16 Сәуір, 2014

Өзімдікі дегенде...

327 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстандық мазмұнды дамыту – Үкімет алында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. Оны орындай отырып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігі, ұлттық қауіпсіздігі, өмір сүру сапасы артуы тиіс. Ал бұл салада еліміз қай деңгейде, қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Жергілікті қамтудың ұлттық агенттігі «NADLoC» АҚ басқарма төрағасы Қайрат БЕКТҮРГЕНОВпен әңгімелескен едік. – Қайрат Амангелдіұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған агенттіктің жалпы жұмыс барысы жайында қысқаша баяндап берсеңіз. – Қазақстандық мазмұнды дамытудың серпіні – отандық өнеркәсіп пен адам әлеуетінің, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейін көрсететін маңызды индика­тор. Бұл – елімізде бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жат­қан үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама ая­сын­дағы стратегиялық міндет. Өзіңіз білесіз, ҮИИДМБ аясында 2010-2014 жылдарға белгіленген қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі бағдарлама қа­былданды. Біз міне, осы тұрғыда қазақстандық мазмұнды арттыру саясатын жүзеге асыратын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жұмыс органы болып табыламыз. Агенттік негізінен отандық өндірушілер мен мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және басқа мүдделі тұлғалармен жергілікті қамтуды дамытуға ықпал ететін мәселелерді талқылау бойынша екіжақты келіссөздер үшін диалог алаңын құру іс-шараларын өткізеді, сондай-ақ оларды ұйым­дастыруға жәрдемдеседі. Фабрика – Аталған бағдарлама биыл межелі белесін аяқтағалы отыр екен. Жалпы бағдарламадан қан­дай қорытынды болды? Қан­дай жетістіктерге қол жеткіздік? – Бағдарламаның негізгі мақ­саты бәсекеге қабілетті тауар­лардың, жұмыстар мен қыз­меттердің отандық өндірісін орнықты дамыту, сондай-ақ оларды ішкі нарықта ілгерілету үшін жағдайлар жасау болатын. Бұл ретте біз біраз белесті бағындырдық деуге толық негіз бар. Бірін­шіден, осы бағдарламаның арқа­сында бізде мониторинг жасалды. Яғни бағдарламалық құжат­тарда белгіленген нысаналы инди­каторларға қол жеткізуді бағалау және тұрақты негізде тиімді болжау мақсатында мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар, жүйе құраушы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялар сатып алуларына мониторинг жүр­гізілді. Жергілікті қамтуды дұрыс есептеудің, түгендеудің сәті түсті. Бүгінде «Жер қойнауын пай­далану операцияларын жүр­гізу кезінде қолданылатын та­уар­лардың, жұмыстардың, көр­сетілген қызметтердің тізілімі» ақпараттық жүйесінде 500-ден астам жер қойнауын пайдаланушы компания мен мердігерлер, 16 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. Ал порталға тәулігіне 40 000-дай қолданушы кіреді. Бұл елдің өндіріс саласындағы нағыз ақпарат ошағы болады деп ойлаймыз. Интернет-ресурстарға орналастырылған ақпараттар отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік органдардың, жүйе құраушы ұйымдардың, жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялардың және холдингтердің тауарларға, жұ­мыстар мен қызметтерге мұқ­таждықтарымен танысуға, сондай-ақ қажет болғанда мар­кетингтік зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретіні анық. Бұрын Қазақстанда сатып алсаң болды, ол қазақстандық қамтуды дамыту деп саналған еді. Яғни ол тауар бізде өндірілді ме, әлде басқа елден сатып алынды ма, ажыратып жатпадық. Ал қазір жағдай мүлде басқа. Бұдан өзге жергілікті мазмұнды тұрақты түрде дамытуды насихаттау мақсатында жыл сайын «Қазақстандық үлес» форумы мен көрме, семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, отандық тауар өндірушілердің іскерлік кез­десулері өткізіліп тұрады. Осындай шаралардың арқасында қазақстандық мазмұнның үлесі 2010 жылғы 48,3 пайыздан 2013 жылы 63,1 пайызға артып, 14,8 пайыз өсімді көрсетіп отыр. Демек, еліміздің өз ішінде шығатын және тұтынушылардың сол отандық жергілікті өнімдерді сатып алуы жыл өткен сайын айтарлықтай артып келеді. Кейбіреулер ин­теграциялық жағдайлар дамыған сайын қазақстандық қамту деген ұғым жоғалады, маңызын жоғалтады деп ойлайды. Бірақ олай емес. Керісінше, интеграциялық қатынастар дамыған сайын бұл сала да дами түспек. Себебі, бұл мемлекеттің мүддесін, ұлттық мүддені қорғау. – Қазақстанда қазір нақты қанша өнім түрі бар? –  Өкінішке орай, Қазақстандағы өнім түрлерін толықтай тізіп беретін каталог бізде әзірше жоқ. Ал қазір жұмыс істеп жатқан «Реестор.KZ» порталы бүгінде осы каталогтың орнына қолданылып жүр десек артық айтпағандығымыз болар. Бірақ онда барлығы қамтылған дей алмаймыз. Себебі, бұл порталды қажет етпейтін кейбір кәсіпорындар да бар. Біз сайтқа тапқан ақпаратымызды өзіміз тіркеу арқылы каталог жасап жатырмыз. Бірақ бұл әлі әлсіз. Себебі, онда тауар түрімен қатар оны өндіретін кәсіпорынның қуаттылығы да жазылуы тиіс. Содан келіп қай өнімдерге қа­жеттілік бар екенін нақты білуге болар еді. Қазақстандық өнім түрлерін түгелдей тізіп беретін католог керек, әрине. Ол жуық арада жасалады деген сенімдемін. – Байқауымызша, сіздер кө­біне ірі компаниялармен жұмыс істейтін сияқтысыздар? – Негізінен тау-кен кешені сала­сындағы барлық компаниялармен жұмыс істейміз. Шамамен 220 компания тізімде бар. Оның ішінде азды-көпті мұнай саласындағы компаниялар, басқа да бюджеттік ірі компаниялар, холдингтер бар. Себебі, бұл компаниялардың сатып алу сомалары ірі көлемде. Яғни қаншама миллиондаған қаржы жұмсайды. Ал біз сол сатып алулардың отандық тауарлар болуын қадағалаймыз. Қаржы сыртқа кетпей өзіміздің отандық өндіріске құйылуы қажет. – Сонда ірі компанияларға біздегі қызметтер мен тауарларды өткізуге ықпал жасайсыздар ғой. Ал қарапайым ха­лықтың отандық тауарларды тұтынуына қаншалықты әсер ете аласыздар? – Бұл біздің жұмысымыздың идеологиялық жағы. Меніңше, бізде отандық тауарлар баршы­лық. Алайда, бір өкініштісі, таны­малдылық тұрғысынан шетел тауарлары өтімді болып тұр. Қазір интернет, теледидарда ақпарат ашық, жарнама көп. Бірақ бұл жерде бастысы әрбір қазақстандықтың санасында отандық тауарды, өнімді сатып алу бірінші кезекте тұруы керек. Бір тиын болса да өз еліне түскенін ойлауы тиіс. Тіпті бағасында азғантай айырмашылық болса да, әр азамат мүмкіндігінше өз елінікін таңдауы керек. Мұны елдің әрбір азаматы ішкі борышы, Отан алдындағы парызы деп қабылдаса деймін. – Бірақ бізде таңдау жоқ қой. Мәселен, сатып алғысы келген тауары таптырмаса қайтпек? Со­ған қарағанда, қарапайым халық тұтынатын тауар түрі аз емес пе? – Қазір отандық тауар шүкір, баршылық. Дұрыстап мән беріп қарау керек. Әсіресе, азық-түлікке қатысты, күнделікті тұтынатын тауарлар дүкен сөрелерінде тізіліп тұр. Әрі сапалары да импорттан асып түспесе кем түспейді. – Алайда, киім-кешек жоқ­тың қасы ғой. – Жеңіл өнеркәсіп мүлде дамымай отыр деп айтуға болмайды. Бірақ еліміздің тоқыма өнеркәсібі әлі де жетілдіруді қажет ететіні рас. Бұл жерде іргемізде Қытай тұрғанын ескеру керек. Онда жеңіл өнеркәсіп тауарлары өте арзан. Сол себепті де бізде киім-кешек жайы қиын болып тұр. Бірақ мүлде жоқ дей алмаймыз. Бұл салада қазір біршама ілгерілеушілік бар. Әзірше, арнайы жұмыс киімдер тігуден бастап жатыр. Бұл арнайы киімдер үшін де ірі кәсіпорындар аз сома жұмсамайды. Сондықтан ол да ішкі қажеттілік. Болашақта заманауи киім-кешек те болады деп үміттенеміз. Бізде қазір бизнеске барлық жағдай жасалған. Шетелдік инвесторларға да өте қолайлы. «Бизнестің жол картасы-2020», «Экспорттаушы-2020» және «Өнімділік-2020» бағдар­ламалармен көп мемлекеттік қолдаулар жасалуда. Бірақ үнемі бұлай бола бермеуі де мүмкін. Осыны ескеріп, қазір бір қалыптан шыға алмай, ілініп-салынып, мемлекетке ғана аузын ашып отырған кәсіпорындарды анықтауымыз керек. Егер жұмысында ілгері­леушілік болмаса, ондайларды жауып, басқа жұмыс істейтін адамдарға орынды босату қажет шығар. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».