Спорт • 05 Мамыр, 2022

Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған U20 жастар арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтіп жатыр

Турнирдің ашылу салтанатында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Азия күрес федерациясының президенті, Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресінен федерациясының басшысы, қазақтың даңқты палуаны Дәулет Тұрлыханов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Бозкілемдегі бәсеке Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында өтіп жатыр. Өз кезегінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыханов халықаралық турнирдің мақсатын былайша түсіндіріп берді:

«Мамыр айының 3-5 күндері грек-рим күресінен жастар арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл – марқұм Жақсылық Үшкемпіров ағамызды еске алуға арналған турнир. Оған Орта Азияның төрт мемлекеті – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері қатысып отыр. Бұл бәсекенің басты мақсаты палуандарымыз халықаралық сындарда шыңдалып, тәжірибе жинап, айтулы бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаса екен дейміз. Болашақта құрама командада деңгейі жоғары палуандарымыз көбейсе деп отырмыз», деді ол.

Нұр-Сұлтанда екінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық турнирде 150-ден аса спортшы 10 салмақ дəрежесі бойынша бәсекеге түсті.

«Шетелден бөлек өз еліміздің 17 өңірінен келген спортшыларымыз бозкілемде белдесіп жатыр. Өзіміздің құрамаға тоқталсам, жақында өткен Азия біріншілігінде көрдіңіздер, үлкен жетістіктерге жеттік. Алдымызда Азия ойындары күтіп тұр. Құрамамыз үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен барып, жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп сенемін», деді ҚР МСМ Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.