«Дүние шіркін! Өтеді бір күн...
Қалады артта миллион сомдық ойын-күлкің...».
Бұл – ел аузында, халық әнінде ғана айтылатын сөздер ме? Жоқ әлде менің жүрегімнен де жарып шығып, қағазға құйылып тұр ма? Екеуі де шығар. Қалай болғанда да керемет сөздер. Өмірдің анық ақиқаты, ащы шындығы... Жарық дүниенің сыр-сипаты бұл. Жер басып жүргенің де тәтті арман... Әрине, тізгін өз қолыңда болса сүре берсем дейсің. Бірақ бәрі де бір Құдайдың қолында. Не істеу керек?! Жауап: жарық дүниенің қадірін біл. Адам болып тудың ба, адамша өмір сүр. Іс бітір. Із қалдыр...
Қарымды қаламгер, бітімді қайраткер Қалдарбек Найманбаев қалың жұртқа ерте танылды. Газетте істеді, «Жалын» баспасын басқарды. Қазақ қаламгерлерінің қастерлі шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағына жетекшілік етті. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Өзі іргетасынан қалыптастырған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төл «туындысындай» еді.
Иә, қадірлі Қалекеңе туған Қазақстанына қырық жыл қаламмен қызмет етіп, жиырма тілде сөз арнады. Қырықтың үстінде кітаптар шығарған, көл-көсір рухани қазына сыйлаған жазушылығы өз алдына, қайда жүрсе де өсіп-өнсін деп, тарихи атажұртына – Қазақстан атты еліне көшіп келсін деп атқа мініп, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолияны айтпағанда, Германия мен АҚШ-қа дейін аралаған, Бельгия мен Австралияда тұратын бес қандасына дейін елеп-ескерген қайраткерлігі бөлек еді.
Біз Қалдарбек Найманбаев орындаған жұмыс, атқарған мансаптардың кейбірін ғана жоғарыда елестеттік. Осы қызмет, мансап, лауазымдардың бәрінде де ол жеке басы ғана жарқ етіп, жалындап қойған жоқ, басқарған саласы, билігі мүмкіндігіне қарай жұрттың бәріне қолынан келгенше жәрдемдесіп, жақсылық жасады. Қазақ әдебиетіне қай жерде де қолұшын созып, ағаларын, қатарластарын жарылқағандарын айтпағанда (ол кезде кітабыңның уақтылы шығуының өзі – үлкен бақыт), жүздеген талантты жастардың жылтыраған шоғы болса дер кезінде тұтатып, алғашқы кітаптарын шығарып беріп, тұсауын кесті.
Әуелі қаламгер Қалдарбек Найманбаевтың шығармашылық еңбектеріне таңдай тоқталып, жазушының төл ӘДЕБИ ӘЛЕМІ қандай, қай қасиеттерімен асыл, нендей ерекшеліктерімен жасыл екендігін байқап-барлап көрсек дейміз.
Қалдарбек Найманбаевтың «Таңертеңнен түске дейін» деген әңгімесіне тікелей тоқталып көрелік. Өйткені, бұл әңгіме – қазіргі таңда да ескірмеген, күні кеше жазылғандай қабылданар, жарқын дүние. Жазылғанына 40 жыл өтсе де 1935-39 жылдар тынысын, найзадай Найзабай шал болмысын, мінез-құлқын терең танытып, адам болып ғұмыр кешудің мағына-мәнін ұмыттырмай, қалың оқырманға – халыққа өмірді сүюді, қазақ болып өмір сүруді ұғындырып, үйретіп келе жатқан кемел әңгіме. Айтпақшы, бұл шығарманың тағдырлық негізі – өмірбаяндық жағы да бар. Мұндағы Найзабай – жазушының әкесі Найманбайды, ал оның зарығып, алпыстан асқанда сағынып көрген ұлы – жарық әлем есігін шырылдап ашқан сәби – Қалдарбек.
... Найзабай шал бүгін таң сыз бере-ақ тұрды. Олай ететін жөні де бар. Былай да ерте тұратын адамның бүгінгісі бөлекше. Үмітім үзілді-ау деп жүргенде әйелі бала көтеріпті. Енді толғатып жатыр. Және қиын, ауыр толғақ. Асылы, дүниеге жаңа адам әкелу әсте де оңай емес. Сондықтан шалдың өзі де қатты уайымдап, дегбірі кетіп, көңілі алабұртып, алып-ұшып барады. Оның үстіне үрімім үзілді-ау деп жүргенде...
Бәйгеторысына қарғып мініп, құйғыта жөнелетіндей күй кешіп тұрғаны сол. Әйелі: «Қу жан-ай!..» – деп және бір ыңыранғанда шал өзінен мүшел жас кіші інісі Сапарбектің үйіне қалай жетіп барғанын білмей қалды. Мұндайда еркек байғұстың қолынан не келеді. Ұрғашы біреу-міреу керек. Бірақ баса-көктеп барудың орны жоқ. «Тілеуіңді бергірлер, тәтті ұйқыда жатыр-ау» деп кідірді. Сосын «Қатынжанды неме білем. Әйтпесе осы уақытқа дейін кісі жатушы ма еді?!» дейді. Мұнысы енді артық. Бұның басындағы күйді білмейді ғой бұлар. Әңгіме басындағы бас кейіпкердің ой ағынының өзі Найзабай шал характерін ашып, даралай бастаған жоқ па?!
... Осы сәт шалқар даланы ақ мұнарға құндақтап күн шығып келе жатты. Лезде көз жетер жердің бәрі нарттай нұрға бөленді. Жер бетіне шашырай төгілген мың-cан сәуле көзін аша бастаған әр көк қылтанаққа бір сүйкеніп, билейтіндей. Қыр біткен жадырап сала берді.
Сол мезет үй жақтан ұшып келе жатқан Сапарбектің үлкен баласын көрді. Балаға қарап жүгірмекші еді, буын-буыны қалтырап, аттап баса алмады. Жүрегі атқақтап соғып, қолы ұстаған шылбырын қыса түскен.
«– Ата, шүйінші, шүйінші! Апам ұл туды, – деді бала...
Жаңа ғана қысып ұстап тұрған Бәйгеторының шылбырын бос тастай берген шал әлі құрығандай жүрелеп отыра кетті».
Кәрі кеуде күмбір қағып, жүрек шіркін өрекпи соқты. Алпыстың төртеуіне шыққанын ұмытқандай. Өзін жиырма бестегі жігіттей сезінді. Көзіне жас алу дегенді білмейтін шадыр шалдың көзінен ыстық тамшылар ытқып кеткен-ді.
Аянатын не бар? Той. Тоқты сойылды. Өрік-мейіз дастарқанға қойылды. Барын аяйтын түрі жоқ шалдың.
Серке бауыздалды, тақымға басып әлгі жігіттер кетті. Найзабай шалға желік бітті ме, тағат таба алмады. Ақыры Бәйгеторының үстіне қонды.
«– Ойпыр-о-о-ой! – деді Сапарбек оның ізінен көз алмай қарап тұрып. – Көкем байғұста ес қалмаған-ау!?».
Иә, солай. Әуелінде көкпаршыларды орай өтіп, атының басын әрең іріккен Найзабай топқа түспеді. Олардың тартысына көңілі толмай, «Мыналар көкпарды қор қылды-ау!» деп тұрғанында көрші колхоздың жігіттері келіп, доданы қыздырып жіберді. Нағыз көкпаршылар. Мәстегін сабалап додаға кіретін бір ауылдасы: «Найзеке-ау, мыналар қоятын емес қой, – дегенде шал топқа қалай қойып кеткенін білмей де қалған еді».
«Шалдың көз алды – көк мұнар. Ол бүгінгі көл-көсір қуаныш үстінде кездескен құмарлық отына өртеніп кетуге бейіл. Бәйгеторының сауырына қамшы тигені де осы. «Көкпарды жіберсем, Найзабай атым құрысын!» Көкпаршының тақымындағы серкені әлгінде өзі атағаны, енді оны тартып әкетсе, ұят болатыны шалдың есінде жоқ. «Тұңғышым туған күні... Көкпар тартқанымның алды-арты да осы болсын».
Шал көкпаршыға жақындап-ақ қалған. Бәйгеторы жермен-жексен болып ұшып келе жатқан. Әп дегенше әлгі (көлденеңдеген) біреу де қиқулап қолтық астына кеп қапты. «Қайт, кейін қайт! – деп шал айқай салды, – Өлесің...».
Бәрі де көзді ашып-жұмғанша өтті де кетті.
Далақтаған әңгүдік алдыңғы көкпаршының алдына кесе-көлденең келе берем дегенде үлгере алмай қалды. Со бойда анау сытылып кетті де, артындағы Бәйгеторы бар пәрменімен әлгі аттылыға соқтығып, анадай жерге ұшып түсті...».
Бұл – түс мезгілі еді. Әттеген-ай! Шалды үйінің оң жағына әкеп салды.
Ертеңіне шалды шығарып бара жатқанда Бәйгеторының көзінде жас мөлтілдепті. Оны ешкім көрді ме, көрмеді ме, белгісіз.
Ал сол түні Бәйгеторы ауылдан қозыкөш жердегі қорымға барып, жас қабірдің басында мелшиіп ұзақ тұрыпты.
Сол түні жарық дүниеге жаңа келген сәби де тыншу көрмей, ұзақ жылапты.
Сол түн – 1939 жылдың наурыз айының нақ ортасынан ауған түн екен... Бір шығарманың соңы бір қуаныш, бір өкінішпен осылайша аяқталды...
Ендігі нысанамыз – жазушының «От пен Ойын» деп аталатын романы болсын. Оны оқи отырып ғұмырдың От пен Ойындай күрделі шындығына, жаңашылдық пен ескінің шарпысқан сұмдығына куә боламыз.
«Бір кезде басымды көтерсем, байлаулы жатыр екенмін.
Жан-жағыма қарадым.
Әлгі Тоғанбай жоқ.
Жанымда Жаңыл отыр.
Жылап отыр.
Жатқан жерім – Пернебектің үйіндегі дәу пештің кең бұрышы екен. Сұр текеметтің үсті қарақошқыл нүктелерге толып кеткен. Сірә, мұрным қанаса керек. Тілім аузыма сыймайды. Еріндерім де икемге келер емес. Тістерімнің арасына жылымшы бір кілегей тұрып қалыпты. Жұтынсам-ақ жүрек айнытады.
Қыл арқан білегімді қиып барады. Сәл тартынсам-ақ жаным көзімнің алдына келеді. Жұлқынбайын десем, Жаңыл түйінді шеше алар емес».
Қалекеңнің «Қоштасқым келмейді» атты повесі, хикаяты осылай басталады. Бірінші жақтан, басты кейіпкер атынан баяндалатын хикаят. Басталады дейміз, ал іс жүзінде бұл – повестің соңы... Шығармадағы сюжет басты кейіпкеріміз – 10 кластың оқушысы бозбала Нұрсейіттің өрім, тілі жоқ қыз Жаңылмен танысуымен сабақталып, бұлардың әке-шешелері арасындағы қарым-қатынас, әңгіме, екі жас арасындағы мөлдір сезім оянуымен бірте-бірте әдемі өрби келіп, сотталған, доғал, қатыгез жігіт Тоғанбайдың араласуымен күрт өршіп, шиыршық атып, шарықтау шегіне жеткен. Бұған себеп – Тоғанбайдың айуандығы. Ол үлбіреген әдемі мылқау қызға қатты қызығып, әке-шешесі момын, қартаң адамдар, ал тілсіз, әлсіз қыз ешкімге шағымдана алмайды деп есептейді; ендеше «әйелдікке жарымайтын» қызды құшып, рақатқа батса, оның ешқандай айыбы жоқ.
Ауыл сыртындағы ұжымшар бақшалығына қарауыл болып әрі жеңіл-желпі күтімімен шұғылданып, дала қосында отырған қос үйдің (мұның үйі мен Жаңылдың үйі) үлкендері қазаға көңіл айтуға Көкталдағы орталыққа кетіп, Нұрсейіт пен Жаңыл екеуі ғана қалған. Міне, осы оңашалық Тоғанбай үшін іздегенге сұраған болып жанып түскен. Алдында ол да жоқ-тын.
Нұрсейіт аяқ астынан біреу бас салып буындырып жатқандай, Жаңылдың жаман дауысы шыққанына қараса, Тоғанбай қызды құшақтап алыпты. Жаңыл бұлқынады. Тоғанбай бұлтартпай бүктеп, астына баспақшы. Не істеу керек? Әлі жетпесе де айқасып араша түсуі шарт.
Нұрсейіт жалма-жан жетіп барып, Тоғанбайды тобықтан бір тепті...
Повестегі жасөспірімдік тазалық пен жырынды жауыздықтың жекпе-жегі, мөлдір махаббат пен пенделік ғадауаттың майданы өмір аренасына осылай шығып, Тоғанбай мен Нұрсейіттің жан аяспас төбелесіне ұласқан.
Қалекең, міне, осы шырқау, шытырман, сұмдық сәттің бір шоғын – шығарманың соңын басына шығарыпты. Әрине, әдейі. Оқып отырған кісіні бірден «Қалай болды?» дегізіп елеңдетер, қызықтырып та ширықтыра үйіріп тарта жөнелер сәтті, көркемдік әдіс бұл.
«Жаңыл пештің бұрышына барып тығылыпты. Бізге қарауға шамасы жоқ. Бір уыс болып бүрісіп қалған.
Тоғанбайдың түрі кісі шошырлық... Тоғанбай үнсіз келді де, жағыма тартып-тартып жіберді. Көзімнің оты жарқ ете қалды.
– Сен не өзің? Шының ба?
Ол жағыма тағы тартып-тартып жіберді.
– Мұның қыз қорығышын. Алдымен к... қарап ал.
– Әлің жетеді, – дедім мен. – Ұр, ұра бер. Бірақ Жаңылға тиме».
Мұндай сөзге көніп, тезге тоқтай қоятын Тоғанбай ма? Айтқанын тыңдамаған Нұрсейітті ұрып құлатты. Нұрсейіт орнынан тұрып және арашалады. Тоғанбай енді қалтасынан кездігін суырды. «Бір сәтте ол өзіне қарай жұлқа тартып, иектің астынан қайқайта бір ұрды. Шалқалай бергенімде ішімнен бір тепті. Одан арғысын білмеймін...».
Есін жинағаннан кейін барып не болғанын білді.
Тоғанбайдың бұл қылмысы, айуандығы – дау жоқ, Жаңылдың әкесі Пернебек пен шешесі Бижамал үшін ғана емес, Нұрсейіттің өзі, шешесі үшін де төбеден жай түскендей оқиға.
Жаңыл үшін – тіпті шок.
Сарабдал да саңлақ суреткердің кезінде қазақ әдебиетінде құбылыс болған бұл повесі қазір де сол қалпында қалып, оқырман халықты мойындатады десек, мұнымыз титтей де жөнсіз мақтау емес-ақ.
... «Ертеңіне ертелеп Пернебек Көкталдан арба әкелді де, үй мүлкін үн-түнсіз арта берді. Тіптен бар-бәріне уәж сөзі дайын тұратын апасының өзі бұған ләм-лим деп аузын ашқан жоқ.
Пернебек бұрылған жоқ. Төмен қараған қалпы қос аттың жүгенін қағып-қағып жіберді. Арба доңғалақтары сықыр-сықыр етіп жылжи жөнелді.
– Саған қарап барады Жаңыл. Қоштасып қалсаңшы, – деді апам менің жеңімнен тартып.
– Қоштасқым келмейді, – дедім жұлып алғандай!».
Иә, Нұрсейіт Жаңылмен қоштасқысы келмейді. Ешқандай да. Ол – алғашқы жүрегін дүрсілдеткен маздақ сезімі, бастан кешкен бозбалалық шеруі, өзегін өртеген өкініші. Тоғанбайдан таяқ жеп, жығылып тұрса да, жеңіліп, жер болып қалған жоқ. Тұңғыш махаббаты – Жаңыл, танысқаны... – Тайғанатқан өмір. Тіпті Тоғанбай да – жүрегінде.
Бозбала Нұрсейіт бастан кешкен бір өмір белесін: махаббат пен мархаббатты, төбелес пен тебіреністі біз де тағы бір рет бастан кештік. Сәл көмескіленгенімен, ұмытылмапты, жарқ ете жаңғырып, қайтадан жүрегімізді ауыртып, Жаңыл мен Нұрсейіттің тазалығы мен табандылығы тәнті етіп, мерейлендіріп сала берді. Бұл – Қалдарбек ашқан әдеби жаңалық, ескірмейтін, жанып, жалындай беретін әлеуметтік әдемі жақсылық.
Мен Қалағаңның «Бастау» повесін, «Көктөбе» романын, «Үміт өткелі» жинағын кезінде жеке парықтап, талдағанмын. Бірақ мұның өзі де – Қалдарбек Найманбаевтың төл сөз өнеріміздегі толағай орнын, асқан асулары мен ашқан жарқын жаңалықтарын тұтас байқап, толайым бағалауға әлі де жеткіліксіздігі дәлел тілемейді. Сол себепті де ол – алдағы уақыттың еншісі, амандық болса алдағы кезде де ораламыз. Өйткені, оның «Сол бір түн», «Көкем екеуміз», «Беймезгіл қонақ», «Түнгі жол», «Ұзақ жол», «Ақкент кеші», «Ол екеуі және мен» повестері де терең талдауды, әділ бағалауды тілейтінін айта кеткіміз келеді. Тіпті, журналистика саласындағы еңбектері де жеке зерттеп, зерделеуді қажетсінетіні аксиома.
Халқымызда ежелден қолданылып келе жатқан «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген мақал бар. Керісінше, елі жоқ – Ер жетім, Ері жоқ ел де жетім. Ал бүгінгі күні біз ері аз емес, елі де құл емес, бостан, бақытты мемлекетпіз. Тіпті, мақсаты ұлы ұлтпыз. Ал сондай елі бар ер, қабырғалы қалам қайраткері Қалдарбек Найманбаевтың, 60 жылдығы көзі тірісінде, 70 жылдығы көзі кеткен соң 2009 жылы аз-кем аталып өткен әлеумет ағасының, әдебиет жағасының атында әлі бір мектеп, бір көше де жоқтығын, қайтыс болғанына қатысты шыққан бір естелік-эссе, екі шығармалар кітабынан басқа ештеңесі қайта басылмауын қалай түсінеміз? Оның өмірден озғанына да 10 жыл толыпты. Ең құрығанда титтей он іс бітірілмеуі неліктен? Өткен өтті, «ештен – кеш жақсы». Қалдарбек Найманбаев 75-ке толды. Өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын із-іс қалдырған азаматқа билік пен бұқара болып, тиісті министрліктер, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі болып құрмет көрсетсек, кәне! Ашығын айтсақ, мұндай шара-шаруалардың Қалекеңе түкке керегі жоқ, бұлар мына бізге – өзімізге, халыққа, Қазақ еліне керек.
Қаламгердің жеті томдық шығармалар жинағын мемлекеттік тапсырысқа кіргізіп, жарыққа шығарсақ. Туған жерінің төрінде мүсіні тұрса, облыс орталығының өрінде еңселі ескертіш орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мектепке, көшелерге есімі берілуі керектігінің басы ашық нәрсе деп білеміз.
Өз басым ағамыз туралы «Қазақтың Қалдарбегі» атты толымды эссе, естеліктер жинағын құрастырып, жеке сын кітабымды дайындауға кірісіп кеттім.
