16 Сәуір, 2014

Еркін өмір кепілі

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
БектургановҚазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сараптау тобының төрағасы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғановпен әңгіме – Әбдіманап Елікбайұлы, сіз елі­міздегі татулықты, ұлттар достығын қалай бағалайсыз? – Бірлігі жарасқан елдің ырысы артады. Бұған біз Тәуелсіздік алған 22 жылдан астам уақытта көз жеткізіп келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек», деген еді бір сөзінде. Мемлекет басшысы оны жай ғана айтып отырған жоқ, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегенді меңзегені. Заңгер ретінде айтар болсам, біздің Конституциямыз еліміздегі барлық азаматтарға шыққан тегіне, дініне, саяси көзқарасына қарамастан, бірдей құқықтық кепілдік береді. Оған Ата Заңда көрсетілген «Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деген жолдар кепіл болады. Ата Заңымыздың өзі этностық және діни әлемді, көпұлтты әрі көпконфессиялы қоғамымыздағы татулықты сақтап қана қоймай, оның ар-ұжданын, құқықтарын қорғау мүмкіндігін арттырып отыр. Қа­зақстанның экономикалық-әлеу­меттік, қоғамдық-саяси, мәдени өмі­ріне белсене араласып, өз Отаны­ның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген этностардың ана тілін сақтауына, мәдениетін, салтын, әдет-ғұрпын дамытуына, бір сөзбен айтқанда, еркін өмір сүрулеріне біздің елімізде бар жағдай тудырылған. Бұл – өзге ұлт өкілдеріне Елбасы тарапынан жасалған қамқорлық. Қызмет бабында, күнделікті тірлікте болсын, бірқатар өзге ұлт өкілдерімен араласып жүрмін. Осы уақытқа дейін түрлі тарихи оқиғаларға байланыс­ты қоныс аударған этностардың қазақ халқына деген өкпе-ренішін байқамаппын. Олардың ұлты, әдет-ғұрпы басқа болғанымен, ниет-тілектері – ұлтаралық татулықты сақтап, тәуелсіз елімізді өркендету. Әрине, мұның бәрі Елбасымыздың жүргізіп отырған сарабдал ішкі-сыртқы саясатының, елді бірлікке-ынтымаққа бастай алуының, жастарды татулыққа, ауызбірлікке тәрбиелей алуының жемісі деп ұғамын. – Өзіңіз басқарып отырған І.Жан­­­сүгіров атындағы Жетісу мемле­­кеттік университетінде де өзге ұлт өкіл­­дері бар шығар? Олардың ұлт­­тық дәс­түрлерін сақтауға, дә­ріп­­­теу­­леріне қан­дай жағдайлар жасалған? – Қазақстан Республикасы әлем­де көпұлтты тату мемлекет ретінде ерек­шеленеді. Жетісу – 103-тен астам ұлтқа құтты мекен бола білген жер жән­наты. Олар осы жерде тұрақ­тап, өсіп-өркендеп, тамыр жайды. Олар­дың балалары да білім алып, ұлттық құндылықтарын сақтауға, өз тілдерінде сөйлеуге, дәстүрлерін паш етіп, мерекелерін атап өтуге құқылы. Жетісу мемлекеттік университеті өңіріміздегі ең үлкен жоғары оқу орны болғандықтан, мұнда тегіне, яғни ұлтына қарамастан талаптанған жастардың барлығына бірдей білім мен тәрбие беріледі. Бүгінгі таңда оқу орнымызда қазақ, орыс, корей, әзер­­бай­жан, татар, қарақалпақ, ұй­ғыр, тәжік, тағы басқа 15-ке тарта этнос­тардың балалары білім алуда. Олар­дың басым бөлігі облыстық Қазақстан халқы Ас­самблеясының мүшелері. Облыс қала бойынша өтетін шара­­лардың барлығына қатысады. Уни­вер­­ситетімізде де Студенттер ассам­блеясы құрылған. Тәрбие жоспарын жа­сағанда, біз олардың мүдделерін қорғайтын іс-шараларды өткізуді міндетті түрде жос­пар­лаймыз. Фа­культет араларында әр ұлттың дәстүріне арналған тәрбие­лік кештер ұйымдастырылады. Сол күні олар ұлттық киімдерін киіп, ән-жырларын айтып, тағамдарын жасап, байқау өткізеді. Жүйелі тәрбиенің жемісі болар, қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің қатары көп. Оларды ынталандыру, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өткізіп, жеңімпаздарды облыстық байқауға жібереміз. Олар өз этностарының қадір-қасиетін арттыра отырып, қазақ халқына деген құрметін еселей түседі. Наурыз мерекесін атап өткенде де әр этнос өз алдарына «ауылдарын» тігіп, көпшілік назарына ұлттық болмыс­тарын танытады. Осылайша, жастар арасындағы татулықты, достықты нығайтуға көңіл бөліп отырамыз. – Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХІ сессиясына Алматы облы­сынан баратын делегацияның құра­мын­дасыз. Сессия жұмысынан не күте­сіз? – Осымен бірнеше жыл қатарынан сессия жұмысына қатысып келемін. Әр жылғы сессияның алдына қойған өз мақсаты бар. Мәселен, былтырғы жылғы Ассамблея жұмысының түпкі мақсаты ел бірлігін сақтау болды. Елбасының да айтары, Ассамблея мүшелеріне тапсырары – қоғамдағы тыныштықты сақтау. Сөз реті келгенде айта кетейін, жуырда ғана Нидерландта болған жаһандық қауіпсіздік саммитінде Елбасымыз ядролық қарудан бас тартуға қатысты мәлімдеме жасады. Сайып келгенде, әлемде тыныштық болмаса, неше түрлі қарулардың дүмпуінен әлем уланып жатса, адамдардың денсаулығы бұзылып, кемтар бала туылса, мемлекеттер бір-бірімен алакөзденіп, қырғи-қабақ болса, тірліктің мән-мағынасы қала ма?! Сондықтан «Татулық – табылмас бақыт» деген. Біз Қазақстан халқының дос­ты­ғын еліміздің баға жетпес байлы­ғы деп түсінуіміз керек. Өйтке­ні, түрлі ұлт өкілдерінің өзара ынты­мағы, заң алдын­дағы теңдігі сақталмаса, мемлекет те өр­кендей алмайды. Мемлекетіміздің бүгінгі шық­қан биігіне, әлем елдері алдын­дағы беде­лінің өсуіне күллі қазақстан­дық­тардың қосқан үлесі шексіз. Мен соған тәубе деймін. Ынтымағы жарас­қан халық бір мақсатқа ұмтылып, бір ұранға бағынып, Ассамблея аталған үлкен ұйымның қанатының астында айрандай ұйып отыр. Ассамблея жұмысынан көп нәрсе күтемін. Был­тырғы мерейтойлық сессия «Бір халық – бір ел – бір – тағдыр» деп ата­лып, Ассамблея Төрағасы аймақ­та­ғы Достық үйлерін көбейтіп, оның құқық­тық мәртебесін белгілеу, Ассам­блеяны дамытудың өңірлік құжатын түзу жөнінде тапсырмалар берді. «Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретіне ең алдымен қазаққа керек», деген еді Қазақстан басшысы. Ұлы Абайдың «біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өміршеңдігін көрсетіп тұрғандай сезіледі маған. Елбасымыз бұл жолы да Ассамблея жұмысын саралап, ел межесін анықтайды деп ойлаймын. Ал біз өз тарапымыздан еліміздің болашағы үшін, ертеңгі күніміздің берекелі, ырысты болуы үшін Президент айқындап берген мақсат-міндеттерді орындауда қажыр-қайрат танытуымыз керек. Өзара түсіністікте тіршілік кешіп жатқанымызды сырт көз үлгі ретінде қабылдайтыны да анық. Сондықтан осы ауызбірліктен ажырамай, татулықты ту етіп, бола­шағымызды баянды етуде барлығымыз күш жұмсасақ, Қазақстан халқының достығы нығая түсетіні сөзсіз. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.