16 Сәуір, 2014

Келелі іс бастауында – кеденшілер

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінде Консультативтік кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Мәжілісте жаңа ережелердің бірі – Кеден одағының аумағына теміржолмен әкелінетін тауарлар туралы міндетті алдын ала ақпараттандыру мәселесі талқыланды. Алдағы қазан айынан бастап күшіне енетін бұл ереженің бірнеше артықшылықтары бар. Мысалы, алдын ала ақпараттандыруды транзит декларациясының электронды көшірмесі есебінде пайдалануға болады. Сондай-ақ, жүктің өту уа­қыты едәуір қысқарады. Мысалы, өт­кізу пунктінде тұрған кеден өкі­лімен байланысудың қажеті жоқ және тауарды босату туралы шешім қабылдауға аз ғана уақыт жұмсалады. Одан соң «Тауарларға арналған декларацияда көрсетілген мәлі­меттерге өзгерістер мен қосым­шалар енгізудің  тәртібі туралы»  Еуразия Экономикалық комис­сиясының шешімі туралы сөз болды.  Өңірге келетін тауарлардың не­гізгі тасқыны «Қызылорда-Кедендік ресімдеу орталығынан» өтеді. Кеден бекетінің басшысы А.Қарлыханов тауар декларациясын толтыру барысында қай жерде қандай мәліметті орналастырудағы жаңа талаптарды түсіндірді. Сонымен қатар, кеденшілер үстіміздегі жылдың 22-23 мамырына жоспарланып отырған VII Астана экономикалық форумы және II Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция туралы хабарлама жасады. Әлем халықтарының бірыңғай және тең құқылы үнқатысуы, зерттеу­лер жүргізу, мемлекеттік, қо­ғамдық, ақпараттық және бизнес құрылымдарын кеңінен тар­ту арқылы ұлттық экономи­каларды және ғаламдық қауымдастықты дамытудың өзекті проблемалары жөнінде ұсыныстар мен бағ­дар­ламалар әзірлеу үшін құрылған G-Global сайтында интерактивті, ашық және бұқаралық пікірта­лас­тарға қатысу мүмкіндігі түсін­дірілді. Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің мәліметтеріне көз жүгіртсек, қы­зылордалық кеденшілер І тоқсан қорытындысы бойынша бюджетке 3 миллиард 63 миллион 210 мың теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсірген екен. Бұл алдын ала жасалған болжамды тапсырма 100,1 пайызға орындалды деген сөз. 2014 жылдың алғашқы тоқсанында облыстың сыртқы сауда айналымы 366 миллион 291 мың АҚШ долларын құрады. Мұны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстыра қарасақ, сыртқы сауда айналымы  7 миллион 396 мың долларға кемігенін көреміз. Кедендік аудит бойынша, сыртқы экономикалық қыз­мет­ке қатысушылардың қызме­тіне 3 жоспарлы және 9 камерал­дық тексеру жүргізілді, нәтиже­сін­де бюджетке 104 миллион теңге кеден төлемдері мен салық­та­ры қосымша есептелінді. Депар­та­менттің контрабандаға қарсы күрес басқармасы барлығы 6 қыл­мыс­тық іс қозғап, 24 миллион 475 мың теңге  мемлекет пайдасына шығын өндірген. Қысқасы, кеденнен келер шығыннан пайда зор. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.