Ол кісінің айтуынша, қос қаламгер фотоға 1969 жылы Бурабайдағы «Оқжетпес» шипажайында бірге демалып жүргенде түскен. Жалпы, Кәкімбек ағамыз көзі тірісінде алып тұлғаға арнап «Сәбит аға» атты естеліктер кітабы мен «Дархан дарын» деген жыр жинағын шығарған. Ал «Қазақтың сүйікті перзенті» атты естелігінде ақын осы суретке арнайы тоқталады.
− Өз басым алғашқы рет Бурабайда демалыста жүргенімде ол кісі Мәриям жеңгеймен «Оқжетпес» шипажайында жатыр екен. Дайындалып барып сәлем беріп, ел жігіттерінің қатынасуымен дәмдес болдым. Сонда байқағаным, атақты ағамыз бірден қайтыс болған үлкендерімізге көңіл айтып, халық ақыны Молдахмет Тырбиұлы атамызды жақсы білетіндігін білдірді. Мен жайлы да мағлұматы аз еместігіне таңғалдым. «Сәлем беріп, жігіттерді ертіп келгеніңе рахмет. Сен, Кәкімбек, осы мені қайдан білесің, жоқ, әйтеуір Сәбит қой деп келдің бе?», − деп сұрақты тікесінен қойды. Мен ол кісіге оқуға бармай тұрғанда-ақ Ермек тәтемнің көмегімен латын әрпімен оқуды ерте үйреніп, кемпір-шалдарға, үйге келген қонақтарға әуелі «Адасқандарды», содан соң «Жұмбақ жалауды» көп оқығаннан жатқа білетінімді айтып, қара сөзін біраз төгілттім. Өлеңдеткен жерімді де ұмытпаппын. Сәбең: «Ермек тәтең қайда, ол кім?», − дегенде, Үкілі Ыбырайдың немересі ақын Мұса Асайыновтың апасы екенін, ерте қайтыс болып кеткенін айттым. «Е, жақсы біледі екенсің, ал мен сен жайлы осы бөле ағаң Мұсадан естіп, көруге құмар едім», − деді. Отырыстан кейін далаға шықтық, Сәбең ере шықты. Мәриям жеңгей бөлмесіне кетті.
Жолдасбек Жақыпбеков деген кенші досымның жұбайы Үмітжан, бірінен-бірі үлкен бес қызымен және қастарында біздің екі бала бар, үбірлі-шүбірлі бір үйді ерткендей алдымыздан шықты. «Кәкімбек, бұл балалар өз балаларың ба?», − деп сұрады. – «Иә, менікі бәрі», − дей салдым. «Ой, жарайсың, қалқам, келіңдер фотокәртішкеге түсейік», − деп ұсыныс енгізді де, ең кіші бала Жөкеңдікі еді, соны алдына алып ортамызда отырып, фотоға түсті. Бұл тарихи фотосурет елге тарап, аңыз болып кетті. Шынында да, қырыққа жетпей жүрген біздей жастарға Сәбеңдей нар тұлғамен дәмдес болып, суретке түсу арман еді ғой. Сондықтан да балалардың бәрі менікі дей салып, тап алдағандай да болдым. «Қазағым аз халық қой, тап осылай әр отбасы көбеюі керек», − дегені есімде» деп жазыпты айтулы ақын.