Қазақтың түрен тимей тусырап жатқан сайын даласында тың және тыңайған жерлерді игеру қозғалысы басталғанда мен жоғары оқу орнын бітірген жас маман едім. Содан бері арада аттай шауып 60 жыл өтсе де, бәрі кешегідей көз алдымда жаңғырып тұр. Иә, Бейімбет Майлиннің әңгімелеріндегі «шаш ал десе бас алатын» кейіпкерлеріне ұқсас атқамінерлердің әмірімен ауылдардың іргесіне дейін жыртылып, бейіт-зираттарды қирату, алдын ала ғылыми зерттеусіз және даярлықсыз кіріскендіктен топырақ құнарын сақтамау, оның ақыры Жер-ананың тозуына соқтыру секілді асыра сілтеушіліктердің болғаны рас. Уақыт өте ондай қателіктер түзетіліп отырды. Қалай десек те, «Тың эпопеясы» деген атпен тарихқа жазылған маңызды оқиғаны жадыдан өшіріп, сызып тастай алмайтынымыз ақиқат.
Соғыс аяқталғаннан кейін бейбіт еңбекке көшу оңай болған жоқ. Бір ғана Солтүстік Қазақстан облысында егін алқаптарының 126 мың гектарын арамшөп басып қалды. Машина-трактор паркі кеміп кетті. Шаруашылықтардың көпшілігі соғыстан кейінгі жылдарда астық тапсыру жоспарларын жарым-жартылай ғана орындап жүрді. Мал шаруашылығындағы жағдай бұдан да нашар еді. Мал басы 26 пайызға азайды. 1950 жылы ұжымшарлар өндірісін нығайту мақсатымен Министрлер кеңесі мен БКП/б/ Орталық комитетінің шағын ұжымшарларды ұлғайту туралы қаулысы қабылданды. Өңірде 426 ұжымшардың негізінде 230-ы құрылды. Алайда, бұл шара да тиімді болмады. 1952 жылы олардың несие қарызы 32 миллион сомды құрады. Енді ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлық көлемін тың және тыңайған жерлерді игеру және жаңа сатып алу бағаларын енгізу есебінен арттыру көзделіп, 1953 жылы қыркүйекте, 1954 жылы ақпан-наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумдарында арнайы қаулылар қабылданды. Сөйтіп, тыңайған жерлерді игеру облыстың республикадағы жағдайын өзгертіп, ірі тауарлы астық өндіруші өлкеге айналдырды. Деректерге жүгінсек, 1954-55 жылдары 35 кеңшар, 60 элеватор, 120 астық қырмандары, 60 сүрлем, 40 көкөніс қоймалары, 19 мал шаруашылығы алаңы салынған. Астық шығымды болған 1956 жылы 19 кеңшардың ұйымдастыруға кеткен шығындарын өтеуге мүмкіндік алып, 26 миллион теңге пайда тапты. 1957 жылы 99 ұжымшар мен 14 МТС-тың негізінде тағы 16 кеңшар құрылды. Оларда 13,5 мың бас мал өсірілді. 1958 жылдың өзінде ғана ірі қара малы –13, сүт өндіру – 60, оны мемлекетке сату 65 пайызға ұлғайды.
Кейбіреулерде тың және тыңайған жерлерді игеруді 1954-56 жылдармен ғана шектеу, ауыл шаруашылығы саласымен ғана байланыстыру түсінігі басым. Бұлай ойласақ, қателесеміз. Осы кезеңде ауыл-селоларды жаңа техникамен, құрылыс материалдарымен, су қорларымен, электр қуатымен жабдықтау басталып, одан әрі жүйелі түрде жалғасты. Облыста негізгі өндірістік қорлар екі есеге артты. Кеңшарлар мен ұжымшарлар 15 мың трактор, 9 мыңнан астам комбайн, 6 мың жүк машинасын алды. Елді мекендердің бет-бейнесі өзгеріп, барлық жерлерде жаңа мектептер, клубтар, емдеу мекемелері салынды. Тың игеруге дейін қазақ ауылдарында негізінен шым үйлер ғана болғанын аға ұрпақ жақсы біледі. Барлықтың, байлықтың арқасында адамдардың әл-ауқаты мен мәдениеті түзеле бастады. Кір жуғыш машина, телевизор, мотоцикл, тоңазытқыш күнбе-күнгі қажетті дүниелерге айналды. Қорғаныс зауыттары, ет комбинаты сияқты қоғамдық маңызы бар нысандар бой көтерді. Облыстың жалпы өнімдер құнының 48 пайызын одақтық, 33 пайызын республикалық, 19 пайызын жергілікті өнеркәсіп берді. Тұтастай алғанда, соғыстан кейінгі онжылдықтардағы даму кезінде Қызылжар өңірінің шаруашылығы қалпына келтіріліп қана қойған жоқ, сонымен бірге, одан әрі жетілдіру табандылықпен жүргізілді. Бұған «тың эпопеясының» қосқан үлесі зор. Республикамыздағы аса ірі №2 жылу электр орталығы, қорғаныс өнімдерін шығаратын Петропавл ауыр машина зауыты пайдалануға берілді. Теміржол электрмен жүруге көшірілді.
Бүгінгі жастар күн өткен сайын көркейіп келе жатқан қазақ елінің шоқтықты қаласы Астанаға ұмтылады. Біз жалындаған жастық шағымызда Алматыға асыққанбыз. Ұстаздардың дәрісі, мәдениеті гүлденген шақар өсірді, білімді етті. Туған жер төсіне білікті маман болып оралдық. Бұл күллі Кеңестер Одағы болып тыңды игеріп жатқан, ұрандатып жүрген, алып елдің әр түкпірінен қыз-жігіттер ағылып, қазақ жерін игерудің романтикалық жорығы басталып кеткен уақыт болатын. Осы дүрбелең шақта еңбекке араластық. Мельник деген Ауыл шаруашылығы министрі арнайы қабылдап, «сендердің алдарыңда мәртебелі міндет тұр. Тың көтересіңдер. Біз әрқайсыңа үлкен үміт артамыз», деген жылы сөздермен жігерлендіріп, көтерме ақша бергізді. Ол кездегі үкіметтің жас маманға деген қамқорлығын айтсаңшы!
Октябрь ауданының Полудин МТС-іне агроном етіп жіберді. Желдің өтінде жүрдік. Қиындыққа арқа тосып, жаңа кеңшар, аудан құрыстық. Ол кездері «жоқ» деген сөз көп айтылатын. Халық үшін тер төгу, адал еңбекті ардақтау айнымас ұранымыз болды. Қолымыздан келгенше өмірімізбен де, ісімізбен де елге қызмет етуді зор абырой санадық. Қазақ жерінде жайқалған егін алқабы, бой көтерген қалалар мен елді мекендерге мысқалдай үлес қосқанымызды мақтан етеміз.
Тың бәрімізді түлетті, шыңдады, шынықтырды, тәрбиеледі. Екі ауданды басқарған жылдары да, Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде де тың даланы түлеткен кездерімізді естен шығарған емеспін. Қазақ өз қадірін де, сөз қадірін де білген. Бауырмалдылығы, кеңдігі, қайырымдылығы айтып жеткізгісіз. Үйінің есігі жабылмаған, қонағының еншісі бөлінбеген. Өркениетті елдерде ғана болатын орасан мәдени байлықтарына иеміз. Дәстүр үзілген жерде дүрмек басталады. Олай болса, тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі ұрпақтар арасындағы жақсы жарасымдылық, сабақтастық болғанын өскелең ұрпақ бойына дарыта білейік.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының
құрметті азаматы.
Солтүстік Қазақстан облысы.