Екінші айналымда сүрінді
Ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткалары Александр Бублик пен Елена Рыбакина Мадридте өтіп жатқан мастерс турнирінің бірінші және екінші кезеңінде жеңіліп қалды.
Әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Мадридтегі турнирдің алғашқы айналымында рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған сербиялық Миомир Кецмановичпен шеберлік байқасты. Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, былтыр елорда өткен турнирде Бублик 2:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы сербиялық спортшының мерейі үстем болды. Бірінші партияның шешуші сәтінде брейк жасаған Миомир 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кецманович екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 7:5.
Әйелдер арасындағы дүниежүзілік рейтингте 18-орында тұрған Елена Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен күш сынасты. Қарсыластар бұған дейін бір-бірімен кортта кездеспеген болатын. Швейцариялық теннисші бірінші партияда 6:3 есебімен басым түссе, екінші сетте де сол қарқынын жоғалтқан жоқ – 6:1. Бір сағат 16 минутқа созылған матч барысында Елена 6 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнттың бірде біреуін пайдалана алмады.
Алғашқы финалист анықталды
Англияның «Ливерпуль» клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалының жауап матчында Испанияның «Вильярреалын» 2:3 есебімен жеңіп, өз тарихында 10-шы мәрте турнирдің финалына жолдама алды.
«Энфилд Роуд» стадионында өткен жартылай финалдың алғашқы ойынында «Ливерпуль» 2:0 есебімен басым түскен болса, күні кеше «Эстадио-де-ла-Керамикада» ұйымдастырылған қарымта кездесуде қонақтар тағы да алаң иелерін қапы қалдырды – 2:3. Бірінші таймның 3-минутында «Вильярреал» футболшысы Булай Диа есепті ашса, 41-минутта Франсис Коклен таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді.
Алайда екінші таймда Юрген Клопп Жотаның орнына Диасты алаңға шығарып, ойын барысын 180 градусқа өзгертіп жіберді. Нәтижесінде, Мерсисайд футболшылары айналдырған 12 минуттың ішінде үш гол соғып, таразы басын өздеріне аударды. Гол авторлары – Фабиньо (62-минут), Диас (67) және Мане (74). Осылайша, «Ливерпуль» Чемпиондар лигасының алғашқы финалисі атанды.
«Барыс» Волкпен қоштасты
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» келісімшарты аяқталған легионерімен қоштаса бастады.
Маусым қорытындысы бойынша командадан алғашқылардың бірі болып «Барыста» төрт жылын өткізген Қазақстанның азаматтығын алған канадалық Кертис Волк кетті. 2018 жылы елордаға қоныс аударған шабуылшы бүгінге дейін «Барыс» сапында 233 ойынға қатысып, 41 мәрте мергендігімен көзге түскен. Сонымен қатар әріптестеріне 90 рет нәтижелі пас асырған.
Сондай-ақ алдағы уақытта Олле Альсинг, Якоб Берглунд, Линден Вей, Коди Куник, Якоб Лилья, Эрик Мартинссон, Джо Морроу, Йони Ортио, Роман Савченко, Роман Старченко, Томаш Юрчо еркін агент ретінде командадан кетуі мүмкін.