Қазақстан • 11 Мамыр, 2022

Шаханға шаһардан көше бұйыра ма?

646 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осы жұрт 16 шумақ өлеңі үшін 18 жылға сотталған ақын, Қазақ КСР-нің халық әртісі Шахан Мусинді біле ме екен?.. Басқа-басқа, жерлестері – павлодарлықтар тарихи тұлғаны әспеттеп жүр ме? Солай болса, неге әлі күнге дейін облыс орталығында көше былай тұрсын, бір мәдени орталықтың есімі Шаханның есімімен аталмайды? Осы күнге дейін бірде-бір іс-шара ұйымдастырылғанын да естімедік, көрмедік. Туған топырағы – Май ауданының белсенділері неге үнсіз? Әлде алыстағы Алматыдан берілген қысқа көшеге шүкіршілік етіп отыр ма?

Шаханға шаһардан көше бұйыра ма?

Несін жасырамыз, насихат жұ­мыстары жүргізілмегендіктен Кере­кудің қазіргі жастары Ша­­хан Мусинді білмейді де. Ға­ламтордың көмегіне жүгінсе де толымды ақпарат табуы екіталай. Олардың кінәсі жоқ. Жо­ғарыда айттық қой, ешқандай шара ұйым­дастырылмағандықтан жұрт­­шылық қандай да бір мағ­лұматтан мақұрым. Әйтпесе, өңірде тірі адам­дардың құрметіне мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп жатады. Шахан Мусиннің рухына тағзым етіп, жылына бір рет болсын ауқымды кеш ұйымдастыруға кім кедергі? Бұл жерде пандемияны сылтау ете алмаймыз. Ел үшін еңбек еткен, күрескен ерлердің есті дүниелері ескерусіз қалып ескіріп бара жатқаны өкінішті-ақ.

Біреу білер, біреу білмес Ша­хан Мусин 1913 жылы жел­тоқсанда Пав­лодар облысы Май ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. 1932 жылы оқудан туған жеріне оралған ол аштықтан қынадай қырылған халқын көріп, ет жүрегі езіліп, әділдік іздеп «Наркомға хат» деген өлең жазады. Сол өлеңі үшін сотталып, 10 жыл Колымаға, 8 жыл Сібірге айдалып, өмірінің 18 жылын тар қапаста өткізеді.

Ақынның жары, белгілі ғалым Рәбиға Сыздықова естеліктерінің бірінде: «Шахаң ең алғаш ГПУ-дың түрмесіне 1936 жылдың 6 қаңтарында қамалады, ұсталу себебі – Семейде Кеңес  өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым болыпты-мыс, біраз адам ұсталады. Мәс­Кеудің өзінен КСРО Жоғарғы сот комиссиясы келіп тексеріп, ересектерді  3-5 жылға соттай­ды, ал Шахаңа шартты түр­де екі жыл беріп, босатып жібереді. 22-23-тердегі бойдақ жігіт ұлтшылдық әрекетпен көп нәрсені қиратып тастамаған болар десе керек. Бірақ көп ұзамай 1937 жылдың басында тағы қамайды, бұл жолғы айыбы: Семейде контрреволюциялық жастар ұйымы болыпты-мыс, соны ұйымдастырушылардың бірі Шахан Мусин болыпты-мыс. Сөйтіп, түрме есігін екінші рет ашады. Колымадан аман келіп, енді азат өмірге көштім бе деп жүргенде, 1948 жылы түрмеге үшінші рет тағы қамалады. Ол – бұрын сотталып, айдалғандарды қайтадан ұстап 25 жылға Сібірге жер аудару науқаны басталған кезең болатын», дейді.

Тар қапастан 1954 жылы босап шығып, сол уақыттан бастап өмірінің соңына дейін 45 жыл бойы театр сахнасынан түспей, мәдениет саласының үздіктері қатарынан табылады.

Бірде белгілі ақын Қалижан Бек­хожин Шахаңнан:

– Шахан, сен осы түріңді бер­мей, аса қартаймай қалай сақта­лып жүрсің? – деп сұраса, Шахан:

– Е, етті бұзылмасын деп мұздат­қыш­та сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 45-50 градустық қақаған аязы бар, қысы 9 айға дейін созылатын табаныңнан өткен ызғар миыңнан бір-ақ шығатын суық жерде сақтады. Екіншіден, диета сақтаған адам көп ауырмастан дене бітімі бірқалыпта қартаймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар ашқұрсақ ұстады. Үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, жүйкесі тыныш болсын деп 10 жылдап төрт бұрыштан төрт күзетші мылтық ұстап күзе­тіп тұрды, мен сақталмай, кім сақ­талады?! Менімен бірге бол­саң, сен де қартаймас едің, – депті.

п

Ш.Мусин жайлы естеліктер көп. Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Мен Шахан Мусиннен өмір­де де, өнерде де көп нәрсе үйрендім. Ол кісі ішкі мәдениеті жоғары, көргені көп, ақынжанды азамат еді. Біз сол кездері жастар едік, ол кісі бауырына тартып, еркелетті» деп еске алады.

Жаза берсек, өз ұлтының адал перзенті Шахан Мусин жай­лы мағлұмат жетерлік. Де­се де, әлі толық зерттелген жоқ. Бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылып жатыр екен деген оймен туған жері – Май ауданындағы зиялы қауым өкілдеріне хабар­ластық.

Ақжар ауылының тұрғыны, жер­гілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Халида Құрмашеваның айтуынша, 2013 жылы Шахан Мусиннің 100 жылдығы ауыл көлемінде ғана атап өтіліпті. Содан бері үнсіздік жайлапты.

– Биыл ауылішілік жиналыс­та тұрғындар «неге даңқты жер­лесімізді қадірлемей жүр­міз?» деп батыл қадамдарды жасауға оқталды. Бүгінде ауыл мектебіне есімін беру, мектеп алдына мү­сінін қою сияқты жұмыстарды қолға алу көзделуде. Сәтін салса, алдағы жаңа оқу жылында мектеп алдында ақынның мүсіні бой көтереді деген сенім мол. Негізі осыдан 4-5 жыл бұрын мектепке Шахан Мусиннің аты беріледі деп сүйінші хабар жеткен болатын. Бірақ белгісіз себеппен жабулы қазан күйінде қалды. Келесі жылы Шахан Мусиннің туғанына – 110 жыл. Сондықтан құзырлы органдар үлкен шаруа­ларды атқарса деген тілегіміз бар. Біз, ауыл тұрғындары өз тарапымыздан бірлігімізді танытып, мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыруға атсалысуға дайынбыз! – дейді зейнеткер.

Сауалымызды облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту жә­не архив ісі басқармасына да жолдадық. Басқарма басшысы­ның орынбасары Медет Тауасқан көшеге яки нысанға тұлғаның есімін берудің өз реті бар екенін айтты.

– Қолданыстағы заңнамалық ак­ті­­лерге сәйкес мекемелерге жеке адамдардың есімін бе­ру мәсе­лесі Рес­публикалық оно­мас­тика ко­мис­сиясының оң қо­ры­тындысына сәйкес, ел Үкі­метінің қаулысы негізінде беріледі. Ең әуелі комиссияға жеке адамның есімі берілетін мекеменің ұжымдық келісімінен кейін ғана жолданады. Бұл ретте осы уақытқа дейін Май ауданының атқарушы органдары тарапынан аудандық мәдениет үйіне Шахан Мусиннің есімін беру туралы ешқандай құжаттар түскен жоқ. Көше беру ісі де Үкіметтің қаулысымен бекітілген тұрғындардың пікірін ескеру қағидасына сәйкес арнайы өткізілетін көпшілік тыңдауларда реттелетінін атап өткен жөн. 2018 жылдан бастап көшелер мен нысандарға кісі есімін беру жұмыстары Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясымен мақұлданып, Президент Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізімі бойынша жүргізілуде. Тиісті органға ол тізімге Шахан Мусинді кіргізу жөніндегі ұсыныс хат жолданғанымен, енгізілмеді. Алдағы уақытта тізім бойынша толықтырулар мен өзгерістер орын алған жағдайда бұл мәселені ескеретін боламыз, – дейді Медет Тауасқан.

Басқарма басшылығы биыл екінші жартыжылдықта Ша­хан Мусиннің 110 жылдығы қарсаңында Май ауданында «Қазақтың аялы азаматы» атты портреттік кеш, «Сахна өнерінің сардары – Шахан Мусин» танымдық сағаты, кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, көркем фильмдер көрсетілімі және шығармашылық кештер ұйымдастыру жоспарланғанын хабарлады.

Бұл мәселемен Май ауданы­ның әкімі Ағыбай Әміринге хабарластық. Оның айтуынша, аудан жұртшылығы Шахан Мусиндей заңғар тұлғасын ұмытпақ емес. Соңғы жылдары жергілікті тарихшылар, журналистер, қоғам белсенділері шама-шарқынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

– Ақжар ауылдық мектебінің алдына қойылатын мүсін да­йын десе де болады. Мүсін қойылмастан бұрын мектепке есімі берілсе деген тілегіміз бар еді. Әзірге құзырлы органдармен байланыс орнатып, есім беруге байланысты құжаттарды реттеп жатырмыз. Оның да өзіндік тәртібі, талабы бар. Бір күнде шешілетін мәселе емес. Жалпы, Шахан Мусиннің ғибратты ғұмырын насихаттау жұмыстары үздіксіз жүргізілетін болады, – деді аудан басшысы.

Иә, келесі жылы Шахан Му­синнің туғанына – 110 жыл! Пав­лодарлықтарға даңқты жерлесін құрметтеп, елеп-ескеру үшін жеткілікті уақыт. Әлде тағы 10 жыл қажет пе екен?! Бір реттік мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастырумен, аста-төк ас берумен іс бітпейді. Тарихи тұлғаның есімі көшеге немесе мәдениет ордасына берілсе, өскелең ұрпақтың болашағына қамқорлық деген сол болмақ. Ғибратты ғұмырын насихаттау­ды да ұмыт қалдырмаған жөн.

 

Павлодар облысы