Мұхиттың арғы бетінде жалауы желбіреген PFL турнирінде 29 жастағы Зәмзагүл Файзолланова өзінің тұсаукесер кездесуін өткізді. Кезінде еліміздің танымал дзюдошыларының бірі болған Шығыс Қазақстан облысының тумасы 2015 жылдан бері аралас жекпе-жекпен шұғылдануда. «Бопай» деген бүркеншік есіммен танылған қазақ қызы сол аралықта сегіз кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана ұтылған еді. Бұл жолы Зәмзагүлдің жолы болмады. Ол 27 жастағы Ларисса Паченкомен күш сынасты. Бразилия өкілінің осы спорт түрін серік еткелі 10 жылдан асты. Сол кезден бері ол 20 рет октагонға шығып, 16 мәрте жеңіс тойын тойлады. Өкінішке қарай, Арлингтонда өткен бәсеке ұзаққа созылмады. Паченко бірінші раундта-ақ Файзолланованы ауыр соққылардың астына алып, айқын жеңіске қол жеткізді.
Екатеринбургтегі RCC 11 турнирінде Ілияс Хамзин Виктор Фигейредомен айқасты. Ресейдің Омбы облысында туып-өскен қандасымыз қарсыласын бір минутқа жеткізбей ұрып жықты. Осылайша, Ілияс қатарынан төртінші жарыста Бразилиядан келген спортшыларды сан соқтырды.