Қазақ жеріне қарашекпендер ағылған ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында Батыс Қазақстан өлкесінің көп жері ономастикалық өзгеріске ұшыраған еді. Еліміз тәуелсіздік алып, тұғырымыз бекігелі тарихи әділеттілік қалпына келуде. Жақында жергілікті ономастика комиссиясы халық пікірін ескеріп, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 11-бабының 4-тармақшасына сәйкес қорытынды шығарған. Соған орай Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қаулысымен, облыстық мәслихат депутаттарының шешімімен Бәйтерек және Теректі аудандарының біраз елді мекендері мен әкімшілік-аумақтық бірліктерінің атауы өзгерді.
Сонымен Бәйтерек ауданы бойынша Краснов ауылдық округі – Бейбітшілік ауылдық округі, Краснов ауылдық округінің Погодаев ауылы –
Бейбітшілік ауылы, Краснов ауылдық округінің Котельников ауылы –
Сырым батыр ауылы, Железнов ауылдық округі – Атамекен ауылдық округі, Железнов ауылдық округінің Железнов ауылы – Атамекен ауылы, Железнов ауылдық округінің Новенький ауылы – Қайнар ауылы, Чеботарев ауылдық округі – Құрманғазы ауылдық округі, Чеботарев ауылдық округінің Чеботарев ауылы – Құрманғазы ауылы, Чеботарев ауылдық округінің Хамин ауылы – Аманат ауылы, Шалғай ауылдық округінің Карпово ауылы – Тыңдала ауылы деп аталатын болды.
Ал Теректі ауданындағы Федоровка ауылдық округі – Теректі ауылдық округіне, Федоровка ауылдық округінің Федоровка ауылы – Теректі ауылына айналды.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысындағы барлық аудан атауы толығымен қазақыланды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру міндеті өңірде ретімен жүзеге асуда.
Әрине ономастика саласында өңірде әлі кезең-кезеңімен атқаратын шаруа көп. Ендігі кезекте ауыл мектептерінің атауларын ауыстыру, ірілі-ұсақты елді мекен атауларын өзгерту секілді міндеттер тұр. Мысалы, Бәйтерек ауданының өзінде әлі осындай 40-қа жуық ауыл бар екен. Ақжайық, Бөрлі, Теректі аудандарында да осы бағытта атқаратын іс аз емес.
Батыс Қазақстан облысы