Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары баронесса Сайида Варси екіжақты қарым-қатынастың әрі қарай даму болашағын, сонымен қатар, бірқатар халықаралық өзекті мәселелерді талқыға салды.
Әңгімелесуші тараптар екіжақты қатынастың белсенді даму ерекшелігін атай отырып, оған 2013 жылғы шілде айында Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның Қазақстанға жасаған сапары мен сол айда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонда британдық үкімет басшысымен өткізген кездесулері елеулі қарқын бергенін атап көрсетті.
Е.Ыдырысов пен баронесса Варси сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жұмысының маңыздылығын атап өтті. Оған арнайы жұмыс топтары мен Қазақстан-Британия сауда-өнеркәсіп кеңесі кіреді. Сауда-экономикалық қарым-қатынас екі елдің екіжақты ықпалдастық кешенінің негізі болып табылады. Қазақстан Кеден комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2013 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,1 млрд. АҚШ долларын құраған (экспорт – 1,5 млрд., импорт – 0,6 млрд.). Ұлыбритания – Қазақстан экономикасына инвестиция салудан үшінші ел (Нидерланд пен АҚШ-тан кейін). Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметтерінше, Қазақстан экономикасына құйылған тікелей британдық инвестиция көлемі 2005 жыл мен 2013 жылдың қыркүйек айы аралығында 10 млрд. АҚШ долларын құраған.
Үкіметаралық комиссия аясындағы келесі кездесулер мамыр айында Астана экономикалық форумы шеңберінде Астанада және қазан айында дәстүрлі Қазақстан бизнес-форумы шеңберінде Лондонда өтеді деп күтілуде.
Ал СІМ-де өткен келіссөздер барысында тараптар Д.Кэмеронның Астанаға сапары кезінде уағдаласылғанындай визалық режімді әрі қарай жетілдіру мен қазақстандықтар үшін британдық визаны алу процедурасын жеңілдету мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ, Е.Ыдырысов пен баронесса Варси Қазақстан мен Ұлыбританияның құқықтық салалардағы ынтымақтастығының болашағын қарастырды. Сонымен қатар, кездесуде Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайлануға жасап жатқан қадамдары туралы сөз болды.
Халықаралық күн тәртібіне тоқтала келе, Е.Ыдырысов пен баронесса Варси Украинадағы жағдайды, Иран ядролық бағдарламасын, сондай-ақ, президенттік сайлау мен халықаралық коалицияның негізгі әскери күштерін 2014 жылдың соңына дейін өз аумағынан шығару үдерісі аясындағы Ауғанстандағы мәселелерге қатысты пікір алмасты.
Келіссөздер нәтижесінде Ауғанстаннан британдық әскерлерді тиімді алып шығуды қамтамасыз ету және аса маңызды Ұлыбританияның жүктерін Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау үшін қажетті екіжақты құжаттарға қол қойылды.