Мазмұнды шараның ашылуында Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай суретші шығармашылығы туралы салмақты ой қозғап, көрмеге қойылған кестесі көркем, өрнегі әсем картиналар көрерменді бей-жай қалдырмайды десе, Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов іс-шараның негізгі мақсатына тоқталып, қоғамдағы нәзік жандыларды алаңдатқан сан алуан өзекті мәселелерді қылқалам иесі өз туындыларында емеурінмен шебер жеткізе білгендігін сөз етті. Сондай-ақ белгілі суретші Сембіғали Смағұлов та талантты әріптесінің бейнелеу өнерінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар екендігін жеткізді.
Жалпы, суретші тақырыбы тосын, уақыт аралығындағы кеңістік, қимыл-қозғалыс, шексіз қазақ даласы, құстардың ұшуы, әуен үні, қыздардың арманы секілді болып келеді. Сондықтан да, оның картиналарындағы бейнелер, бояу түсі, айтар ойы – бәрі де философиялық астармен берілген. Суретші сізге бірден сырын ашпайды, жабық құлып секілді, оны түсіну үшін кілтін іздейсіз.
Ботагөз – өнерлі отбасынан шыққан, әкесі Шоқан Төлеш – танымал мүсінші. Алайда ол сәндік-қолданбалы өнердің гобелен секілді күрделі түрін қуып, өз өрнегін тапқан. Бүгінге дейін оның көрмелері елімізден бөлек, Түркия, Болгария, Польшада ұйымдастырылған. Бірқатар жұмыстары Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ және Италияның жеке коллекцияларында сақтаулы тұр.
Іс-шара соңында көрме иесіне Қазақстан Суретшілер одағы атынан бейнелеу өнеріне қосқан еңбегі үшін Алғыс хат табыс етілді.