Аймақтар • 06 Мамыр, 2022

Қарағандыда майдангерлерге құрмет көрсетілді

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, уақыт озған сайын кешегі күндей күркіреп өткен соғыстың көзі тірі куәгерлері азайып-ақ келеді. Мәселен, бүгінде Қарағанды облысында тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атпен қалған қанды қырғынды көзімен көрген 24 майдангер ғана қалыпты... Ұлы жеңістің 77 жылдығына орай кеншілер астанасында облыстың әкімі  Жеңіс Қасымбек майдангерлермен, тыл еңбеккерлерімен және ардагерлер ұйымдарының басшылары кездесіп, оларды мерекемен құттықтады, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандыда майдангерлерге құрмет көрсетілді

– Жеңіс күні өзінің қасиетті борышын адал атқарған миллиондаған солдат пен офицерлердің өмірімен, тыл еңбеккерлерінің жауды жеңуге өлшеусіз үлес қосқан жанкешті еңбегімен өтелді. Қарағандылықтар сонау қырқыншы жылдары жеңісті жақындату жолында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестерін орынды мақтан етеді. Біз әлемдік және ұлттық тарихтың шежіресіне өздерінің есімдерін алтын әріптермен жазған ерлерге құрмет көрсетіп, басымызды иіп алғыс айтамыз, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің қабылдауында болған ардагерлер арасында ғұмыр жасы 99-ға келген майдангер Бүркіт Есжанов та болды. Ақсақал кездесуде сөз сөйлеп, еліміздің бейбіт заманда өркендеп өсуіне тілектістігін білдірді.

Ұшқыштар училищесін бітірген Бүркіт Есжанов соғысқа 19 жасында аттанған. Ол Мәскеуді неміс-фашистерінен қорғап,  Курск шайқасына қатысқан. Соғыстан кейін солтүстік-шығыс Қытай мен Моңғолияны жапон милитаристерінен азат етуге ат салысты.

Кездесуге қатысқан ең егде майдангердің бірі 95 жасқа келген Николай Куриленко болды. Теміртауда тұратын ақсақал әлі тың екен: белсенді өмір салтын ұстанып, велосипедпен серуенге шығып тұратын көрінеді.

Еске сала кетсек, облыста майдангерлердің әрқайсына бір миллион теңгеден сыйлық жасалды.  Сонымен қатар, бір жолғы материалдық көмек тыл еңбеккерлеріне, қоршауда болған Ленинград тұрғындарына, концлагерь тұтқындарына, ерікті жалдамалыларға, соғыста қаза тапқандардың жесірлері мен әйелдеріне көрсетілді.

Кездесуден кейін облыс басшысы 97 жастағы Мария Шинкевич пен 99 жастағы Сұңғат Саттығұлов сынды майдангерлердің үйлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті.

Майданға 19 жасында аттанған Мария Шинкевич атқыштар дивизиясының мергені болыпты. Чехословакия жерін жаудан азат етіп, Ұлы  Жеңісті Прага қаласында қарсы алған. Ал 293-ші атқыштар дивизиясының миномет есебінің командирі болған Сұңғат Саттығұлов Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысып, Минск қаласын немістерден азат етіпті. Майдан даласында екі рет ауыр жарақат алғанына қарамастан, соғысқа қайта оралып отырған.

Майдангерлерге арналған бір миллион теңгелік көмек бюджет есебінен болса, «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау», «Жәйрем» КБК сынды ірі өнеркәсіптік компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлер де қарап қалмай, ардагерлерге 63 миллион теңгенің демеушілік жәрдемін көрсетті.