16 Сәуір, 2014

Жерұйық

489 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Балхаш Қоршаған ортаны қорғау адам­заттың табиғат-ана алдындағы басты парызы әрі міндеті. Бұл ықылым заманнан бері түйсік арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылық. Ата Заңымыздың 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» деп нақтыланған. Сондықтан, төл міндетімізді адал атқарып, Жетісудың экологиялық жағдайын қалыпты нормада сақтауға күш салудамыз. Біздің негізгі мін­детіміз Елбасының Жарлығымен бекітілген «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын орындау бойынша белгіленген шараларды атқару деп есептейміз. Басты ұстаным – ресурстарды қолдану барысында жауапкершілікті арттыруға заңнама шеңберінде ықпал ету, нәтижелі технологияны дұрыс пайдаланып, экономиканы модернизациялауға талпынту болып табылады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобаларын іске асырушыларға қойылып әрі бақыланатын негізгі талап халықаралық стандарттарға сай, жақсы да қолайлы, қалдықсыз һәм ресурс сақтайтын технологияны енгізу болып табылады. Бұл тұрғыда 16 жоба қаралды. Олар республикалық және аймақтық индустрияландыру картасына енген полимерлік қаптарды шығаратын «Универсал» ЖШС, балық өңдейтін «ЮСКО Логистик интернешнл» АҚ, Есік жеміс консервілеу кәсіпорны, жүк таситын автомобиль көлігін және автобустарды құрастыратын «Hyundai» зауыты, майбұршақ өңдеу зауыты, Мойнақ ГЭС құрылысы, Жетіген-Қорғас теміржолы құрылысы болып тізбелене береді. Жалпы, соңғы мәліметке сүйен­сек, түрлі қажеттіліктерге орай ­атмо­с­фе­ралық ауа қабатына тұрақты түр­де лас заттар шығаратын өндіріс орындары көздерінен шамамен – 30 мың тонна (лимит 83 мың тонна), сондай-ақ, сұйық түрінде төгілетін лас төгінділер – 59 мың тонна, жалпы өндіріс қалдықтары 224 мың тонна болып шығарылуда. Шыны керек, облысымыздағы өндіріс орындары уақыт талабына сай жаңа технологияны пайдалана білгендіктен бұл келеңсіздіктің көлемі жылдан-жылға азаюда. Бірақ онымен тоқмейілсуге болмайды. Төл міндетімізге сай 2012-2013 жылдары заң талабына сәйкес атқарған жұмыс нәтижесі бойынша Алматы облыстық сот жүйесіне табиғатты пайдаланушылар тарапынан қоршаған ортаға келтірген 330011 млн. теңге көлеміндегі залалды өтеу жайлы 232 талап жіберілді. Бұл күндері 290 миллион теңгені құрайтын 22 әкімшілік іс Алматы облыстық экономикалық сотында қаралуда. Заңды белінен баса әре­кет еткен 21 тұлғаның жұмысын тоқ­татуға орай қатталып жіберілген мате­риалдың 17-сін сот қанағаттандырды. 2013 жылы мемлекеттік эколо­гия­лық сараптамаға түскен 199 жоба бойынша 147 оң қорытынды шығарылды, 4-уі мақұлданбады. Жобаларға алдын ала жүргізілген сараптаманың 21 қорытындысын толықтырып, қосымша материал дайындауға жіберілді. 38 жоба қаралуда. 10 материалды тапсырыс берушілер қайтарып алды. Қоршаған ортаға эмиссия рұқсаты бойынша 100 рұқсат берілсе, біздің мамандардың қарап, сараптауында 8-і қалды. Қоршаған ортаға эмиссия рұқсатын беретін портал «Е-лицензиялау» форматында құрылып, белгіленген ережеге сай электронды форматта эмиссияға рұқсат беру жайлы түсірілген өтініштер бойынша 23 сараптама қорытындысы және 209 қауіпті қалдықтар төлқұжаттарын тіркеу жүргізілді. Су ресурстарын тиімді қолдану үшін және электр қуатын алу кезін­де шығатын зиянды төмендету мақ­сатында облыста 8 гидроэлектрстан­са іске қосылып, барлығы 