Елорда • 06 Мамыр, 2022

Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Есіл ауданын дамыту мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алтай Көлгінов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесті

«Қала тұрғындарымен жүйелі түрде кездесіп тұрамыз. Бүгін Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданды дамыту мәселесін талқыладық. Кездесуіміз ылғи да «ашық микрофон» форматында өтеді. Қатысушылар толғандырған сауалдарын қоя алады. Сұрақтар сол сияқты әлеуметтік желі арқылы да жолданады.

Кездесуіміз үш сағатқа созылып, 200-ден аса сұрақ қойылды, ұсыныстар да айтылды. Оларды орындау бойынша жоспар құрамыз. Мәселен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік нысандар, жолдар, қоғамдық кеңістіктер, инфрақұрылымдық нысандар салу, газдандыру туралы мәселелер қозғалды. Сол сияқты апатты жағдайдағы үйлерді бұзу, жарықтандыру, интернет, автобус, көгалдандыру, тығыз салынған құрылыс секілді өзге де проблемалар айтылды», деді елорда әкімі.

с

Қала әкімінің айтуынша, Есіл – қарқынды дамып келе жатқан аудан. Жыл сайын тұрғындар саны 40 мыңға артады. Мұның бәрі қаланың инфрақұрылымына айтарлықтай күш түсіреді. Осыны ескере отырып, соңғы жылдары мектеп, медициналық орталық, әлеуметтік баспана, спорт нысаны, аулалар және т.б. құрылыс көлемі айтарлықтай артты.

«Жүйелі бағыттарға толығырақ тоқталып өтейін. Есіл ауданындағы көше-жол желісіне түскен күшті жеңілдету үшін 2 көлік көпірінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ұлы Дала даңғылындағы көпірдің құрылысын биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің біту мерзімі – 2023 жыл.

Маңызды мәселелердің бірі – ауданды газдандыру. Алматы және Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Ол үшін 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды. Биыл Есіл ауданында (Үркер, Шұбар, Пригородный, Телман елді мекендері, «Family Village», «Garden Village» шағын ауданы және т.б.) осы бағыттағы жұмысты бастаймыз. Шұбар ықшам ауданында газдандыруды жобалау жұмысы жүріп жатыр. Алдымен газ құбырын, ал келесі жылы квартал ішіндегі желілерді саламыз. Мұның бәрі қала экологиясына оң әсер етеді. Сол сияқты алдағы уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүретін аудандарды жылумен қамтамасыз ету үшін ЖЭО-3 құрылысы жанданды. Қазір жергілікті 3 газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр», деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ қала әкімі электр, су беру қуатын алдын ала арттыру қажет екенін де айтты.

«Өткен жылдан бастап сорғы-сүзгі станциясының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап жаңа ССС-3 жұмысының қуатын арттырамыз. Мәселен қазір тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынатын болсақ, ССС-3-тің қуаттылығы тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден асатын болады. Сондай-ақ кәріз тазарту құрылыстарын (КТҚ-2), «Арай», «Жұлдыз» және т.б. қосалқы станцияларды жобалауды және реконструкциялауды жүргіземіз.

Келіп түскен сұрақтарды шешу мәселесін қолға алдық. Кездесуде айтқанымдай, проблемаларды шешу қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Осындай кездесулерді қаланың өзге де аудандарында өткіземіз. Аудандарды аралап, тұрғындармен кездесуді ары қарай да жалғастырамыз», деп жазды елорда әкімі.