Медицина • 09 Мамыр, 2022

«Аңсаған сәби» аясында 800-ден астам ЭКҰ рәсімі өткізілді

525 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2022 жылдың І тоқсанында МӘМС жү­йесі шеңберінде экстракорпоралдық ұрық­тан­дырудың 835 рәсімі орындалды. Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорында ЭКҰ-ны медициналық сақтандыру бойынша кім және қалай өте алатындығы туралы айтылды.

«Аңсаған сәби» аясында 800-ден астам ЭКҰ рәсімі өткізілді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында атап өтілгендей, экстракорпорал­дық ұрықтандыру процедурасы жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жатады және қымбат болып саналады. Бұған дейін бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілген болатын. Алайда қаржыландыру көлемі аз болды, жылына шамамен 900-1000 квота бөлінді. Ал 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл квота санын 7 есеге – жылына 7 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Процедура МӘМС қызметтер тізбесіне кіреді, сондықтан сақтандырылған пациенттер оны тегін өте алады.

2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алдын ала есептелген сомасы 6,68 млрд теңгеге 7 мың ЭКҰ циклын қаржыландыруды көздеді.

І тоқсанның қорытындысы бойынша, 824,6 млн теңгеге экстракорпоралдық ұрық­тан­дырудың 835 рәсімі орындалды. Бұл ал­дыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда көп: 2020 жылдың І тоқсанында барлығы 59 ЭКҰ, 2021 жылдың І тоқсанында 526 цикл шығарылды.

Қорда атап өткендей, ЭКҰ қызметтерін жеткізушілер – еліміздің 9 өңірінен 19 меди­циналық ұйым, оның ішінде 18-і – жеке­мен­шік ұйым. Пациент экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. ЭКҰ қызметтерін көрсететін жеткізушілердің тізімімен Қордың ресми fms.kz сайтында «Пациент үшін» бөлімінде, әрі қарай «Емхананы таңдау» батырмасын басу арқылы танысуға болады.

Кім ЭКҰ-ға сенім арта алады?

Процедураның негізгі көрсеткіші – тера­певтік түзету мүмкін емес бедеулік. Сонымен қатар ерлі-зайыптылар да, ресми некеде тұр­майтын ерлі-зайыптылар да ЭКҰ-ға өтініш бере алады. Бірақ бұл жағдайда өзара ерікті жазбаша келісім қажет.

ЭКҰ рәсімінен Қазақстан азаматтары өте алады және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәй­кес келуі қажет:

- репродуктивті жас (18-ден 42 жасқа дейін);

- қалыпты соматикалық күй;

- қалыпты эндокриндік күй;

- қанағаттанарлық овариалдық резерв.

Қандай жағдайда ЭКҰ-дан бас тартуы мүмкін?

Науқасқа экстракорпоралдық ұрықтан­дырудан бас тарту бірнеше жағдайда болуы мүмкін:

- жүктіліктің басталуы нәтижелілігінің тө­мендеу факторлары болған кезде (имплан­тацияға және жүктіліктің дамуына кедергі келтіретін ішкі жыныс мүшелерінің даму аномалиясы, гидро (сақтосальпингстер), жатыр қуысының синехиясы, эндометриоз, аналық бездердің кисталары, обтурациялық емес азооспермия);

- жатырдың туа біткен немесе жүре пайда болған ауытқулары кезінде;

- соматикалық және психикалық бұзы­лулар кезінде;

- аналық без ісіктерінде;

- жедел қабыну ауруларында;

- кез келген локализация онкологиясы кезінде.

ЭКҰ-дан өту үшін пациенттің бағыты

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін бекітілген жері бойынша емханаға жүгіну қажет.

Пациентті тіркеу орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдары бедеуліктен зардап шеге­тін адамдарды диспансерлік науқастардың (бұдан әрі – ДНЭТ) электронды тіркеліміне енгізеді. 12 ай ішінде бедеуліктің себептерін зерттеп-қарағаннан және анықтағаннан кейін бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің тіркелген жеріндегі денсаулық сақтау ұйымдары МӘМС жүйесінде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар (ҚРТ) жүргізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің құжаттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының жоғары технологиялық медициналық қызметтер жө­нін­дегі комиссиясына (ЖТМҚ комис­сиясы) жібереді.

МӘМС жүйесінде орындалған ҚРТ емшаралары туралы деректерді ҚРТ бедеулікті емдеуде қолдануға көмек көрсететін меди­циналық ұйымдар медициналық ақпараттық жүйеге енгізеді.

ҚРТ пайдалана отырып, медициналық көмек алу үшін медициналық ұйымды таң­дауды пациент жүзеге асырады. Оң шешім қабылданған жағдайда ЖТМҚ комиссиясы емдеуге жатқызуға жолдаманы пациенттің құжаттар пакетін қоса бере отырып, емдеуге жатқызу бюросы порталында тіркейді.

Айта кету керек, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болады. МӘМС жүйесінде ЭКҰ жүргізу алдында ерлі-зайыптыларды тексеру көлемі көзделген тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

Егер сізде медициналық кө­мек көрсету сапасына қатысты сұрақтары­ңыз болса, сіз оларды өз емханаңыздағы Па­циент­терді қол­дау қызметіне қоя аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін бол­маса, онда өзіңізге ыңғайлы байланыс арна­сы арқылы Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына жүгінуге болады: ресми fms.kz сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot. Дәл осы құрал­дар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ меди­циналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәр­те­беңізді тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақ­парат» мемлекеттік қызметі арқылы біле аласыз.