Қазақстан • 05 Мамыр, 2022

Тәуелсіздік тарихының жаңа белесі

147 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ірі саяси реформаларды қолға алды. Шын мәнінде ұлттық өрлеу, ұлт болып сақталып қана қоймай, іргелі елдердің деңгейіне жетудің жаңа бағыты мен әлеуметтік әділдікке негізделген мемлекеттік бағдар-мақсат алға қойылып отыр. Бұл ауқымды өзгерістер қоғамның ой-санасын жаңа тарихи арнаға бетбұрыс жасауға әсер етуде. Ең керекті ұлттық рух пен күш-қуат тұтас сенімділікке ұласып, орнығуы өте қажетті іс.

Тәуелсіздік тарихының жаңа белесі

Адам ой-санасының өзгеруі оңай емес. Бұл тағдырлы кезеңнің жауапкершілігі, ашығын айтайық, бұған дейінгі жылдар мен уақытқа қарағанда еш салыстыруға келмейтін деңгейге көтеріле бастады. Ашықтық пен турашылдықты саясатта, экономикалық мәселеде және әлеуметтік, құқықтық салада түбегейлі оң өзгерістер сипатында айту санаға сіңді, үмітті оятып қана қойған жоқ, бұқараның жұмылып, ұйысуына сілкініс әкелді. Ұлттық өзекті мәселелерге қызмет ететін қоғамдық ұйымдардың жұмысын жа­сандылық атаулыдан арылып, нақты айту­ға тура келеді. Даңғаза мадақ, орынды-орын­сыз жылтыраққа ыңғай таныта беруге әуес­тік дағдыдан аулақ болуға шақырамыз. Мұн­дай көріністер енді ешкімге абырой әпермейді, осы жағдайды мықтап ескеруіміз керек.

Мемлекет басшысының қолға алып отырған саяси реформалары мен бас­тамалары халықтың көңілінен шығып жатқаны анық. Қарапайым халық бұл ірі өзгерістерді іргелі ел болудың жаңа кезеңі деп түсініп, қоғамды тазарту арқылы дамыту қадамдарын қуаттау үстінде. Әрбір отбасы мен ұжым мүшелерінің әділеттілік қағидасын жан-жақты қолдауы және әрбір отандастарымыз өзі өмір сүріп отырған еркін елдің азаматы ретінде үн қатуы ерекше маңызды. Бұл қажет десе, кешегі замандарда тарыдай шашылған тарихымызды түгендеуге қаншалықты күш салып келсек, енді қазақ жұртының келешегі, ғаламдық жағдайдың сын-қатеріне қарсы тұра білу үшін қарманудың нағыз қаhармандық танытар, мемлекеттік негіздер мен саяси жүйені түбегейлі түзейтін күн туғаны анық.

Біз Президенттің Конституцияға енгізі­летін өзгерістер мен толықтыруларды рефе­­рен­думға ұсынып, халықтың еркін таң­дауына беруін осы тұрғыдан қолдай­мыз. Бұл көптің тілегімен құп алынып, қабыл­­данатын Ата Заңымыздың қазіргі қол­даныстағы нұсқасының 33 бабына өзгеріс енгізілетіні және олар қандай өзек­ті, түйінді мәселелер екендігін есепке ал­сақ, еліміздің саяси жүйесінде түбегейлі бет­бұрыс болатынын анық аңғартады.

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшуі, ауқымды өзгерістердің мағыналы, тағдыршешті тұстары осындай ойға жете­лейді. Әлі күнге дейін ұлттық құнды­лық­тарды байыта түсу барысында «Қазаққа қандай идея, қандай мәдениет, қандай экономика керек?» деген өміршең сауалдарға жауапты жанталаса іздеуді бастан өткеріп келе жатқанымыз рас. Бұл күндері ой ерікті, сөз ерікті, болашаққа болжам да ерікті болуға тиіс. Ал мұндай қоғамдық ой-сана сілкінісі елдік сенімнен нәр алса, елдің алғысы мен терең түсіністігі одан әрі көркейеді.

Сол елдік зор сенім күн өткен са­йын жақ­сылық тілеумен және таза пейіл­мен арта түсуде. Бұл құбылыстарды ай­­на­­ламыз­дан байқамау, не сезінбеу мүм­кін емес. Қазір­гі ел басшылығының көп жыл бойы қоғам­ға реніш туғызған ой­сыз­дықтарды түбірі­мен жойып, көрер көзге заңды белден бас­қан озбырларды қатаң тәртіпке шақы­рып жатқаны, заң үстемдігін ашық орнық­тыру іс-әрекеттері оң көзқарастарды қалып­тастыруда. Оның темірқазығы – шын­дық, ойлылық пен дәлдік, бүгінгі күн мен ке­ле­шек­тің қамын сабақтастыра зерделеу, өзің­ді-өзің сыйлау және өзгеге сыйлата білу.

Халықтан өткен асылың жоқ. Ендігі жерде еліміздің әр перзенті қалың қауымның жоғын жоқтайтын, саяси биік­ке көтерілетін деңгейге жетуге тиіс. Әр азаматтың ұлттық мүддені бас­шы­лыққа алуын міндеттеуді жүктеу де бекерден-бекер күн тәртібіне қойылып отырған жоқ.

Бұл референдум саяси мәні жағынан бүкіл құзыретті бір адамға қаратып негіздейтін жолдан тартынып, керісінше мемлекетті басқару ісіне азаматтық қоғамды тікелей қатыстырып, әділетті Қазақстан құруға бағытталған. Туған ел-жұртымыздың өмір сүру сапасын өркениетті, нақты іспен жақсартуды мұрат етеді. Сол иманды да ибалы халқымыз ірілігін танытып, көшелі, көргенді екенін паш етуге жұмылады. Біз осы бедерлі уақытта тек ақиқатқа жүгінуге жол аштық. Бұл – адамдардың күткен өмірінің басты өлшемі. Әйтпесе, жылдар бойы әлеуметтік әділдікке қол жеткізе алмаған түрлі жағдайлар қатты алаңдатып, жұрт наразылығын тудырған жоқ па еді?!

Еліміз бойынша билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастағы шынайы өзгерістердің бұқаралық сипатқа ие бола бастауының түпкі мәні осында жатыр. Сол себепті тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа өркенді, жаңа тарихи белесін батылдықпен құнттап жатқан ірі саяси бастамалардың жүзеге асып, құтты болуын қалаймыз.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Мәжіліс депутаты