Ауданның Құрметті азаматы 75 жастағы Өмірзақ Исағұловтың бастамасымен өткен спорттық шараның мақсаты айқын. Қазыналы қарттар саламатты өмір салтын насихаттап, жастарға патриоттық рух сыйлауға ұмтылды. Әйтпесе, әуре болмай, жанын күтіп үйде тыныш жатуға да болатын еді. Ұрпағының кемел келешегіне алаңдайтын қариялардың әрекеті осындай болса керек.
Велошеруде 85 жастағы Түлкібай Колумбаев, 84 жастағы Сайлаш Жұпбаева, 80 жастағы Әскен Дүйсекеев, 70 жастағы Құрмаш Қобайдаров, 65 жастағы Сейтжан Батталов та белсенділік танытты. Ардагерлерді қолдап, көпбалалы ана Зарина Мукина да қатардан табылды. Олар Жаңатаң ауылынан аудан орталығына дейін велосипедпен жүріп өтті.
Аудан әкімі Абзал Балғабаев жастарға өр рух беріп, саламатты өмір салтын нәсихаттауға атсалысқан ардагерлерге алғысын білдірді.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы