыс­тыру қарастырылған. Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ. Өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады, азамат кез-келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсына алады. Оның үстіне құ­жатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес. Азамат өзі қаласа немесе шетелге кеткен жағдайда құжатты қағазға басып шығара алады.

Деректерді өзектендіру ең алдымен отбасылық жағдайдан басталуы тиіс, ал мұндай маңызды ақпарат жылдар бойы АХАТ бөлімшелерінде жинақталған. Бұл процесс жылдам және жүйелі түрде жүруі үшін азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу (АХАТ) жөніндегі функциялар «Азаматтарға арналған үкімет» мемле­кеттік корпорациясына беріледі. Себебі кор­порацияда қажетті сервистік инфрақұ­рылымдар және құзыреті бар. Ал әділет органдарында азаматтық хал актілерін тіркеуді нормативтік реттеу, әдіснамалық қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі құзыреті қалады», деді Б.Мусин.

Әрбір азаматтың цифрлы сервистер мен қызметтерді пайдалануы үшін Ұлттық пошта операторының пошта желісі негізінде ауылдық елді-мекендерде арнайы орындар құрылмақ. «Қазпоштаның» екі мыңға жуық ауылдық бөлімшелерінде электронды бұрыштар ашылады.

«Мемлекеттік басқару салаларын цифрландыру шеңберінде жер қойнауын пайдалануға құқық беру жөніндегі аукциондарды электрондық форматқа көшіру, сондай-ақ оны өткізу процесін оң­тай­ландыру,  рұқсаттардың жекелеген санаттарын беру алгоритімін автоматтандыру арқылы адами факторды алып тастау ұсынылады.

Инновацияларды ынталандыру мақ­сатында заң жобасында инновацияларды жік­теу бойынша ережелер (процестік және өнімділікті) мен технологиялық кәсіп­керлік ұғымын енгізу көзделген», деді Б.Мусин.

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Еуразиялық экономикалық одақ­тың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы ха­лықаралық шарт қабылданғанға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жекелеген екіжақты келісімдермен реттеледі.

2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қа­ла­сында Армения Республикасына мұ­най өнімдерін беру саласындағы сау­да-эко­­номикалық ынтымақтастық тура­лы келі­­сімге қол қойылды. Тараптар мем­ле­­кет­­­терінің шаруашылық жүргізуші су­бъек­­­­-
ті­лерінің уәкілетті ұйымдарды тарта оты­­­­рып, Қазақстан аумағынан Арме­ния­ға жет­кі­зілімдерді жүзеге асыруы үшін Та­рап­тар қажетті жағдайлар жасайды», деді заң жобасы жөнінде баяндама жа­са­ған Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Ведомство басшысы одақ аясында жасалған келісімдер артық мұнай өнімдерін Арменияның неғұрлым артық­шылықты нарығында өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл мұнай өнімдерінің ішкі теңгеріміне оң әсер етпек. Сондай-ақ Қазақстанның шаруашылық жүргізетін субъектілерінің түсімін арттырады. Ел аумағынан мұнай өнімдерін әкетуді ретке келтіреді. Ішкі нарықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мұнай өнім­дерінің бақылаусыз ағынынан қорғайды.

Жалпы отырыста «1992 жылғы 13 нау­рыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­тығына қатысушы мемлекеттердің үкімет­тері арасындағы салық саясатының келі­сіл­ген қағидаттары туралы келісімнің қолда­нысын тоқтату туралы хаттаманы рати­фикациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Хаттаманың негізгі мақсаты – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан Келісімнің қолданыс мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ оның ережелері қазіргі уақыт жағдайының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты Келісімнің қолданысын тоқтату.

1992 жылғы 13 наурызда ТМД-ға қаты­сушы тоғыз мемлекеттің үкіметтері келі­сімге қол қойды. Келісімнің норма­ларына сәйкес Тараптар салық салу қағидаттары мен ережелерін біріздендіру негі­зінде келісілген салық саясатын жүр­гізуге және Достастыққа кіретін барлық мемлекеттердің мүдделерін қозғайтын негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін қолдануға уағдаласты», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, Келісімді тек төрт мемлекет ратификациялаған. Келісімге қатысушы бес ел Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған жоқ.

«2017 жылғы 8 қыркүйекте Шолпан-Ата қаласында ТМД-ға қатысушы мемле­кет­тердің салық қызметтері басшы­ларының Үйлестіру кеңесінің отырысында Келісімнің қолданысын тоқтатудың орынды екені туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2021 жылғы 4 наурызда Келі­сімнің қолданысын тоқтату туралы хат­тамаға қол қойылды», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутат Закиржан Кузиев ант беріп, Эконо­микалық реформа және өңірлік даму ко­митетінің құрамына сайланды. Сондай-ақ депутат Айдос Сарым палатаның Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысты.

Сонымен қатар Мәжіліс «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық эконо­микалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.

Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларына өз сауалдарын жолдады.

Соңғы жаңалықтар