Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста Бейнеу ауданы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 10 сәуірдегі №124 қаулысына сай республикадағы әлеуметтік дамуы артта қалған 30 ауданның санатына енгізілген, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын, 24,4 мың тұрғыны бар, облыс орталығынан 500 км. шалғайда жатқан шағын аудан болатын. Ол кезде ауданның өз табысы қажетінің үштен біріне ғана жететін. Халқының 87%-ы “Астрахан-Маңғышлақ” су құбырының бойындағы ауыз су түгілі мал суаратын су да шықпайтын шөлейт аймақта орналасқан.
Тәуелсіздік жылдарында аудан халқы екі есе өсіп, 48,3 мыңға жетті. Өткен жылы туған бала саны еліміз егемендік алған 1991 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге көбейді, шетінегені 2,5 есе азайды.
Жаңадан 5 ауылдық округ құрылды. Ауылдардағы мектеп, балабақша, дәрігерлік қызмет көрсету орындары қалпына келтіріліп, теледидар мен телефон байланысы орнатылды, су резервуарлары салынып, су тазартатын қондырғылар қойылды. “Бейнеу-Сыңғырлау”, “Сыңғырлау-Ақжігіт”, “Қарағайлы-Сам”, “Сам-Тұрыш”, “Қарағайлы-Ноғайты” су құбырлары тартылды. “Бейнеу бөгеті” тұрғызылып, орталыққа дейін 8,4 км. құбыр жүргізіліп, мал суаратын арнайы суат салынды. Ел былтырдан бері құтыға құйылған “Қарағайлы” шипалы суын тұтына бастады.
1991 жылы аудан орталығы газдандырыла бастаса, 2001 жылдың күзінде орталықтан 72 км. қашықтықтағы Тұрыш елді мекеніне табиғи газ келді. Сөйтіп, кезең қиындығы мен қаржы тапшылығына қарамастан, негізінен халық пен демеушілердің қаражатына жаңа ғасыр басында аудан, облыста алғашқы болып толықтай газдандырылды. Бұл басқасын айтпағанда, отын проблемасын түбегейлі шешті, бұрынғы жылуы жоқ, шығыны көп орталық қазандықтар мен өзі қымбат, тасымалы қиын көмірден құтқарды.
Жаңадан 6 орта, 1 бастауыш мектеп ашылды, 4 орталау мектеп орта мектеп болып қайта құрылды, 11 мектепке спорт залы, 12 мектепке 138 сыныптық қосымша құрылыс салынды. Қазір аудандағы 22 білім беру мекемесінде 12005 бала оқиды. Лицей мен гимназияның үздік оқитын 22 оқушысына аудан әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалды.
2007 жылы Бейнеуде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін “Психологиялық-педагогикалық оңалту кабинеті” ашылып, оған лицейдің жаңадан салынған ғылыми-әдістемелік орталағының ғимараты уақытша берілді. Бұл мекемеге кәсіптік мектептің қазіргі ғимаратын беру жоспарланған. Өкінішке қарай, былтыр басталуға тиісті құны 744,5 млн. теңге болатын кәсіптік лицейдің 200 орындық жатақханасы бар жаңа оқу корпусын салу қаржы дағдарысына байланысты Үкіметтің шешімімен кейінге қалдырылды.
Аудан тұрғындарына 84 дәрігер мен 283 арнаулы орта білімді маман 32 мамандық бойынша қызмет көрсетеді, мемлекеттік 3 аурухана, 5 емхана, 4 дәрігерлік амбулатория, 5 медпункт, жекеменшік 4 дәріхана мен 11 дәріханалық пункт, 10 тіс емдейтін кабинет, үш дезинфекциялық мекеме, 10 төсектік емдеу орны бар неврологиялық кабинет жұмыс істейді.
Тұрыш, Сам, Төлеп ауылдарында типтік жобадағы емдеу орындары тұрғызылып, Ноғайтыдағы медпункт жаңа ғимаратқа көшірілді. Аудан орталығында 40 орындық перзентхананың құрылысы басталды.
Облыс орталығынан 600 км. қашықтықта орналасқан Боранқұлдағы ауылдық аурухана 2005 жылы жедел жәрдем бөлімшесі бар аудандық аурухана болып қайта құрылды. Өткен жылы облыс бойынша “Жылдың үздік ауруханасы” атағын жеңіп алған бұл емдеу орнына былтыр демеушілер қаржысына 20 төсектік жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Аурухананың бұрынғы ғимаратын емхана етіп қайта жарақтандыру үстіміздегі жылдың жоспарына енгізілді.
Бейнеуде 100 орындық “Сауықтыру балабақшасы” жұмыс істейді, Боранқұл балабақшасында 25 балалық “Сауықтыру тобы” бар.
Ауданда 3 мәдениет үйі, 8 ауылдық клуб, 12 кітапхана, 5 мұражай, 2 стадион, 20 спортзал, 19 спорт алаңы жұмыс істейді. “Алтыбақан” этнографиялық ән-би ансамблі, “Арай” вокалды-аспапты ансамблі мен “Жауқазын” би ансамблі, Ақжігіт драма ұжымы тұрғындарға мәдени қызмет көрсетеді, 6 спорт шебері мен 23 спорт шеберлігіне үміткер бар.
Инвесторлар қаржысына Боранқұлда 200 орындық клуб, Бейнеуде 60 орындық “Телетеатр” салынды. Бейнеудегі орталық кітапхана жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазір бұл кітапхананың электрондық байланыс жүйесі арқылы республика аумағындағы кітапханалардан қажетті материалдар алып, пайдалануға мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда қолда 3861 бас сиыр, 152564 бас қой мен ешкі, 6954 бас жылқы, 12991 бас түйе бар. Бұл жекешелендіру басталған 1994 жылғы есепке алынған малдан көп. Шаруашылықтарға қызмет көрсететін екі “Ауылдық тұтыну кооперативі” мен “Сервистік дайындау орталығы”, 220 фермер қожалығы жұмыс істейді.
Қазір аудандағы 1835 кәсіпкерлік нысанында 7 мыңға жуық адам еңбек етеді. Бұл – еңбекке жарамды халықтың төрттен бірі. Кәсіпкерлік нысандары өндірген өнім 2,8 млрд. теңгеге жетіп, барлық өндірілген өнім мен қызметтің 56%-ын, төленген салық көлемі 1 млрд. теңгеге жетіп, аудан бюджетінің 54%-ын құрады.
Сыйымдылығы 100 мың тонна бидай сақтайтын элеваторы және қуаттылығы 90 мың тонна ұн мен 30 мың тонна жем шығаратын цехы бар жобалық құны 6,9 млрд. теңге болатын “Бейнеу астық терминалының” құрылысы басталды. Бұл терминал үстіміздегі жылы іске қосылып, онда 300-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Бейнеуде күніне 1,5 тонна 6 түрлі нан өнімдерін шығаратын наубайхана іске қосылды. Жақын күндері “Раушан” шаруа қожалығының Бейнеудегі 20 тонналық мұздатқышы бар мал сою пункті пайдалануға беріледі. “Бейнеу сүт зауытына” қажетті құрал-жабдықтар сатылып алынып, коммуналдық меншіктен ғимарат берілді. Үстіміздегі жылы зауыт өнім шығара бастауға тиіс.
Аудандық сот пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі, салық комитеті мен ішкі істер бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы мен Әділет бөлімі уақыт талабына сай келетін қолайлы ғимараттарға көшірілді. Малдәрігерлік инспекциясы мен әлеуметтік қорғау бөліміне, Бейнеу ауылдық әкімдігі мен бизнес орталығына жаңадан ғимараттар салынды.
Өткен жылы 39984 шаршы метр болатын 319 жекеменшік тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл барлық күш “Тұрғын үй-91” бағдарламасын орындауға жұмылдырылған 1989 жылғыдан 6,6 есе көп.
Биыл “Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ” магистралды газ құбырын салу жұмыстарына республикалық бюджеттен 7,6 млрд. теңге бөлінді. Жылына 5 миллиард текше метр газ тасымалданатын бірінші кезегінің құрылысы 2011 жылы аяқталатын бұл газ құбырының 122,5 километрі біздің аудан аймағы арқылы өтеді.
Құны 7,6 млрд. теңге болатын 122 км. “Боранқұл-Бейнеу” асфальт жолы салынып, пайдалануға берілді. “Бейнеу-Ақтау” автожолын қайта жаңғырту жұмыстарын республикалық бюджет пен Азия Даму банкінің қаржысы есебінен 2013 жылға дейін бітіру жоспарланып отыр.
“Бұл аудан кезінде ертелі-кеш тапырақтап, өкпесі өшкенше жүгіріп социалистік деген жарыстың қызыл тулы жеңімпазы атанса да қиындықтан, қып-қызыл құрмет грамотасының иегері болса да қысылып-қымтырылудан арыла алмады. Өйткені, қызыл ту қаншама желпініп желбірегенімен, бетіне сортаңы шығып, ақ тозаң болып жатқан әлеуметтік мәселелерді, шаңырағы шайқалып тұрған шаруашылық проблемаларын көлегейлеп, көрсетпей қала алмады”, – деп жазған еді 1992 жылы “Егемен Қазақстан” газетінде белгілі ақын Темірхан Медетбеков.
Тәуелсіздігіміздің арқасында республикадағы әлеуметтік-экономикалық дамуы кенже қалған 30 ауданның санатынан шығып, өз табысы өз қажетін өтеуге жететін, экономикасы сауыққан, әлеуметтік саласы оңалған аудандар қатарына қосылдық. Барлық жерде меншік иесі қалыптасып, елді мекендер көріктеніп, көз алдымызда қайта жаңғырып, өркениеттің үрдісімен бой түзеп келеді. Ең бастысы, кешегі екі өкпемізді қолымызға ұстап жүгіргенде жеткізбеген “коммунизм елесінен” күдерімізді біржолата үзіп, “әркімнің қажетіне қарай ...” деп басталатын ортақ көсемдердің өсиетінен безініп, “еңбек етсең ерінбей...” деп айтылатын өз ақсақалдарымыздың ақылына біржолата құлақ қойдық.
Дегенмен, қалай айтсақ та, ауданда әзір қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай заман орнаған жоқ. Бірақ сонау отызыншы жылдардың аштығы мен жалаңаштығын, қуғыны мен сүргінін басқа аймақтарға қарағанда көбірек көрген Бейнеу өңірінің бүгінгі ұрпағы сары уайымға салынып, еңсесін түсірмейді, қиындықты қалайда жеңіп шығуды мақсат тұтып, маңдай терлетіп еңбек етуде. Елбасымыз ұсынған “2020 Стратегиялық жоспары” олардың қажырына қайрат қосып, намысын қайрап, ертеңгі күніне деген үмітін ұлғайта түсті. Ел ертеңіне сенімді, бәрін де түсінеді, тек біздер, билік басындағылар, алдарқатып жүріп уақыт оздырамыз деп ойламауымыз керек.
Елбасы пәрменімен жасақталып, батыс аймақтарды аралаған, құрамында Бибігүл Төлегенова бастаған өнер саңлақтары бар “Менің Қазақстаным” арнайы пойызының мүшелері аудан халқына таңдай қағып таңғалып, “иілмейтін емендер” деп атап, онысын (2001 жылғы 9 маусымдағы №116) “Егемен Қазақстан” газеті арқылы республикаға паш етті. Шындығында да, кешегі ата-баба сан ғасырлар бойына сынбай иіліп, ұрпағын сақтап қалды. Бүгін біз егемендігімізді алып, ел мен жердің иесін қалыптастырдық. Тәуелсіздіктің төл перзенті, ертеңгі ұрпақ ешкімнің алдында енді иілмесе болғаны.
Басшы ӘЗІРХАНОВ, Бейнеу ауданының әкімі, саяси ғылымдар кандидаты.
Маңғыстау облысы.