Қоғам • 08 Мамыр, 2022

Ардагерді мерекемен құттықтады

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» респуб­лика­лық газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі абыз басылымда айшық­ты еңбек еткен тыл ардагері алма­тылық Хамит Біржановқа арнайы барып, айтулы мерекесімен құттықтады.

Ардагерді мерекемен құттықтады

Жалынды жастық шағы ел басына қатер төнген қилы кезеңмен тұспа-тұс келген Хамит қария талай тарихтың көзі тірі куәгері.

Бейнетпен белдесе жүріп буыны бе­кіген оның тағдырына қилы күндердің шежіресін, уақыт үнін қалам-қуатымен бүгінге жеткізу бұйырған. Елуінші жылдары ел газетінде жемісті еңбек еткен ардагер сол сұрапыл жылдар туралы: «Таңатпай тұрып табанымыздан сыз өтіп жүріп, соқамен жер жырттық, талай бейнет пен қиындық көрдік», деп еске алады. Осыны алға тартқан «Егемен» басшысы қазыналы қарияны мерекесімен құттықтап, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі кейінгілер үшін өлмес өнеге екенін, басылым ұжымы ең­бек­тегі ерлігіне құрметпен қарайтынын айтып, отбасына амандық тіледі.

Еңбегі елге мұра, ұрпаққа ұран болған майдангерлермен теңестіріліп, ел дамуына екпін беретін сан салада қажырлы еңбек еткен Хамит ақсақал күні бүгінге дейін қоғамдық жұмысқа белсене арала­сып келді. Өз кәсібіне адал азамат бас ба­сылымның Қостанайдағы тілшісі болған уақытында, өңір өміріндегі өзекті жайларды қаз-қалпында баяндап, талай тағдырға араша түсті. Сонымен бірге астықты аймақтағы тың бастамалар, ел мерейін тасытқан жа­ғымды жаңалықтар ізденімпаз тілшінің қала­мынан тыс қалған жоқ. Қарымды қаламгер баспасөздегі мақалаларымен шек­теліп қал­май, аударма ісімен де айналысты.

Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі ретінде  қоғамдық жұмыстан әлі де қол үзбеген Хамит Біржанұлы ұлт бас­­­пасөзінің жанашыры. Тоқсанның тө­рін­дегі ардагер мемлекеттің қоғамдық-сая­си өміріндегі жаңа бетбұрыстарды баспасөз арқылы танып-біліп отыратынын айтып, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысына ризашылығын білдірді.

 

АЛМАТЫ