Ғылым • 13 Мамыр, 2022

Қазақстандық туристер ғарышқа ұшуы мүмкін

330 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда ғарышқа ұшу модельдерін зерттеу және ғылыми сынақтар жүргізетін эксперименттік құрлық кешені құрылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық туристер ғарышқа ұшуы мүмкін

Бұл туралы Ташкентте өткен «Space Technology Сonference Central Eurasia» конференциясында «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК« АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов мәлімдеді.

«Ғарыш саласы – еліміз үшін ғылым мен техниканың тың бағыты, ғарыштық технологиялар, геофизика, медицина және биология, биотехнологиялар және іргелі ғылымдар саласындағы ғылыми сынақтар ғарыш жетістіктерін кез келген қызмет саласына ендіруге мүмкіндік береді», деді Айдын Айымбетов.

«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының ақпараты бойынша, эксперименттік құрлық кешені ғарыш стансасының бір бөлігі түрінде тұрғызылып, онда зерттеушілер ұзақ мерзімді сынақтар жүргізеді. Модульдің жұмысқа жарамдылығына жергілікті тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері жауап береді. Кешен ғарыштағы жағдайға барынша жақындатылады. Зерттеу қатысушылары сол ортада үздіксіз жұмыс істейді.

Кешеннің негізгі міндеттеріне ғарыш қызметінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін, медициналық профилактика құралдарын, экипаждың жұмысқа қабілеттілігі мен сергектігін, экипаждың дербестігін, оқшаулану салдарын және онымен байланысты физиологиялық стрессорларды зерделеу кіреді.

«Орталық Азиядағы алғашқы ғарыштық зерттеу модулі көптеген энтузиаст жандардың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ғарышқа ұшу бақыты бүкіл әлем бойынша тек санаулы адамға ғана бұйыруы мүмкін. Ал қазақстандық эксперименттік кешен болашақта жүздеген ғалымдар мен мыңдаған туристің арманын орындай алады», деді жобаның серіктесі Eurasian Space Ventures жеке ғарыш компаниясының негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.

Кешен биыл таныстырылатын болады.