Өнер • 05 Мамыр, 2022

Аққу жүрек ақын

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордадағы «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен белгілі ақын, Қазақстанның мәдениет қайраткері Марфуға Бектемірованы еске алуға арналған «Аққуым менің, қайдасың?» атты әдеби музыкалық кеш өтті.

Аққу жүрек ақын

Алдымен кешке жиналған қауымға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың талантты ақын шығармашы­лы­ғы туралы жылы ілтипатын білдірген хатын Сенат Спикерінің кеңесшісі, журналист Бибігүл Жексенбай оқып берді.

– Қазақ – қашанда ақынға құрмет көрсеткен, қаламгерді қадір тұтқан халық. Ұлттық поэ­зияның көрнекті өкілі, қазақ­тың аққу жүрек ақыны Мар­фуға Бектемірованы еске алуға арналған бүгінгі іс-шара – соның жарқын көрінісі. Марфуға Бектемірова – бүкіл ғұмырын шығармашылыққа арнаған, әде­биетімізде өзінің дара ізін қал­дырған қаламгер. Оның әр жолынан нәзіктік пен сезімнің лебі есіп тұратын өлеңдері оқыр­ман қауымды қашанда ерекше әсер­ге бөлейді. Марфуға апа­мыз­­дың тәржіма саласындағы еңбек­те­рі де өз алдына бір төбе. Жур­налистикада жауапты қыз­мет атқарып, бұл бағытта да өзін­дік қолтаңбасымен танылды. Ақын­ның соңында қалған мол мұра­сын насихаттау қашанда ма­ңызды. Сондықтан Марфуға Бек­темірованың есімі мен шығар­машылығын дәріптеуге арналған бүгінгідей кештердің өскелең ұрпаққа берері мол, – делінген Сенат Төрағасының хатында.

Одан кейін сөз алған қалам­гер, Ұлттық ғылым академиясы­ның академигі Уәлихан Қали­жан, белгілі сатирик, халық­аралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының лауреаты Көпен Әмір­­бек айтулы ақын туралы тағы­лымды естеліктерімен бөліс­се, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті Жур­­на­листика және саясаттану фа­культеті деканының орынбасары Гүлжауһар Болатова осыдан екі жыл бұрын аталған факультеттің бір түлегі филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанованың жетекшілігімен «Марфуға Бекте­мірова − редактор, журналист, публицист» деген тақырыпта ­дип­лом жұмысын қорғап, жо­ға­ры баға алғандығын сөз етті.

Әдеби-сазды кеш барысын­да астаналық филармония ән­ші­лері Диана Май, Ақбота Құс­­­надин, Әкімхан Мәженов, Салтанат Серкебаева ақынның сөзіне жазылған бірқатар ән­ді орындап, тыңдармандарын әдемі сезімге бөледі. Сондай-ақ Музыкалық жас көрермен театрының әртістері де сыршыл шайырдың өлеңдерін оқып, театрландырылған қо­йы­­лым қойды. Ал кешті Мар­фуға Бектемірованың жары, қа­­­ламгер Есенгелді Сүйінов қо­ры­­тындылап, жиналған жұрт­­шылыққа ризашылығын біл­дірді.