Қоғам • 13 Мамыр, 2022

Кәсіпке баулитын пайдалы платформа

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр шілде айында skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған сәттен бастап 14,3 мыңнан аса қазақстандық, оның ішінде 8,7 мың жұмыссыз азамат курстан өткені туралы сертификат алды. Платформада 24,3 мың адам тіркелді, оның 10,8 мыңы 2022 жылы тіркелген.

Кәсіпке баулитын пайдалы платформа

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқудан өткен 8,7 мың жұмыссыз азаматтың 3 мыңға жуығы негізінен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарының жастары.

Авторлар іске қосылған сәттен бастап платформада әртүрлі бағыт бойынша 117 курс жариялады, оның 63-і – тегін. Курстардың ұзақтығы – 1-ден 72 сағатқа дейін. Ең көп сұранысқа ие курстар – «Персоналды басқару», «Сүтті ірі қара өсіру», «Кассир», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсіру» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».

Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Бұл маркетплейс қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған. Оқуға тікелей skills.enbek.kz сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таң­дайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70%-дық шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағ­дайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау. Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те сәтті сертификаттарды көреді.

Осы жылдың 9 наурызынан бастап платформада қолданыстағы функционал оң­тай­лан­дырылып, жаңа сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторлары­­мен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды. Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.