«Білім» баспасы 2009 жылы «Сіз күткен кітап» сериясымен Қалдарбек Найманбаевтың «Даңқ тұғырында» атты тұңғыш деректі хикаяттарының басын қосып қайта жариялапты. Бұл кітап кезінде автордың атын бірден шығарған, спорт тақырыбында жаңалық болып, қазақтан шыққан әйгілі балуан Әбілсейіт Айханов пен баһадүр боксшы Әбдісалам Нұрмахановтар тұлғасын таныстырған, жастар сүйіп оқыған тамаша туынды болатын. Соны қайта оқи отырып ойға оралғаны – жас Қалдарбек Найманбаевтың да белгілі боксер, кейін көптің алдына шығып, көзге түсіп жүрмесе де, бабын сақтаған спортшы болғаны еді. Кезінде қазақ жастарын дүр сілкіндіріп, олардың ата жолын қуып, күрес пен жұдырықтасуға жаппай бет бұруына мұрындық болған бұл кітап қайта-қайта жарық көріп тұрса да артық емес. Бұған қоса мен «ашқан» тағы бір жаңалық күллі елді де елең еткізеріне күмәнданбаймын. Қолыма Ерғали Мұхитдиновтың «Қазақ күресі» атты кітабы түсті.
Кітапта Қалдарбек Найманбаевқа қатысты «1992 жылы өткен бірінші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында белгілі қаламгер, осы қауымдастықтың Төралқасы Төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев пен Ерғали Мұхитдиновтың бастамасымен қазақ күресінен халықаралық күрес федерациясы құрылды. 2002 жылы Түркістанда өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Қалдарбек Найманбаевтың басшылығымен Дүниежүзілік қазақ күресінің федерациясы болып қайта өмірге келді», деген дерек бар екен. Байқайсыз ба, тәуелсіз мемлекетіміздегі ұлттық күресіміздің жанданып, өмірге келуінің бастауында Қалдарбек Найманбаев тұр. Қазақ күресі одағының тұңғыш жетекшісі Қалдарбек Найманбаев.
Қайраткер Қалдарбек Найманбаев шынында да өте іскер, батыл, сері, ұйымдастырғыш, беделді жан болса да, көп нәрсе тікелей өз қолында тұрса да, қайсыбір қаламгерлер «жүзіктің көзінен өтетін пысық» деп жаңылысып, жала жауып жүргендей, жылпос емес-тін. Жеке басына келгенде тым сыпайы, сырбаз, «өзіме емес, өзгелерге болсын» дейтін қанағатшыл, арлы жан болатын. Соның бір ерек мысалы – әріптестерінің бәріне өкіметтен атақ, сый-сияпат сұрап, орден, пәтер үлестіре жүріп, өзіне бір атақ, не бір орден алмағаны. Міне, сондай тым сыпайылықтан мына жолы да өзін көрсетіп, қасында жүрген бізге «Мен еліміздегі қазақ күресінің тұңғыш ұйымын құрдым» деп айтпапты да. Нақ осы деректен, Қалекең қолға алған аса маңызды бастамашылықтан – біткен істен және бір ұсыныс өзінен өзі туындамай ма? Осы әртүрлі адамдар атындағы неше түрлі турнирлер, жарыстар өтіп жатыр ғой. Сонда неге Қалдарбек Найманбаев атындағы дәстүрлі елдік немесе өңірлік қазақ күресі сайысын өткізбеске?!
Осылай айта берсек, қазақтың Қалдарбегіне қатысты басқа да орынды, пайдалы, тағылымды шара-шаруалар бой көрсетер еді. Жә, біз осымен мақаламызды шиырайық. Аман болсақ, ер-азамат бел шешіп кіріссе, өмірден озған арысымызды ардақтайық, құрмет көрсетейік, сөйтіп, кейінгіге үлгі қалдырайық десе, бітпейтін іс, тындырылмайтын тіршілік болмасы айдай анық емес пе?!
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ.