Спорт • 12 Мамыр, 2022

Қыздарымыз жарысты жеңіспен бастады

122 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның Ыстанбұл қаласында шы­мыл­­дығы түрілген бокстан әйелдер ара­­сындағы әлем чемпионатының ал­ғаш­­қы күндері Қазақстанның екі был­ғары қолғап шебері шаршы алаңға шы­ғып, екеуі де өз жанкүйерлерін қуантты.

Қыздарымыз жарысты жеңіспен бастады

Жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып 70 кило салмақтағы Валентина Хальзова өнер көрсеткен еді. Әлем чемпионы деген дардай атағы бар ол Кениядан келген Лор­на Куса Симбиді бірінші раундта-ақ екі рет нокдаунға жіберіп, айқын жеңіске қол жет­кізді. Келесі кезеңде Хальзова Оңтүстік Ко­рея­ның өкілі Сужин Сеонмен сайысқа түседі. 

48 кило салмақтағы Алуа Балқыбекова канадалық Приянки Дилонмен қолғап түйістірді. Азия чемпионатында алдына жан салмаған аруымыз Үйеңкі жапырақтары елінің былғары қолғап шеберін оңай еңсерді. Барлық бес төреші де қазақ қызының мықтылығын мойындады. Алдағы күндері біздің бұрымдылар төменде есімдері аталған боксшылармен күш сынасады:

50 кило: Назым Қызайбай – Ингрит Валенсия Виктория (Колумбия), 52 кило: Жайна Шекербекова – Мелоди Варгас (Пуэрто-Рико), 54 кило: Дина Жоламан – Мария Конде (Испания), 57 кило: Карина Ибрагимова – Клаудия Нечита (Румыния), 60 кило: Римма Волосенко – Шона Витвелл (Англия), 63 кило: Аида Әбікеева – Имане Хелиф (Алжир), 66 кило: Дариға Шәкімова – Навбахор Хомидова (Өзбекстан), 75 кило: Надежда Рябец – Бусра Исильдар (Түркия), 81 кило: Гүлсая Ержан – Олеся Крисюк (Украина) және +81 кило: Ләззат Күнгейбаева – Сеннур Демир (Түркия).

Естеріңізге сала кетейік, аталған жарыс 20 мамырда өз мәресіне жетеді. Әлем чемпионы атанған боксшылар 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алса, финалға шыққандар 50 мыңды қалтаға басады. Ал қола жүлдегерлерге 25 мың доллар тиесілі.