16 Сәуір, 2014

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы №786

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы және «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №957 Жарлығына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасын ұзақ мерзімді кезеңде су ресурстарымен орнықты қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін: 1. Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бір ай мерзімде әзірлеп, бекітсін; 2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаны іске асыру мониторингінің нәтижелерін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы №931 Жарлығында белгіленген мерзімде және тәртіппен енгізсін. 3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын. 4. «Мемлекеттік бағдарламалар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №957 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., №25-26, 185-құжат; 2011 ж., №3-4, 39-құжат; 2012 ж., №9, 171-құжат; №47, 626-құжат; 2013 ж., №11, 200-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік бағдарламалар тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 10-жолмен толықтырылсын:
«10. Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі 2013 жылғы 30 қазанға дейін 2014 – 2020 жылдар 2013 жылғы 31 жел­тоқ­санға дейін».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін. 6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ. Астана, Ақорда, 2014 жылғы 4 сәуір.  

Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасына

ТҮСІНІКТЕМЕ

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жол­дауында XXI ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі болып белгі­ленген болжамдалатын судың тым тапшылығы және сол үшін біз­д­ің мемлекеттің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажет­тігі туындады. Үкіметке дәйектілікпен, бірінші кезеңде 2020 жылға қарай – тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету, 2040 жылға қарай суару проблемасын шешетін ұзақ мерзімді бағдарлама жасау тапсырды. 2014 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің №786 Жарлығымен Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық мақсаты су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Мемлекеттік бағдарламаның: су үнемдеу және қолда бар су ресурстарының көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру арқылы халықты, қоршаған ортаны және экономика салаларын су ресурстарымен кепілді қамтамасыз ету; су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру; судың экологиялық жүйелерінің сақталуын қамтамасыз ету басты міндеттері болып табылады. Бағдарлама экожүйені сақтау үшін су ресурстары тапшылығын болдырмау, халықты, экономиканың жоспарланған өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру мәселесін шешуге бағытталған. Су шаруашылығы инфрақұрылымды жетілдіру және дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, елді мекендерді сумен қамту және су бұру жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару бойынша шаралар есебінен 2020 жылға қарай су ресурстарының күтілетін тапшылығын қысқарту жөніндегі шаралар көзделген. Ұсынылған шаралар бірінші кезеңде 2020 жылға қарай су тұтынуды ІЖӨ бірлігіне алғанда нақты мәнде 2012 жылдың деңгейінде алғанда 33%-ға төмендетуге мүмкіндік береді және бұл Мемлекеттік бағ­дар­ламаны іске асырудың басты индикаторы болып табылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі