Аймақтар • 09 Мамыр, 2022

Бүгін Қарағанды облысында соғыс ардагері жүз жасқа толды

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңіс күні Қарағанды облысының Осакаровка кентінде ҰОС ардагері Николай Медведев 100 жасқа толды, деп хабарлайды Egemen.kz. Ардагерді ауыл тұрғындары, аудан әкімі Нүркен Көбжанов ғасырлық мерейтойымен құттықтады.

Бүгін Қарағанды облысында соғыс ардагері жүз жасқа толды

Соғыс басталған кезде Николай Медведев Алматы темір жол техникумының үшінші курс студенті болды. 1941 жылы тамызда ол әскерге шақырылды. Атыс полкіндегі жаттығулардан кейін майданға аттанған. Сталинград түбіндегі шайқаста алғаш рет жауға қарсы шыққан. 43-ші жылы ұрыстардың бірінде снаряд жарықшағы тиіп, жарақат алды. Госпитальда емделгеннен кейін әскерге қайта оралды.

Курскіден Польшаға дейін жеткен. Жеңісті Берлин маңындағы Гюстров қаласында қарсы алды. Жауынгерлік еңбегі үшін Николай Медведев Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Әскерден оралғаннан кейін Осакаров ауданына қайта оралды. 1946 жылы Пионер ауылдық кеңесі атқару комитетінің бірінші төрағасы болып сайланды. Содан кейін көп жыл аудандық байланыс торабында жұмыс істеді.

Ардагер жауынгерлік наградаларына қоса «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарына қол жеткізді. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай Николай Медведевке Осакаровка кентінің құрметті азаматы атағы берілді.

Аяна Тоғанбек