Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса әл-Халифамен кездесті.
Мәртебелі мейманды қарсы алудың барлық ресми шаралары жасалған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа екеуара кездесіп, екі мемлекеттің ынтымақтастығын дамытуға бағытталған мәселелерді талқылады. Одан кейін келіссөздер мемлекеттер басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа мырза, Сізді және делегация мүшелерін Қазақстанға қош келдіңіздер деп шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеңейтілген құрамдағы келіссөздердегі сөзінде. Сіздер мен біздер екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыс істейміз. Сіз біздің елге кең ауқымды делегацияны бастап келдіңіз. Ол Сіздің көңіліңіздің Қазақстанға деген үлкен сенімі бар екенін көрсетеді. Жаңа өткен екеуара кездесуімізде бірқатар өзекті мәселелерді талқыладық.
Бұдан кейін Н.Назарбаев Қазақстан мен Бахрейн қатынастарына тоқталды. Елбасының тоқталып өткеніндей, Қазақстан Бахрейн Корольдігін өзінің Араб елдеріндегі, Парсы шығанағындағы маңызды әріптестерінің бірі деп санайды. Бахрейннің тәуелсіздік күні де, Қазақстанның тәуелсіздік күні де 16 желтоқсанға келеді, деді Президент әрі қарай. Мемлекеттеріміздің экономикалық әлеуетінің халықаралық аренада беделді болуына жұмыс істейміз деген сенімдеміз.
Қазақстан Президенті Бахрейн Корольдігінің даму қарқынын да атап өтті. Бахрейн тарихи тұрғыдан алғанда, қысқа мерзім ішінде ерекше дамыған индустриялы елдердің біріне айналды. Бұл Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифаның елге істеген аса зор қызметі болып табылады. Бахрейннің экономикасы қарқынды дамып, жоғары деңгейге көтерілді. Сондай-ақ, Бахрейн мұсылман әлеміндегі ірі қаржы орталығы саналады.
Бахрейн Ислам банкингінің орталығы болып табылады, деді Н.Назарбаев осы жөнінде. Қазақстан да сіздердің ел сияқты тәуелсіздік алғаннан бері жедел қарқынмен дамып келеді. 1992 жылы біздің ішкі жалпы өнім 2,5 миллиард долларды құраған болса, 2013 жылы ол 220 миллиард долларға жетті. Бүгінде 2050 жылдарға дейінгі стратегияны қабылдап, индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бірақ, екі ел арасындағы сауда айналымы әлі төменгі деңгейде деп санаймыз. Оның көлемі небәрі 1,5 миллион долларға жетеғабыл. Сіздің осы сапарыңыз бен біздің бүгінгі кездесуіміз болашақтағы ынтымақтастыққа, экономикалық қарым-қатынасқа зор ықпалын тигізеді деп сенемін.
Ал Бахрейн Королі Қазақстан тарапының сапар барысында көрсеткен ерекше қонақжайлығына алғыс айта келіп, өзінің осы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың алғашқы қадамы болатындығына сенім білдірді. Екеуара кездесуде атап өткенімдей, екі мемлекет арасындағы қатынастарды дамытуға мүдделіміз, деді Бахрейн Королі. Бұл біздердің ортақ міндетіміз және мақсатымыз болып саналады. Біз өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылғанына шынайы ризашылығымызды білдіреміз.
Н.Назарбаев пен әл-Халифаның өзара жеке кездесуінде және мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығын нығайтуға ерекше мән берілді. Бұл екі ел халықтарының және үкіметтерінің үдемелі ілгерілеуіне қолдау көрсету, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті күшейту, халықаралық қатынастарда тең құқықтық қағидаларын, серіктестік пен үнқатысуды нығайту мақсатында ұлттар арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты барынша дамытудағы талпынысының айқын дәлелі болып табылады.
Келіссөздер барысында саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланып, екі жақтың қызығушылығын тудыратын жаһандық және аймақтық мәселелер бойынша да пікір алмасылды. Тараптар, сондай-ақ, қол қойылған құжаттар Қазақстан-Бахрейн қатынастарының жаңа белесін ашатынына, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың дамитынына, гуманитарлық саладағы байланыстардың нығаюына жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, екіжақты консультациялар арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдар аясында өзекті мәселелерді шешуде үнқатысу мен күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.
Тараптар терроризм мен экстремизмнің барлық түрлері мен көріністеріне айыптаушылық білдіріп, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылыққа әрбір мемлекеттің қауіпсіздігіне қорқыныш төндіретін трансұлттық бірлескен қылмысқа, есірткінің заңсыз тасымалына, қару-жарақ пен басқа да қылмыс түрлеріне қарсы күресті күшейтуге шақырды. Бахрейн Корольдігі Қазақстан Республикасының жаһандық және аймақтық өзекті мәселелерді шешудегі, бейбітшілік пен жаһандық серіктестік қағидаттарын жүйелі ұстануына қатысты белсенді орнын жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болу кандидатурасына қолдау білдіретінін қуаттады.
Бұған қоса, тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан Үкіметі мен Бахрейн Корольдігі Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі іскерлік кеңес және бірлескен комиссия құру туралы уағдаласты.
