
Ерлер бәсекесінде 73 кило салмақта күш сынасқан Алексей Чуркин күміс медальды мойнына ілді. Қоссайыстың қорытындысы бойынша ол 329 (146+183) килолық зілтемірді тік көтерді. Оның басты қарсыласы Ризки Джуниансиа еді. Индонезия спортшысының осы жарысқа керемет бабында келгені бірден аңғарылды. Жаттығудың екі түрі бойынша да мінсіз өнер көрсеткен Ризки Чуркиннен 12 кило артық салмақты еңсеріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Қола медальды америкалық Райана Генри Гримсланд иеленді.
Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлдені Айсамал Сансызбаева салды. +87 кило салмақта өнер көрсеткен қазақ қызы 252 (112+140) килолық нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Ол тек Оңтүстік Кореяның қос ауыр атлеті – Пак Хежен (120+161) мен Ким Хеннен (108+145) қалып қойды. Өкінішке қарай, өзге отандастарымыздың ешбірі жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.
Әйелдер арасындағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде Мексика құрамасының мерейі үстем болды. Олар 1 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Екінші орында – Үндістанның өрендері. Олар түрлі түсті медальдардың әрқайсысын бір-бірден иеленді. Қоржынында 1 алтын мен 1 күмісі бар Түркия мен Оңтүстік Корея үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісті. Ерлер сайысында Арменияның (2+2+1) алдына ешкім түсе алмады. Екінші орында – Украина (2+0+1). Түркия (1+2+1) үшінші сатыға жайғасса, Өзбекстанның (1+1+0) зілтеміршілері төртінші орынға табан тіреді.