Қоғам • 05 Мамыр, 2022

Қазақстанда жер учаскелері аукцион арқылы сатылады

643 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде жер учаскелерін сатып алуға қатысты жаңа пилоттық жоба енгізіліп жатыр. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жер учаскелері аукцион арқылы сатылады

«Жер учаскесін алу процесін жеңілдету мақсатында біз кадастрлық карта әзірледік. Мәселені алдымен қоғамның талқысына салып, жұршылықтың пікірі ескерілді. Картада жер учаскелеріне қатысты барлық ақпарат көрсетілген. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры аясында жер учаскелерін egov.kz порталында аукцион арқылы ұсыну пилоттық жобасы іске қосылды», дейді Сүйеніш Әбділдин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма төрағасының айтуынша, пилоттық жоба аясында алғашқы жер учаскесінің аукционы Ақтөбе қаласында өтті.

«Ақтөбедегі жер учаскесі басында 51 480 теңгеден басталып, аукцион нәтижесінде ол жер 6 647 611 теңгеге сатылды. Яғни бірнеше есе қымбат бағаға сатылып отыр, түскен пайда мемлекет қазынасына жіберіледі. Аталған пилоттық жобаның тағы бір артықшылығы сыбайлас жемқорлық әрекеттің алдын алады. Сонымен қатар қызмет көрсету мерзімін жарты жылдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, жер учаскесін сатуда ашықтықты қамтамасыз етпек. Биыл маусымда аталған жобаны еліміздің барлық өңірінде енгізу жоспарланып отыр», дейді корпорация басшысы.