
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Сәл шегініс жасап, осы жылдың 20 наурызындағы жағдайға оралайық. Петропавл қаласындағы №2 жылу-электр орталығында апат орын алды. Түтін шығатын құбыр құлады. Бір адам қаза тапты. Сөйтсек, осыдан 60 жыл бұрын салынған конструкция әбден тозған екен. Ал тозған дүниенің тоқтауы көп. Демек ақаулы энергетикалық жүйелерді реттемейінше алаңдатарлық ахуал жалғаса бермек.
– Сондықтан энергетика жүйесін модернизациялауға ғана көңіл бөлмей, сол жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету де маңызды. Ерте ме, кеш пе, бұл мәселе де алдымыздан шығады. Өйткені ел экономикасындағы стратегиялық сектор саналатын энергетикада кадр тапшылығы өзекті. Бұған сала қызметкерлеріне төленетін еңбекақының аздығы себеп, – дейді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
2020 жылғы ресми дерекке сүйенсек, еліміздің энергетика саласында 102 мың адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақысы республикадағы көрсеткіштен 26 пайызға төмен. Яғни елдегі орташа айлық еңбекақы 264 мың теңгеге тең болса, энергетиктердің орташа айлық еңбекақысы 195 мың теңге көлемінде. Ал бұл көрсеткіш іргеміздегі Ресейде 306 мың теңгені құрап отыр. Сонда ресейлік энергетиктер біздің еңбеккерлермен салыстырғанда айлықты 36 пайызға көп алады.
– Осының салдарынан білікті энергетиктер басқа салаға ауысып кетеді. Ал шекаралас өңірлердің мамандары Ресейге қарай ойысады, – дейді мәжілісмен.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назар аударғаны есімізде. Осыдан тура бір жыл бұрын электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент былай деген еді: «Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны болғанына қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы – шамамен 50 жаста. Оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен. Соның салдарынан 2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті. Бұл мәселені жедел түрде шешу керек. Әйтпесе, бірнеше жылдан кейін кадр тапшылығы мәселесі ушыға түседі. Үкіметке осы саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу деңгейін қалыптастыру үшін шаралар қабылдауды тапсырамын».
Д.Тұрғановтың айтуынша, бүгінде еңбекақы төлеуге қатысты күрделі жағдай электр энергиясын беруді жүзеге асыратын ұйымдарда, оның ішінде өңірлердегі электр желілік компанияларда қалыптасып отыр. Бұлар табиғи монополиялар субъектілеріне жатады. Мұндай ұйымдардағы еңбекақы елдегі энергетиктердің орташа жалақысынан да, аймақтағы орташа жалақыдан да төмен.
– Мәселен, «Алатау жарық компаниясындағы» өндірістік персоналдың орташа жалақысы (198 мың теңге) өңірдегі орташа жалақыдан (305 мың теңге) 54 пайызға төмен. «Павлодар электржелілік тарату компаниясындағы» өндірістік персоналдың орташа жалақысы (128 мың теңге) облыстағы орташа жалақымен салыстырғанда (225 мың теңге) 75 пайызға аз. «Оңтүстік жарық транзит» компаниясындағы өндірістік персоналдың орташа жалақысы (96 мың теңге) өңірдегі орташа жалақыдан (209 мың теңге) 118 пайызға төмен. Осының салдарынан өңірлік электр желілік компаниялардағы персоналдың жетіспеушілігі ел бойынша орта есеппен 11-16 пайызды құрап отыр. Кейбір өңірлерде бұдан да жоғары. Айталық, «Алатау жарық компаниясындағы» персоналдың жетіспеушілігі 34 пайызға жетті, – дейді Мәжіліс депутаты.
Шынында да, жағдай мәз емес. Мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдамаса, энергетика кәсіпорындары жақын уақытта жүйенің тұрақтылығын сақтайтын аз ғана инженерлік-техникалық персоналдың өзінен айырылып қалғалы отыр.
– Аталған мәселені сала қызметкерлері де бірнеше рет көтерді. Жағдайды жедел реттемесе, сала біржола құлдырауы мүмкін. Энергетика экономиканың маңызды секторы бола тұра, біздің елде әлі күнге дейін саланы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы әзірленбеген. Саладағы көп кемшіліктің бәрі осыдан туындап отыр, – дейді дәл осы мәселе бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Д.Тұрғанов.
Депутаттық сауалға жауап берген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың дерегіне сүйенсек, 2021 жылы энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді түзету кезінде өндірістік персоналдың жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдаған. Яғни 15 пайызға арттыру көзделген. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің жылу энергиясын өндіру тарифтерінде еңбекақы төлеу қорын жыл сайын 4 пайызға арттыру қарастырылған.
– Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылу-электр орталықтарындағы өндірістік персонал жалақысының орташа өсімі шамамен 10 пайызды құрады. Сонымен қатар Энергетика министрлігі, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы мен салалық кәсіподақтар арасында қол қойылған 2022-2024 жылдарға арналған салалық келісім шеңберінде энергетика саласы қызметкерлерінің, оның ішінде энергия беруші ұйымдардың жалақысын көтеру көзделіп отыр. Сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган статистика деректерінің негізінде экономикалық қызмет түрлері бойынша өңірлер бөлінісінде өндірістік және әкімшілік-басқару персоналының орташа айлық жалақысын айқындау жөніндегі талапты белгілеу үшін тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін қарайды, – деп хабарлады Үкімет басшысы.
Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбас та кадр тапшылығы мәселесін үнемі көтеріп келеді. Алайда әзірше энергетиктердің үніне құлақ асқан ешкім жоқ.
– Энергетика нысандарындағы апаттардың бірден бір себебі кадр тапшылығында жатыр. Білікті кадрлар аз, мамандар тұрақтамайды. 2015-2021 жылдар аралығында энергетика саласындағы кадрлардың тұрақсыздығы 4 пайыздан 17,7 пайызға өсті. 4-5 жылдық тәжірибесі бар мамандардың өзі басқа салаларға ойысуда. Бұл жақсы тенденция емес. Кәсіпорын штатының жасақталуы орташа есеппен 80-85 пайызды құрайды. Яғни энергетика нысандарына қажетті персоналдың бестен бірі жетіспейді, – дейді Оразбек Бекбас.
Жоғары энергетикалық жүйелердің ескіргенін айттық. Мұндай сипаттаманы кадрларға қатысты қолдансақ та болады. Өйткені соңғы жеті жылда энергетика кәсіпорындарындағы қызметкерлер «қартайып» барады. Жас кадрлардың үлесі азайып, 50 жастан асқан мамандардың үлесі көбейіп келеді. Саладағы 60 жастан асқан қызметкерлердің үлесі шамамен 8 пайызға тең. Сондай-ақ қызметке қабылданған адамдардың 40 пайызы алғашқы жылы-ақ жұмыстан шығып кетеді екен.
– Заңнамаға сәйкес, энергетика кәсіпорындарының еңбекақы төлеу қоры тарифтік сметамен шектелген. Тарифтік сметаны арттыру үшін реттеуші органдардың келісімі қажет. 2021 жылы елдің энергетикалық кәсіпорындары тарифтің шығын бөлігіне әкімшілік және өндірістік персоналға өңір бойынша орташа жалақы деңгейінде және персоналдың нормативтік саны көлемінде жалақы төлеуге арналған шығыстарды қосуға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бірақ әзірге бұл әрекеттер нәтижесіз. Сол себепті компаниялар энергетика саласында жұмыс істемеген тәжірибесіз, қажетті біліктілік деңгейі жоқ қызметкерлерді қабылдауға мәжбүр. Энергетикадағы мамандарды даярлау деңгейі жыл сайын артып келе жатқан жүктемеге, өндірістегі жобалардың күрделілігіне және оларды іске асыру жылдамдығына жауап бермейді. Салдарынан жұмыс мерзімі бұзылады. Яғни нысандарды тапсыру және енгізу уақыты кешеуілдейді, – дейді Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының төрағасы.
Рас, қазір энергетиктердің беделі бұрынғыдан да төмендеп кетті. Жастар энергетикаға барғысы келмейді. Сондықтан маман даярлаудан басқа, мамандар үшін сапалы еңбек жағдайын жасау да маңызды.