28-ге жетіп, жалпы қуаттылығы 270 мегават­­­­ты құрады. Соның ішінде экология­­­лық талапқа сай келмеген екі стан­са­ның құжаттары қайтарылды. Жаңар­тылатын энергия көздері бойынша облыста 6 жел стансасын тұрғызу белгіленді. Экологиялық талапқа сай Сарқан ГЭС-2 құрылымы бас­та­лып, Есік ГЭС-і құрылысы аяқ­талды. Алматы облысы бойынша 2017 жылы жалпы қуаттылығы 920 МВт болатын судан, желден, күн­нен қуат алатын 23 шағын ГЭС құры­­лысы салынып ЭКСПО-2017-ге ұсы­нылады деп жоспарланған. Сондық­тан бұл өндіріс орындарының алғаш­қы құжаттарынан бастап заңна­ма шеңберінде лайықты жұмыс жүргі­зуіне өз тарапымыздан төл мінде­ті­мізге сай талап та қоюдамыз. Балқаш ТЭС-і құрылысы Жетісу ғана емес республика үшін де аса маңызды бол­ғандықтан осы өндіріс орны бойын­ша жасалған жобаны мұқият тексерудеміз. Облыста елді мекендерді газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс қоршаған ортаға зиянды заттарды шығаруды азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, Алматы облысы бойынша 8 қала, 180 елді мекенді газдандыру жұмысы қарқынды жүруде. Алматы қаласының маңындағы аудандарды газдандыру аяқталуда, сонымен қатар Шилібастау-Талдықорған газ құбырының құрылысы басталды. Біз бірқатар өндіріс орындары және әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандарды газдандыру бойынша құжат жасадық. Бүгінгі күнге 110 газ беру көзі тізімделді. 2013 жылға квоталарды бөлу жоспарына облыстан 8 кәсіпорын енгендіктен экологиялық талапты түсіндіру жұмы­сын жүргіздік. Қоршаған орта және су ресурс­та­ры министірлігінің бастаған шарала­р­ын өз өңірімізде іске асыру мақсатында барлық электр стансаларының тех­никалық аудитін 2020 жылға дейін жүргізу белгіленді. Текелі қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатының қалдық қоймасы туралы тұрғындар тарапынан көп наразылық туғаны белгілі. Біздің талабымыз бойынша соның біреуі қайта қалпына келтірілді, екіншісінде басталған жұмыс аяқталып қалды. Осылайша, ұзақ уақыт бойы қоршаған ортаны ластап тұрған олқылық жойы­лып өлкенің экологиялық жағдайы жақсарады. Алматы – Құлжа күрежолының бойындағы «Тазар» полигоны Алма­ты әуежайынан ұшақтардың ұшу қауіпсіздігіне әсер ететіндігі жан-жақты дәлелденіп, біздің талабымыз бойынша ауданаралық арнайы сот шешімімен полигон жабылды. Қазіргі уақытта қайта құруға бағытталған жобалық құжаттардың техникалық негізделуі және өңделуі аяқталды. Облыстық бюджеттен бұл жұмыстарға 119 млн. теңге бөлініп, соның 11 млн. теңгесі игерілді. Қоршаған ортаны ластағаны үшін 1.318,4 млн. теңге төлем түссе, облыс бюджетінен табиғатты қорғау шараларына 903.1 млн. теңге бөлініп, заң шеңберінде игерілді. Елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын табиғат пайдаланушыларға талап қою мәселесіне баса назар аудармайтыны рас. Уақыт ағымына сай 9 жылда 11 типтік полигон салынды, ол үшін облыс бюджетінен 1,2 млрд. теңге бөлініп, жұмсалды. Полигондарды салу үшін әкімдіктер арқылы 353 орын берілгені – біздің жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі күні жерді пайдалану бойынша тағы 187 мемлекеттік акт дайындалды. Қорыта айтқанда, облыс көле­мін­­де ірі проблемалық мәселелер Сор­бұлақ көлінің зияндылығын азайту және Балқаш көлінің табиғи қалпын қорғап, биоәртүрлігін сақтау болып саналады. Қалижан МӘЛІБЕКОВ, Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы.