Аймақтар • 12 Мамыр, 2022

Түркістан мен Жезқазғанда автоматтандырылған автодром ашылады

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан мен Жезқазған қалаларындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторы автоматтандырылған автодроммен қамтамасыз етіледі. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан мен Жезқазғанда автоматтандырылған автодром ашылады

«Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында автодроммен қамтамасыз етілген мамандандырылған бөлім ашу мәселесі пысықталуда. Арқалық қаласы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторы бүгінгі күнде өз жұмысын атқаруда. Аталған секторда қызмет алушылардың жүргізуші куәлігін алулары үшін барлық жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, азаматтар теориялық және практикалық емтихандарды секторда тапсырып, жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болып жатыр. Сонымен бірге, Ұлытау облысының құрылуына байланысты Жезқазған қаласы бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторын автоматтандырылған автодроммен қамтамасыз ету мәселесі жүзеге асырылатын болады», делінген министр жауабында.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта ел аумағында жалпы саны 32 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі мен 72 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторлары жұмыс жасап жатыр. Салыстырмалы түрде алғанда 2020 жылы 27 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі мен 65 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету секторлары жұмыс істеген. Ұсыныстар мен қажеттілікке байланысты ел аумағының сұранысы жоғары аймақтарында олардың ұдайы өсу қарқынымен көбейіп жатқанын көруге болады. Сонымен қатар ол Шымкент қаласында 2021 жылдың 27 желтоқсаны мен 2022 жылдың 9 ақпаны аралығында № 1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімінде техникалық ақауларға байланысты С1 санаты бойынша практикалық емтиханды қабылдау мүмкіндігі болмағандығын еске салады.

«Сәйкесінше, орын алған ақаулар жойылып, аталған санат бойынша практикалық емтиханды қабылдау қайта қалпына келтірілгеннен кейін қызмет алушылардың легі көбейген болатын. Қазіргі уақытта қызмет алушылардың арасында С1 санаты бойынша кезек санын және күту уақытын азайту мақсатында аталған санаттағы қосымша көлік құралы жалға алынып, практикалық емтихан қабылдауға пайдаланылуда. Жағдай тұрақтанып, қазіргі күнде бақылауда тұр», деді Бағдат Мусин.