18 Мамыр, 2010

ЕУРАЗИЯ ИДЕЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ ЖАҢА БЕЛЕСТЕ

1198 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өткен аптаның соңғы күн­дері Алматыда Қазақ­стан­ның Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төр­аға­­лығы аясын­дағы “ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі” Транс­азиялық парламенттік форумы болып өтті. Форумның күн тәртібіне сәйкес “Венадан – Шығысқа” атты тақырыпта Қазақ­­­станның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығы кезеңіндегі геосаяси ай­мақ­тардың өзекті мәселелері бойынша тұжырымдамалық көзқарастар айшықталды. Осыған орай Елбасы Н.Назар­баевтың “ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы” атты мақаласы (“Известия” газеті, 2010 жылғы 28 қаңтар) туралы автордың ой толғағын назарға ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Ғасырлар бойы Еуразия конти­ненті жойқын соғыстар мен ғылы­ми-техникалық үдерістің нәтиже­лерін адамзат игілігіне қарсы пай­да­ланудың шексіз қайғы-қасірет­тер­ге әкелгендігінің куәсі болған­дығы тарихтан белгілі. Арғы тарих­қа бар­май-ақ, өткен ғасырдағы екі дүние­жүзілік соғыс, одан қала берді поли­гондарда атом бомба­ларын сынау­дың Еуразия континентін мекенде­ген халықтарды қандай қайғы-қасіреттерге душар еткен­дігін және оның әлі де салдарының қан­ша уақытқа созыла­тындығын ойла­сақ та жетіп жатыр. Соны­мен қатар, бұл ора­сан зор аймақ көпте­ген адам­зат өркениеттерінің тоғысы мен үдеріс­терінің де отаны. Сон­ды­қ­­тан да болар, енді жаңа ХХІ ғасырға аяқ басқанда Қазақ­­стан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­­мақтастық ұйымына басшылық етуі адам­зат­тың жаңа тарихындағы аса жоғары жауапкершілік болып саналады. Қазірдің өзінде Батыс елдерінің ақпарат құралдарында саясатшылдар мен осы аталған ұйымдағы мемле­кет­тер өкілдері Қазақстанды ЕҚЫҰ тарихында бірден-бір үлкен жауап­кершілік пен ерекше белсенділік көр­сеткен мемлекет ретінде тани­тын­­дық­тарын мойындап отыр. Оған дәлел ретінде Ұлт көшбасшысының “Из­вестия” (2010 жылғы 29 қаңтар) газе­тін­дегі “ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы” атты мақаласында жаңа ХХІ ғасырдағы жаһандану дәуірінде қалыптасқан жаңа геосая­си реалий­лерге сәйкес Еуразия идеясы мен прак­тикасының байы­тылғаны мен осыған байланысты Н.На­­зар­баевтың “Еу­ра­­­зия доктри­на­сының” әлем сая­сат­керлері тарапы­нан үлкен қы­зы­ғу­шы­лық тудырға­нын атап айтқан жөн. Шынында да, автор бұл мақа­лада Еуразия­лық идея негізінде Қазақ­стан­ның Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақ­тастық жөніндегі ұйым­ға басшылық ету кезеңінде іске асыратын нақтылы іс-шара­ларының бағдарламасын тезистік тұрғыда баяндап берді. Сонымен қатар, мақа­ланың басында ұйым­ның дамуы­ның негізгі тарихи ке­зең­дері айшық­талып, оның қол жеткен табыстары мен сабақтары объективтік тұрғыда баяндалады. Мұндағы негізгі қоры­тынды сауал – ұйымға қалай жаңа серпіліс, жаңа тыныс, дем беруге болады? “Хельсин­ки рухын” қалай көтеріп, жаңғырту керек? Бұл сұрақ­қа жауапты зерек оқушы мақа­ланың өн-бойынан таба алады. Біздіңше, бұл сұрақтарға жауаптың кілті – Елбасы­ның бұрын да өзі көтеріп, айтып жүрген, жаңа ХХІ ғасырдың жаһандану дәуіріне сәйкес оны әрі қарай байытып, жетілдіріп отырған Еуразия идеясы мен практикасы мәселелерінде жатыр. ХХ ғасырдың аяғында Еуразия конти­ненті әлемдік көлемде үлкен өз­герістерге ұшырады: Кеңес Одағы мен Варшава Шарты ұйымының таралуы, Германияның бірігуі, Юго­славияның бөлінуі, ТМД-ның құры­луы. Елбасының айтып кет­ке­ніндей, бұл күрделі кезеңде ЕҚЫҰ Еуразия ел­деріндегі тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қам­тамасыз етуге, демокра­тия мен нарықтық эконо­ми­каның орнығуына айтарлықтай үлес қосты. Алайда, ХХІ ғасырға аяқ басу халық­аралық қатынастар үдерісінің жаңа архи­тектурасының қалып­та­суы­­­на, ал мұның өзі континент­тегі жаһандық және аймақтық қауіпсіз­діктің жаңа мәселелерінің туын­дауына әкелді. Сондықтан да Еура­зия қауіп­сіздігі мен тұрақты­лығын сақ­тауда бұрын­ғы еуразия­лық тео­рия­лық ұстаным­дар мен қағи­далар, нақтылы әдістер мен құралдар жаңа дәуірдің халықара­лық қаты­настары­на қолдануға сай келе бермейтін еді. Осы жерде Ресейдегі еуразия­шыл­дық идеяның жағ­дайына көз жүгіртіп, шегініс жасасақ: қазіргі заманғы сол­шыл еуразияшылдар бұ­рынғы жүйе­­лілікті сақтағанмен, ком­мунис­тік пар­тиямен тағдырын байланысты­рып, саяси бет-бейнесін жоғалта бастады. Л.Н.Гуми­левтің жолын қуу­шы еуразия­шылдар В.В.Кожинов пен А.С.Панариннің идеялық тұ­жы­­рым­дамалары сияқты “ка­би­­нет­тен” асып шыға алмаса, А.Г.Дугин­­нің нео­еур­азия­­шылдығы өкімет басшы­лары­мен келісімпаз­дық­та болып, еуразия­шылдықтың іргелі ұстанымдарына қайшы келді. Ал жаңа қазақстандық еуразия­лық идея бұрынғыдай Батысқа қар­сы емес, қайта Еуропамен қоян-қол­тық өзара ынтымақ­тастық пен ық­пал­дастықта болуды көздеді. Бұрынғы “Еуразияшыл­дық” қоғам­дық ой дәрежесінде қа­лып қойса, Н.Назар­баев оны жаңа дәуірдің жасам­паз доктрина­сы дәрежесіне көтерді. Автор жаңа дәуірдегі Еуразия халықара­лық қатынастарындағы өзгерістер мен ерекшеліктерді ескере отырып, дәстүрлі ұстаным мен сабақтастық негізінде ЕҚЫҰ-ның функциясы мен қызметіне жаңа леп, тыныс әкелуді қажет деп санайды. Бұл ретте еуразиялықтың халық­аралық аспектісіне ерекше көңіл бөлінеді. ХХІ ғасырда әлемдік – ұжымдық болмыста бірге өмір сүру қажеттілігі алға қойылады. Әйтпеген күнде адамзат қоғамында ретсіздік, өзара жанжал­дасу, күн­нен-күнге жаңа қатерлердің пайда болып үлкен қауіп төндіріп отыр­ғаны жа­сы­рын емес. Сондық­тан халықара­лық ас­пек­тіде еуразиялық­тың жаңа моделі ұсыны­лады. Ол – ескірген бір жақ­ты (полюсты) америкалық модельден “әлемдік жаңа тәр­тіп­тің” күрделі жүйесіне, яғни атланттық батыс полюстен кем түспейтін еуразиялық полюстің теңдестігіне өту. Оның мәні – бір­неше ірі еуразиялық мем­­ле­кет­тердің страте­гиялық тұрғы­да бірігуі арқылы жаһан­дану­дың барлық түрлерінің (экономикалық, әске­ри-қарулы күш, демографиялық, мәде­ни, эко­ло­гиялық және т.б.) жиын­­тығын қам­тыған континентал­­дық қоғам­дас­­тықты құру. Сайып кел­генде, мұны өзі жаңа ғасыр­дағы жаңа әлем түзілісін құрудың бола­шағы зор баламалы жол! Бұл үлгідегі еуразиялық модель кең мағынада алғанда Еуро-Азиат­тық шектен асып, Африка, Латын Амери­касы мен Азия-Тынық мұхиты айма­ғына дейін жетуі, әйтпесе атланттық тұрғыда шектелгенде Сауд Арабиясы мен Түркияның кіру мүмкіндігі бар. Мұны қазірдің өзінде белгілі мемлекет қайраткерлері мен саясат­керлерінің өздері айтып отыр. Лит­ва­ның экс-премьері, про­фессор К.Прун­­­скене: “Осы кезеңде Қазақ­стан Батыс пен Шығысты, қала бер­ді Еура­зия кеңістігі мен Транс­ат­лантика аймағын бір-біріне жа­қын­дастыра түсетініне сенімді­мін”, деді. БҰҰ Бас хатшысы Пан Гу Мун Астанаға кездесуге ұшар ал­дын­да Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуі бұл екі жаһандық құрылымның /БҰҰ мен ЕҚЫҰ – С.С/ Еуроат­лант­­тық және Еура­зия­­лық кеңістік­тегі өзекті мәселелерді шешу­ге мүм­кіндік беретінін атап көрсетті. Соны­­мен, бұл Еуразия полюсі белгі­лі бір аймақтарға ықпал­ды бірнеше басым орталық­тары бар көпполярлы құбы­лысқа айналады. Елбасының Еуразия идеясының жасам­паздығын әлемдік дәрежеде мойындаудың бір көрінісі сәуірдің 13-інде Вашингтонда өткен Ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте Нұрсұлтан Назарбаевқа “Шығыс – Батыс” инс­титуты таға­йын­даған “Бейбіт­шілік және сараб­дал дипломатиядағы көреген­дік” сыйлығының тапсырылуы болды. Бұл Бейбітшілік және пре­вен­тивтік дипломатиялық сыйлық АҚШ-тың ең беделді марапатының бірі және ол мем­ле­кеттік басқару, қауіпсіз әлем құру сала­сындағы ерекше же­тіс­­тіктері үшін әртүрлі елдердің саяси және мемлекет қайраткер­леріне бері­леді. “Шығыс – Батыс” инсти­туты­ның өзі де 1980 жылы халықаралық қатынастарда “қырғи-қабақ соғыс­тың келең­сіз салдар­ларын еңсеру, еуроатлан­тикалық аймақта шиеле­ніс­ті бәсеңдету, азаматтық қоғам құнды­лықтарын алға жылжыту мақсатымен құрыл­ған болатын. Бүгінде осы қазақстандық Еур­а­­зия идея­сын батыл қолдаушы азия­­лық мемле­кет­тердің саны кө­бею­де. Мысалға, Түрік Рес­пуб­ли­касының Сыртқы істер ми­нистрі Ах­мет Дәуі­тоғлы: “Түркия өзі мүше болған ұйым­­­дарда “Еуразия” көз­қарасы­ның қа­лып­­та­суына әрдайым көңіл бөледі. Еуропа Ке­ңе­­сіне 2010 жыл­ғы төр­ағалы­ғы­мыз кезін­де осы кеңестің Орта­лық Азия елдерімен ын­ты­­мақ­тастығын нығайту басты ба­сым­дық­тары­­мыздың бірі болады. Түркия мен Қа­зақ­стан Еуразия­дағы және жаһандағы про­бле­ма­ларға тең тұрғыда қарайды”, – деген еді. Сонымен, жаңа қазақстандық Еуразия идеясы 4 тұғырлы ерекше­лігімен сипатта­лады. Ол, бірінші­ден, уақыт тұрғысынан алғанда қысқа кезеңге емес, адамзат аяқ бас­қан жаһан­дану дәуірінің үрдісіне сай келеді. Екіншіден, кеңістік жа­ғы­нан қарас­тырғанда бұл – Еуро­па, Азия, Солтүстік Африканы (кең мағынада) қамти алатын үдерістік құ­бы­лыс. Шы­нында да еур­азия­лық идея континентал­дық маз­мұнға ие. Оған бар­лығына да орын бар. Үшіншіден, мазмұны жа­ғы­нан бұл доктрина ұлттық, аймақтық және жаһандану­дың өзекті мәсе­ле­лерін кешенді тұр­ғы­да қамтиды. Төртін­шіден, бұған дейінгі теория­лар мен тұжы­рым­­дар­дың ұтымды және прогресшіл жақтарын өз бо­йы­на сіңірген және оларды қазіргі жаһан­дану дәуіріне сай байытып, іс жүзіне аса­тындай жасампаз идея дәрежесіне көтерді. Қорыта айтқанда, еуразиялық идея Н.Назарбаевтың өз заманы­ның озық қайраткері ретінде адам­­заттың қазіргісі мен болашағын біліктілік­пен саралап, келешегін көрегендікпен болжауы арқасында өзінің ренес­санс­тық дәуірін бастан кешіріп отыр. “Еуразияшылдық” қазіргі таңда адамзат баласын жаһан­дану мұхиты­ның асау тол­қындарынан адастыр­май жөн сілтейтін бір “шамшырақ” іспеттес өзіне тартып тұр. Сатай СЫЗДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры.