15 Сәуір, 2014

Бірлік – ел өркендеуінің тұғыры

627 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
01-ассамблеяАлматыда «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында Қазақстан халқы Ассамблеясы және Алматы қаласы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Бірлік пен ынтымақ – ел өркендеуінің тұғыры» атты дөңгелек үстел өтті. Салиқалы басқосуда Астанада өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессия­сына дайындықты пысықтап, Қазақстан аумағында тұратын этнос­тар өкілдерінің арасындағы достық қатынасты дамытуға мүмкіндік беретін, рухани-мәдени тұрғыдан жандануына оң әсерін тигізетін мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша ұсыныстар жинақталды. – Сіздердің әрқайсыңыз әртүрлі ұлт өкілдерін құрап отырған қоғамдық орталықтарды басқарумен қатар, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып, ел-жұртқа ұйытқы, Елбасына тірек болып жүрсіздер, – деді дөңгелек үстелді ашқан «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов. – Бүгінде Алматыда отыздан аса ұлт пен ұлыстың өкілдері мекен етеді. Бұл сүйікті қаламыздың ұлтаралық мәдениеті мен санасының биік дәре­жеге көтерілгенін білдірсе керек. Ендеше, осы сыйластық пен тұрақ­тылықты одан әрі сақтап, дамыта түсу үшін сіздер мен біздер әрқашан түсіністікте болуымыз керек. Одан әрі модератор биылғы жылғы Елбасы Жолдауының бас­ты мақсаты – Қазақ­станның әлемдегі ең дамыған 30 мем­лекеттің қатарына қосылуы деп атап көрсеткенін, ендеше бүгін «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының алға қойып отыр­ған ортақ мақсат-мүдделерін бір арнаға тоғыстыра отырып, ұлт саясаты жөніндегі болашақ бағдарламаларды жүзеге асыру аясында пікір алмасуды алға қойып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, былтыр қалалық «Нұр Отан» партиясы ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық келісімді нығайту мақсатында алпыстан астам бағдарламаны жүзеге асырғанын, ал биылғы жылы да ұлтаралық 25 шара өткізілетінін, бүгінгі дөңгелек үстел соның бір парасы екеніне тоқталды. Алғаш сөз алған «Нұр Отан» партиясы АҚФ Саяси кеңесінің мүшесі, «Ынтымақ» депутаттық тобының жетекшісі, мәслихат депутаты Ах­метжан Шардинов: «Қазір әлем қатты саясаттанып кетті. Сол үшін Қазақстанда ұлтаралық достықты, өзара түсіністікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі, оған жүктелетін міндеттер артып отыр. Бүгін сол алдағы болатын сессияға дайындық ретінде этномәдени бір­лестіктердің басшыларын шақы­рып, олардың талап-тілектерін, ұсы­ныстарын тыңдауды ұйғардық. Елбасы қашанда «Ұлтаралық келі­сім, достық – Қазақстан халқының өр­кендеуінің негізі. Бұл ішкі сая­саттың діңгегі» дегенді айтып ке­леді. Елімізде ұлтаралық келісім нығая түскен сайын экономика да, халықтың әлеуметтік жағдайы да нығая түспек», деді. Корей этномәдени орталығы төра­ға­сының бірінші орынбасары Георгий Кан да Елбасы өзінің кезекті Жолдауында жаңа міндеттер қойып отырғанын, бүгінде ҚХА өзінің пішінін өзгертіп ке­ле жатқанын, мысалы, соңғы кездері ұжымдардағы жұмысшылармен, жастармен, әскери бөлімшелермен тығыз байланыс жасай бастағанын, бірінші рет отбасы күнін атап өткенін алға тартты. – Міне, халықтың бірлікте, ын­ты­мақта бейбіт өмір сүруіне осын­дай оң жағдайлар қызмет етеді. Мәселен, былтырғы жылы атқар­ған жұмыстарымызға сарапта­ма жа­сай келе, біздің ЭМО респуб­ликалық, қалалық, аудандық 300 іс-шараға, ал 180 рет өзіміздің этно­мәдени орталықтары өткізген шараға қатысыпты. Яғни біздер кү­нара халықты біріктіретін, соған ыңғайластыратын жалпы бұқара­лық шараларға қатысады екенбіз. Бұл сандар нені көрсетеді? Бұл – ха­лықтың бірлігін, татулығын көрсе­теді, – деді Кан. Өз кезегінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы АҚФ Саяси кеңес бю­ро­сының мүшесі Болат Ос­панов өзі қыз­мет атқаратын Алматы локомотив депосындағы ұлттар достығы жайлы тебірене сөйледі. «Бірлік пен ынтымақты айтқанда, менің ойыма достық деген жылы сөз келеді. Қандай қасиетті сөз! Қай халықта да достық туралы көп айтылады, тамаша айтылады. Бірлікті – байлық, бақыт деп білеміз. Қазақстан – ұлттар достығының мекені. Бұл құр сөз, жай әншейін мақтау емес. Көптеген ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті тіршілік кешіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. Олардың тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сақталып, оның өркендеуіне жағдай жасалып отыр. Мұның бәрі, ең алдымен, Елбасының сындарлы саясатының арқасында іске асуда. Бұл орайда, өзім қызмет атқаратын ұжымда жиырмадан аса ұлт өкілі жұмыс істейді. Депода олардың барлық салт-дәстүрін, дінін ұстауға еш бөгет жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, депода қазақ тілін жетік меңгерген басқа ұлт өкілдері жеткілікті. Бұл да үлкен достықтың бір дәлелі, – деді Болат Мұсахаджинұлы. «Ұлтаралық келісім – Қазақ­стан­ның ұлы байлығы. Қазіргі дағ­дарыс жайлаған әлемде ұлт­аралық келісімнің маңызы артуда» деп пікір білдірген Алматы қала­сын­дағы осетин этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазбек Мамсуров, ендігі жерде Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелетін міндеттер еселене түсетініне тоқталды. Сондай-ақ, алдағы 18 сәуір күні Астанада өтетін Ассамблеяның кезекті ХХІ сессиясы жаңа бағыт-бағдарды айқындап беретінін, Қазақстандағы 140-тан астам ұлт пен ұлысты біріктіріп отырған дос­тық екеніне екпін түсірді. – Алматыдағы этномәдени орта­лық­тардың басын бір жерге қосатын этноауыл құрсақ, – деді Қазбек Мамсуров. – Мұндай жоба оңтүстік астанадағы әр ұлт өкілінен құрылған 33 орталықтың ба­сын біріктірер еді. Міне, сол ауылда әр орталықтың өз қазақ үйі болса, онда тіл үйренуге, мәдени шаралар, дөңгелек үс­телдер, т.б. шаралар өткізуге болар еді. Бір атап өтерлігі, басқосуда жас­тар көп болды. Өйткені, Қазақстан жас­тары­ның да ұлттар достығы, бірлігі, өзара қарым-қатынасында атқарып жат­қан жұмыстары аз емес. Жастар қана­ты өкілдері атынан ҚР Президенті жан­ын­дағы жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Расул Ахметов өз ойын білдірді. – Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсаты – Қазақстанда тұратын барша ха­лық­тың теңдікте, бірлікте бо­луын көздеді. Сол теңдікте, бірлік­те биыл он тоғыз жыл бойы Ел­ба­сының осы саясатын алға жылжытып келеді. Кейінгі кезде Ассамблеяның этномәдени орталықтарында жастар ұйымдары да құрылды. Мемлекет басшысы әр жиында сөйлеген сөзінде еліміздің келешегі жастар деп үлкен үміт артады. Бүгінгі күні жастардың басқосуы алдағы игі істердің бас­тамасы деп айтуға болады. Бір жағымды мәлімет, жақында ҚХА-ның «Жарасым» жас­тар ұйымы тіркелмек. Бұл жастар ұйымы елдегі басқа ұлт жастарының бір-бірімен қарым-қатынасын арттырып, іс-шараларды қолға алады деген ойдамыз. Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Жолдауында жастарға өте жоғары мән береді. Сондықтан біздер Қазақстандағы ұлттардың жастарын татулыққа, бірлікке шақырамыз, – деді Расул. Сондай-ақ, жиында Алматы қала­сындағы ҚХА төрағасының орын­басары, Ауған этномәдени орталығының төрағасы Васток Ахма­дул­ла, ҚХА-ның ғылыми-сарап­тама тобы­ның мүшесі С.В.Ана­ньева, т.б. сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».