Алдымен облыс орталығындағы қазіргі күні қалыптасып отырған жағдайдың жайсыздығы туралы екпін түсіріп айтуға тура келеді. Әуел баста тәулігіне 21 мың текше метр суды тазалауға қуаты жетеді деп есептеліп салынған жалғыз станса сонау 1970 жылы пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан астам жұмыс істеп тұрған бұл нысан 1986 жылы арнайы комиссияның шешімімен жарамсыз деп танылған. Жарамсыз болса да басқа амал болмағандықтан, әлі күнге дейін пайдаланылуда. Сол себепті қала халқы дұрыс тазартылмаған ауыз суды пайдалануға мәжбүр. Бұрын кейбір бірді-екілі бұлақ суы мен ұңғымаларды пайдаланса, кейінгі жылдары бұл су көздері де жабылып қалды. Су желісі бойында кішігірім апаттар да жиі орын алады. Өткен жылы мұндай оқыс оқиғалар көп кездескен. Өйткені жалпы көлемі 343,93 шақырымды құрайтын су құбырларының жартысына жуығы әбден ескірген, тат басқан.
Қала халқының көпшілігі пәтерлеріне сүзгі орнатып амалдағанымен, көктемгі қызыл су жүрген кезде краннан таза судың орнына кәдімгі қоймалжың лай ағатын да кездері де жиі. Қалаға су Шағалалы және Сергеев су қоймаларынан алынады. Оған қоса Шағалалы жерасты су көздері арқылы тәулігіне 5 мың текше метрден астам су келіп тұр.
Көкшетау халқы тұтынатын ауыз судың біршама мөлшері Шағалалы өзенінің бойындағы су тоспасынан тартылады. Ертеректе Зеренді ауданының аумағын басып өтетін өзен жағалауына тым тақау жерлерге көптеген мал фермасы салынған болатын. Қар суы бар қоқысты өзен арқылы су қоймасына әкеліп құяды. Судың сапасыз болатындығы сондықтан. Ал қоймаға жиналған су кейін ауыз су ретінде пайдаланылады. Жаз айларында өзен жағасында, нақтырақ айтсақ, су тоспасында кір жуып, ит шомылдырып жүргендерді де кездестіруге болады. Жағдай дәл осылай қалыптасқан соң тазалық туралы тіс жаруға бола ма?!
Суды тазалауға тиісті стансаның әбден ескіруі себепті хлорды пайдалану мөлшері шамадан тыс көбейген. Ал оның адам ағзасына қаншалықты зиянды екені айтпаса да түсінікті. Стансаны жаңғыртуға миллиондаған қаражат та бөлінді. Алғашында біршама екпінді басталған жұмыс бірте-бірте қожырап, кейін мүлде тоқтап қалды. 2011 жылы су желілерін, тазарту құрылғыларын жаңғыртып, кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге қуаты жететін су тазалау қондырғысының құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі еді. Жұмысты AEGISinc жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша 1,623 млрд теңгенің келісімшарты да жасалды.
Сол жылы қомақты қаржының 538,1 млн теңгесі игерілді. Мердігер ұйым цехтың, зертхананың ғимараттарын жарым-жартылай көтерді. Келесі жылы қалалық сот конкурс жұмысынан кінәрат тауып, жұмысты тоқтату туралы шешім шығарды. 2012-2013 жылдары конкурс қайта өткізілді. Бұл жолы «АП Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылды. 2013 жылы 181,24 млн теңгені игерілгенімен, әрі қарай әлдебір себептерге байланысты жұмыс тоқтады. Сөйтіп, қала халқы үміт еткен жоба аяқсыз қалды.
Қаладағы жағдай осындай болғанда, ауылдағы ауыз судың ахуалы туралы да ашыа айтуға тура келеді. Өтпелі кезеңде ауыл адамдары су сапасын ешбір мекеме тексермейтін, ешкімнің жауапкершілігіне алынбаған ұңғымаларды пайдаланды. Кейін ие қажет болғандықтан, ведомстволық меншікке өткізу мәселесі көтерілді. Соңғы 10 жылда өңірдегі 90-нан астам иесіз қалған су көздері ведомстволық меншікке өткізілді. Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері мен әкімдік балансында 200-ден астам нысан бар. Санитарлық талаптарға сай су сапасына өндірістік бақылау жүргізілуде. Бірақ бәрін бірдей қадағалау мүмкін емес тәрізді. Айталық, облыстағы су құбырларының жалпы ұзындығы – 6 109,5 шақырым. Осы көлемнің тұп-тура 56 пайызы әбден ескірген. Осы жылы қалалардағы су желілерін жаңғыртуға 0,9 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Оның 400 млн теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, облыстық бюджеттен 525,4 млн теңге бөлінген. Бес жоба қолға алынса, оның біреуі аяқталған. Қалған төрт жоба биыл толық бітеді деп күтілуде. Осылайша биылғы жылы ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, қалалардың халқын таза сумен қамтамасыз ету көлемі 95,3 пайызға жетпек. Жыл соңына дейін жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқанда, көрсеткіш көлемі де арта түсуі әбден мүмкін. Сәл таратып айтатын болсақ, Щучье қаласындағы тозығы жеткен су желілерін жаңғыртудың төртінші кезеңі қолға алынуда. Оның жалпы құны – 2 964,7 млн теңге. Макинск қаласындағы су құбыры да уақыт тезінен шыдас бермей, жиі жарылып, қала тұрғындарын әбден әбігерге салып келді. Көнерген су құбырларын жаңғыртуға 263,1 млн теңге қаржы бөлініп, желіні жаңғырту көзделуде. Дәл осындай жұмыс Ерейментау қаласында да қолға алынбақ. Ол жұмысқа да 323,9 млн теңге қаражат қарастырылған.
Биыл республикалық бюджетті нақтылауға жалпы құны 709,5 млн теңге болатын екі жоба туралы ұсынылым жасалды. Әйтсе де қолдау таппады. Ал ауыз судың азабын тартқан халық әлі де үміттеніп отыр. Ауыл халқын таза сумен қамтамасыз ету үшін 2021 жылы 3,7 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Осы бағытта 6 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде Атбасар ауданындағы Бейіс хазірет, Целиноград ауданындағы Талапкер, Шұбар, Фарфоровый, Шортанды ауданындағы Раевка, Төңкеріс ауылдары бар. Тығырықтан шығатын тағы бір жол – суды тазалайтын блок-модульдар орнату. Өткен жылы өңірдегі 14 ауылға дәл осындай құрылғылар орнатылып, 13,4 мың адамның таңдайына таза су тиді. Ал осы жылы бұл бағытқа бөлінген қаржы көлемі үш есе өсті деуге болады. Барлық жоба жүзеге асқан кезде ауыл халқының 89,7 пайызы таза сумен қамтамасыз етіледі.
Таза ауыз су қажеттілігі туып отырған қалған көлемді қамту әлі де бірер жылға созылатын сыңайлы. Айталық, елді мекендерді таза сумен қамтамасыз етуді көздейтін, жалпы құны 12,3 млрд теңгені құрайтын 28 жобаның тек жетеуі ғана мақұлданды. Қалған өңірлерді таза сумен қамту шегеріліп отыр.
Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі талай жылдардан бері қолға алынып, қыруар қаражат бөлініп отырса да, өңірдегі 22 ауыл тұрғыны суды тасып ішуде. Мұның өзі қаншама қиындық тудыратыны белгілі. Салдары да салмақты. Ауыз судың тапшылығын тартып отырған шағын ауылдың тұрғындары кір жуып, кіндік кескен өңірден амалсыз көшуде. Бұл жай онсыз да күрделеніп отырған миграция мәселесін өршітуге себепші болып отыр. Нақтырақ айтсақ, ауыл халқының 15 пайызы су тапшылығын сезінуде. Демек, алдағы уақытта қолға алатын шаруаның бағыты осы болуы керек.
Ақмола облысы