16 Сәуір, 2014

Еуразиялық экономикалық одақ – елдердің тең құқықты бірлестігі

1531 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Әлемдегі интеграциялық үдерістер жеке бір адамның немесе топтардың мүддесін көздеу үшін ұйымдастырылған дүниелер емес. Бұлар егеменді мемлекеттердің өзара келісіммен, бір-бірін қолдау, бір-бірінің өндірісіне, сауда айналымына кең рынок ашу үшін, яғни жан-жақты дамуына жол ашатын өте тиімді амал ретінде бүгінгі күні кеңінен қолданылып отырған құрылымдар. Өйткені, мемлекеттер қазіргі заманда бір-бірімен ынтымақтасу арқылы ғана даму жолында жақсы табыстарға жете алады. Интеграция – қатысушы елдердің ішкі және сыртқы дамуына экономикалық, әлеуметтік, мәдени мүмкіншіліктер тудырады. Соны алдымен экономикасы да, мәдениеті де озық Еуропалық одақ елдері түсінді. Жеке-жеке алғанда Еуропа елде­­­­рінің бәрі де бай, бәрінің де жағдайлары жақсы. Алайда жеке жолмен даму ендігі жерде экономикалық катаклизмдерге жиі ұшырататындығына олардың көздері әбден жетті. Жеке жағ­дай­ла­ры қаншалықты жақсы болса, экономикалық дағдарыс та құрығын соншалықты жиі салып тұрады екен. Өйткені, біртектес тауарлар мен өнімдердің көптігі тұтыну рыногы үшін таласты еселеп арттырды. Мұндайда рынокты бұрынғыдай күшпен тартып алатын даму деңгейінен адамзат өтіп кеткен еді. Сондықтан өзара келісіммен, ішкі-сыртқы рыноктағы сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, әлеуеттер мен мүмкіндіктерді біріктіру, яғни интеграцияның қажет­тігін, өмір­дің өзі көрсетіп берді. Интеграциялық үдерістердің қазіргі таңдағы бір ерекшелігі сол, ол ай­­­мақ­тық деңгейде қатты дамуда. Бұл қор­шаған ортасының табиғаты, адамының ділі, эконо­микасының бағыт-бағдары, мәде­ниетінің өрісі қатты ұқсас көршілес мемлекеттерге ерекше тән деген сөз. Әрине, аймақтық интеграциялық үде­ріс­­­тер бірден қалыптаспай, алдымен белгілі кезеңдерден өтеді. Бұл кезең­дер­дің де өзіндік ерекшеліктері бар. Алғашқы кезеңдерде түрлі кедергілер еңсеріліп, интеграция құрған елдердің экономикалық байланысының дамуына тиімді жолдар ашылады. Нәтижесінде көптеген аймақтық кешендер құрылып, олар ұлтүстілік органдар арқылы басқарылады. Бүгінгі таңда әлемде 20-ға жуық халықаралық, аймақтық экономикалық бірлестіктер бар. Солардың ішінде Батыс Еуропада құрылып, бүгінгі күні құрлықтың негізгі аумағына тарап отырған Еуропалық одақты (ЕО) және Еуропа Еркін сауда ассоциациясын (ЕСЕА), Солтүстік Америкадағы –Солтүстікамерикалық Еркін сауда ассоциациясын (НАФТА), Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының ассоциациясын (АТЭС), Азиядағы – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ассо­циациясын (АСЕАН), Латын Америкасындағы –Латын­америкалық Интеграция ассоциациясын (ЛАЙ) және «Меркосур», т.б. озық интеграциялық құ­рылымдар деп атауға болады. Осы экономикалық интегра­­ция бұрын­ғы мемлекетаралық эко­но­ми­калық ынтымақ­тастықты адамзат тарихының жаңа кезең­ін­­де ғылыми-техникалық про­г­рестің негізінде тереңдеткен үдеріс болды. Оны Еуро­палық экономикалық одақтың үлгі­сінен жақсы көріп отырмыз. Онда халық пен мемлекет өмірінің барлық салалары бұрын ешқашан болып көрмеген көлемде интеграцияланып отыр. Оларда өзара кеден түгіл шекаралық кедергілер де жоқ. Мәселен, Шенген аумағының бір мемлекетіне кірсеңіз, сол аймаққа енетін барлық елдерді еш кедергісіз аралап шығуға болады. Посткеңестік елдер басшылары арасында оның бүгінгі кезеңдегі дамуға аса қажетті үдеріс екенін ең алғашқы болып көре білген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына екі жарым жылдай ғана уақыт өткен 1994 жылдың наурыз айын­­­­­­дағы Мәскеуге барған ресми сапарын­да Елбасы Мәскеу мемлекеттік универ­ситетінің оқытушыларымен және студент­­­те­рімен кездескен еді. Сонда ТМД ел­дерінің одан әрі дамуы үшін өз­ара ин­теграциялық үдерістерді жүргізуі ке­рек­тігі жөніндегі идеясын алғаш рет айтты. – Посткеңестік кеңістіктің дамуы алдағы уақытта екі үрдіспен анықталады деп айтуға болады. Бірін­шіден, ұлттық мемлекеттің қалып­та­суымен және екіншіден, ТМД елде­рінің интеграциясымен. Осының бәрі де заңдылық. Ғылыми-техникалық прогрестің қатты дамып, тұтыну рыногы үшін жанкешті талас болып тұрған жағдайда тек бірлесе отырып қана өмір сүруге болады. Қараңыздар: көпғасырлық мемлекеттілік тарихы бар Батыс Еуропа елдері бірігіп жатыр. Олар әлемдік рыноктың Солтүстік Америка, Жапония, қала берді азиялық «жас жолбарыстардың» арасында қатты бөлініске түскенін көріп отыр, – деген еді Н.Назарбаев. Одан әрі Қазақстан Президенті интеграциялық үдерістерге ТМД елде­рінің ежелден дайын екендігіне тоқталған. – Ал біз, – деді Елбасы, – бұрынғы Одақтан шыққан республикалар, біртұтас қоғамдастыққа тарих және тағдыр жолдары арқылы түрлі дайын­дықтан өтіп келіп отырмыз. Біз байланыс пен басқарудың біртектес пішін­дері мен тетіктеріне иеміз, бізді ортақ діл және басқа да көптеген жайт­тар жақындастырады. Тек біздегі мәселе біреу-ақ, ол – кейбір саяси көш­бас­шылардың және басқалардың да империяның қайтадан өріс алып кетуі­нен от басқандай шошына қорқуы. Бірақ ондайға енді ешкім бармайды ғой. Бұл жердегі әңгіме тек жаңа, тең құ­қықты жағдайдағы ынтымақтастық туралы ғана болуы мүмкін. Алайда дамуы сая­си конъюнктураға да, мем­ле­кеттік шекараға да қарамайтын эко­номиканың объективті заңдарын көруге қорқыныш көшбасшыларға мүмкін­шілік бермей, көздерін жауып тастаған. Осылай дей келіп, Президент Н.Назарбаев: біздің елдеріміздің өз­ара қарым-қатынасын ерікті және тең құқықтық негізде құрылатын мем­­ле­кетаралық бірлестік түріндегі жаңа сападағы деңгейге көтеретін уақыт жетті. Ондай бірлестік Еуразиялық одақ (ЕАО) болуы мүмкін. Ол ТМД-ны құрған қағидаттардан басқа жағ­дайда құрылуы керек. Жаңа бірлестік бірыңғай эконо­микалық кеңістік және бірлес­кен қорғаныс саясатын қамта­масыз ету сияқты екі бірдей маңызды мәселені шеше алатын ұлтүстілік органдардың негізінде құрылуы керек. Сонымен бірге, ішкі мемлекеттік саяси құрылым, егемендікке қатысты басқа мәселе­­­лерінің бәрі бір-бірінің қол сұғыл­­­­май­тын және араласуға болмайтын ішкі іс­­­тері болып қала беруі керек, деген еді. Міне, сол үдеріс бүгінгі күні іске асып, өзі­нің ең соңғы фазасына 2015 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап ен­гелі отыр. Осы уақыттан бастап Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тікелей бас­тама­шы­лығымен, белсенді әрекетімен құрыла бастаған Еуразиялық интеграция «Еуразиялық одақ» болып, жетілген интеграциялық құрылым ретінде әркет ететін болады. Әрине, бұл деңгейге жету жолдары жеңіл болған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Еуразиялық одақ құру туралы 1994 жылғы ұсынысын ТМД елдерінің басшылары бір­ден қабылдаған жоқ. 1995 жылдан 2000 жылға дейін өзара ын­тымақтасудың оңтайлы жолдарын іздеу істері жалғасып жатты. Жаңа ғасырға аяқ басқызған 2000 жылы ТМД елдері тәуелсіз мемлекеттер ретінде әбден қалыптасып, халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшелеріне айнала бастаған. Оның үстіне экономикада да тұрақтылыққа қол жет­кізіліп, ұзақ жылдар бойы ең­сені басқан дағдарыс еңсеріліп, дамудың оң көрсеткіштеріне қол жете бастады. Бірақ көршілес елдер бір-бірінің дамуына ық­пал ететін интеграциялық құры­лымдар ұйымдастырғанда ғана экономиканың өрістеуіне кең жол ашылатынын білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы бағыт­тағы белсенді әрекеттерін жал­ғастыра берді. Сол әрекеттердің нәтижесінде 2000 жылдың 10 қазанындағы Астана қаласында болған саммитте Қазақстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан және Қыр­ғ­ызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғам­дас­тық (ЕурАзЭҚ) құру жөнін­дегі келісімге қол қойды. Бұл келісім­де қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тығыз әрі тиімді жүргізудің тұжы­рым­дамасы бекітілген еді. Ал 2001 жыл­дың мамыр айында болған кездесуде қатысушы мемлекеттер басшылары қоғамдастықтың негізгі органдары – ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық кеңесі және Интеграциялық комитетінің жұ­мы­сын реттейтін құжаттарға қол қойды. Осыдан кейінгі жылдары қо­ғамдастықтың жұмысын ілгері жыл­­­­жытуға ықпал еткен басқа да құры­лым­дар туралы келісімдер жасалды. 2003 жылдың аяғында ЕурАзЭҚ БҰҰ Бас Ассамблеясының жанын­да­ғы бақылаушы мәртебесін алып, халық­аралық деңгейде танылуға қол жеткізді. Қазақстан Президентінің эко­но­­ми­калық интеграциялық құры­лым ұйым­дастыру туралы белсенділігі ТМД-ның еуро­па­лық бөлігіндегі елдер­мен ынты­мақ­тасумен ғана шек­­тел­ген жоқ. Ол Орталық Азия мемле­кет­­­те­рімен де осындай ұйым құру қа­жет­­ті­гін үнемі ұсынып отыр­ған. Соның нәти­жесінде 2002 жылы Орталық Азия ын­ты­мақ­тастығы (ОАЫ) атты жаңа ай­мақтық интегра­циялық ұйым құрыл­ған болатын. Оның құрамына алды­мен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан және Тәжікстан мемле­кет­тері енді. 2004 жылдың қазан айында Өзбек­стан Президенті И.Каримовтің бас­­тамашылығымен оның құра­мына Ресей Федерациясы да шақырылып, толық мүшесі болып енді. Алайда бұл ұйым енді ЕурАзЭҚ-тың толық кө­шірмесі секілді болып қалды. Сон­дықтан, 2005 жылдың 6 қазанында Санкт-Петербургте болған саммитте ОАЫ мен ЕурАзЭҚ біріктірілді. Бірақ бұл ұйым­ға мүше болудан Өзбекстан бас тартты. 2003 жылы Қазақстан Ресей, Бе­ла­русь және Украинамен бірге Бір­тұтас экономикалық кеңістік құру туралы келісімге қол қойды. 2004 жылғы 15 қыркүйекте Астанада болған саммитте осы төрт мемлекет оны құрудың негізгі құжаттарын да бекіткен. Алай­да, Украина билігінің басына 2004 жылдың аяғында В.Ющенко келгеннен бастап бұл ел аталған келісімнен шығуға бет алып, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу саясатын жүргізе бастады. 2005 жылы ЕурАзЭҚ-тың өмірінде белсенді интеграциялық әрекеттер жү­зеге асса, 2006 жылдың қаңтар айында Өзбекстан ұйымға мүше болып енген еді, алайда 2008 жылдың аяғында ол өзінің мүшелігін тоқтататынын жариялады. Осы 2006 жылы Минскіде болған саммитте мемлекет басшылары ЕурАзЭҚ-тың базасында Біртұтас экономикалық кеңістік жобасының шеңберінде Кеден одағын құру туралы келісімге келді. Оған ЕурАзЭҚ-қа енетін бес мемлекеттің үшеуі яғни Қазақстан, Беларусь және Ресей кіруге келісім берді. Келесі 2007 жылы Кеден одағының тұжырымдамасы қабылданып, оның алдағы үш жылда әрекет ететіндігі туралы келісімге қол жеткізілді. Осы жылы осынау одақтың ұлтүстілік органдары да құрыла бастады. Онда Ресей – 57, ал Қазақстан мен Беларусь 21,5 пайыздық дауысқа ие болатыны бекітілді. 2009 жылы Кеден одағының құры­­луына қажетті құжаттардың бәрі қабыл­­­данды. Сөйтіп, 2010 жылдың 1 қаңта­рынан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағында ортақ кеден­­дік кеңістік жұмыс істей бастады. Со­нымен қатар, 2010 жылдың 9 желтоқ­санында Қазақстан, Ресей және Бела­русь Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы 17 құжатқа қол қойып, 2012 жылдың 1 қаңтарынан осы үш ел аталған кеңістікке шығатынын мәлім­деген еді. Бұл кеңістіктің жұмысы Бүкіл­әлемдік сауда ұйымының нормалары мен қағидаттарының негізінде жұмыс істейтін болды. Ал оның ең түпкі мақсаты – 2015 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап Еуразиялық экономикалық одаққа өту. Әрине, бұл интеграциялық құры­лым туралы кереғар пікірлер де айты­лып қалып жатады. Оған себеп кей­бір ресейлік сая­саткерлер мен жур­на­лис­тер­дің бұл құрылымды Ресей импе­рия­сын қайтадан қалпына келтіру жолындағы әрекет деп бағалауында. Мұндай пікірлердің болуы заңды, өйткені, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің өзара ынтымақтастықты күшейтіп, экономикалық тұрғыдан биік нәтижелерге жетуіне іштей қар­сыл­ар да жоқ емес, әрине. Олар бұл құрылым тек экономикалық ынты­мақ­тастықты тереңдетуге қызмет етеді деген оның негізгі постулатын қасақана теріс бұрып, оны саяси құ­рылым деп бағалауға құштар. Ал Кеден одағының экономикалық тиім­ді­лігі айдан анық. Мәселен, Кеден одағы құрылмай тұрған 2009 жылы үш мемлекеттің арасындағы өзара тауар айналымы 47 млрд. 135 млн. АҚШ доллары көлемінде болса, Кеден одағы құрылған бір жылдан кейін ғана бұл көрсеткіш 33,9 пайызға артып, 63 млрд. 101 млн. долларға жетті. Ал 2012 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 68 млрд.582 млн. доллар болды... Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».