Аталған үкіметаралық комиссияның мақсаты экономикалық серіктестіктің басым салаларын белгілеу, екі елдің мемлекеттік органдары мен жеке секторлары арасындағы байланыстарды дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, оның ішінде қажетті құқықтық база құру болуы тиіс. Сонымен бірге, екі елдің ынтымақтастығының инвестиция, сауда, ауылшаруашылық, банк салаларына баса назар аударуға, екі елдің барлық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын, оның ішінде инвестиция салу үшін қарастырылатын жеңілдіктер мен шарттарды, көліктік-логистикалық мүмкіндіктер мен инвестициялық ынтымақтастықты қолдау үшін сауда режімдерін айқындауға, түрлі салалар бойынша мамандар арасында тәжірибе алмасу мәселелерін қарауға келісті.
Бахрейн тарапы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі туралы ислам ұйымын құру туралы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалады және аталған Ұйымның толыққанды мүшесі болу ниетін растады. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық екі ел серіктестігінің басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді.
Енді Ислам банкингі жүйесіндегі Бахрейн тарапының мол тәжірибесі мен Манаманың ірі исламдық қаржыландыру орталығының бірі ретіндегі мәртебесін ескере отырып, Қазақстанда Ислам банкингі жүйесі саласындағы ынтымақтастық жанданатын болады.
Кездесу барысында Бахрейн Королі Қазақстан Президентінің жыл сайын Астана экономикалық форумын ұйымдастыру жөніндегі бастамасын жоғары бағалап, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияға және ақпараттық-коммуникативтік G-Global алаңы жұмыстарына қатысуға деген қызығушылығын растады. Сонымен қатар, Корольдік Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жұмысына белсенді қатысуға ниетті екенін білдірді. Себебі, ЭКСПО-2017 көрмесі үшін таңдалған «Болашақ энергиясы» ұраны мен баламалы энергия көзі тақырыбы Бахрейн үшін де маңызды болып табылады және елдің энергетикалық болашағын құру саласындағы Корольдік Үкіметінің стратегиясымен тұспа-тұс келеді.
Тараптар білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға, ғылыми және мәдени бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты қолдауға, студенттермен, мамандармен және түрлі мәдени шаралармен алмасу үдерісіне мүмкіндік жасауға, сондай-ақ, Қазақстанның Бахрейндегі мәдени күндерін және Бахрейннің Қазақстандағы мәдени күндерін ұйымдастыруға уағдаласты. Әл-Халифа Н. Назарбаевқа өзіне қолайлы уақытта оны Бахрейн Корольдігінде көргісі келетіндігін мәлімдеді.
Келіссөздер қорытындысында Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі арасында екіжақты консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің Индустрия және коммерция министрлігі арасында Өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бахрейн Корольдігінің Индустрия және коммерция министрлігі арасында Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжаттарға қол қойылған соң, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа кездесулер мен келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасады.
Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Бахрейн Королінің бұл сапарының маңызы зор, деді Қазақстан басшысы. Бахрейн Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған Парсы шығанағындағы елдің бірі болатын. Егемендіктің алғашқы жылдарында Корольдіктің біздің елге көрсеткен қолдауын Қазақ елі ұмытқан жоқ. Бұл мемлекет бүгінде біз үшін араб әлеміндегі маңызды елдің бірі болып саналады. Арамыз алшақ жатса да, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.
Осылай деп ой қозғаған Елбасы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға тоқталды. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, бүгінгі жүргізілген келіссөздер мазмұнды әрі жемісті болды. Онда Қазақстан-Бахрейн ынтымақтастығының әр саласы қаралды. Жоғары деңгейде өткен келіссөздер, қол қойылған құжаттар, екі ел қатынастарының жаңа парағын ашады. Біз бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық, деп жалғастырды сөзін Н.Назарбаев.Талқыланған барлық мәселелер жөнінде ортақ түсіністікке келгенімізді атап айтамын. Осының барлығы біздің көзқарасымыз бен ұстанымдарымыздың ұқсас екенін көрсетеді.
Президент бұдан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар басым бағыттары айқындалғанына назар аударды. Бірінші – Манаманы азық-түлікпен қамтамасыз ету аса маңызды, деді Президент осы жөнінде. Осыны ескере отырып, Қазақстан Бахрейнге ауыл шаруашылығы саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Екінші – елдеріміздің арасында бірлескен инвестициялық қор құрылатын болды. Ол Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Үшінші – Бахрейннің алюминий өнеркәсібін өркендетуде тәжірибесі мол. Біз осы елдің «ALBA» компаниясымен бірлесіп Қазақстанда алюминий кластерін құру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Тиісті министрліктер осыған байланысты меморандумға қол қойды. Мемлекет басшысы төртінші басым бағыт ретінде тараптардың Қазақстанда Ислам банкингі жүйесін орнатуға ниетті екендігін атады. Өйткені, біздің елді ірі қаржы орталығы саналатын Бахрейннің тәжірибесі қызықтырады.
Н.Назарбаев, сондай-ақ, Бахрейн тарапы қазақстандықтарға визаны әуежайдың өзінде беретінін атап өтті. Келіссөздерде біз елдеріміз арасында тікелей авиарейс ашу мәселесін де талқыладық, деді Елбасы. Король қазақстандықтар үшін визаны тікелей әуежайда беру жөнінде тапсырма берді. Біз үшін бұл өте маңызды. Сонымен бірге, Президент екі ел арасында қосарланған салықты болдырмау, инвестицияны қорғау мәселелеріне қатысты келісімдер бизнестің сенімді жұмыс істеуіне жол ашатынын атап өтті.
Әл-Халифа Қазақстан мен Бахрейн арасында қол қойылған құжаттар екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайтуға барынша ықпал ететіндігін атады және соған сенім білдірді. Өйткені, Қазақстан мен Бахрейннің мүддесі ортақ.
Елімізге ресми сапармен келген Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифа Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Астананың көрікті жерлерін аралап көрді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.