Аймақтар • 06 Мамыр, 2022

ШҚО-да Қытайға газ экспорттауға тыйым салынуы мүмкін

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысындағы «Тарбағатай Мұнай» компаниясына Қытайға газ экспорттауға тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да Қытайға газ экспорттауға тыйым салынуы мүмкін

Аймақ басшысы Даниал Ахметов «Тарбағатай Мұнай» компаниясына ҚХР-ға газ экспорттауға тыйым салу мәселесі бойынша жиналыс өткізді.

«Бұл компания Зайсан ауданының орталығы мен бірнеше кентті көгілдір отынмен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылға дейін тағы сегіз елді мекенді газдандыру қажет. Бұл ретте қазіргі қоры ең көп дегенде 12-13 жылға жетеді. Компания басшылығы алдағы уақытта үлкен шығынға ұшырайтынын, оларды Қытайға 75 миллион текше метр газ экспорты ғана құтқаратынын айтып отыр», деді облыс әкімі.

Алайда кәсіпорын даму жоспарын ұсынбай, Зайсан ауданының тұрғындарын газбен үздіксіз қамтамасыз ететіндігіне кепілдік берген жоқ.

«Компания 2015 жылдан бастап газ бағасын 6 есе көтерді. Кәсіпорынның менеджменті көптеген сұрақ тудырады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Энергетика министрлігіне газ өндіруші компанияның бүкіл шарттары мен міндеттемелерін қайта қарауды тапсырған», деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, бейінді министрлік өкілдері мен кәсіпорын басшылығы 11 мамырда аудан тұрғындарымен кездесіп, толғандырған барлық сұрақтарға жауап беріп, Зайсанды газбен үздіксіз қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қоюы тиіс. Егер талаптар орындалмаса, «Тарбағатай Мұнай» компаниясына шетелге газ экспорттауға тыйым салынады.