Экономика • 17 Мамыр, 2022

Экономика қайтсе еңсе тіктейді?

196 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жыл басынан бері ел экономикасы 4,4 пайызға өскен. Ел экономикасының тең жартысынан астамын шикізат секторы, нақтырақ айтқанда мұнай өндірісі құрайтынын ескерсек, мұндай өсімге қуана қоюдың қажеті бар ма екен? Егер тіс пастасынан бастап, мүлік-мүкәммал, көйлек-көншекке дейін өзіміз өндіріп, балқытылып жатқан металл біткенді төске салып шыңдап, оны басқа дүниеге айналдырып, соны сатып пайда тапсақ, әңгіме басқа. Жығылғанға жұдырық – экономикамызды енді түрлендіреміз бе дегенде геосаяси дағдарыс келіп қосылды.

Экономика қайтсе еңсе тіктейді?

Жылдар бойы бір сарынды эконо­микаға арқа сүйеп келдік. Мұнайдың бағасы өссе, табыс молаяды, мұнай арзандаса, табыс та төмендейді. Міне, осы ұстаным күні бүгінге дейін қызмет етті. Енді жаңа тенденцияларға ілеспесек, адами капиталды дамытпасақ, шағын және орта бизнесті қаржыландыру мәселесінде әділдік орнатпасақ, зіл батпан проблемалардың бірінен соң біріне ұрынар түріміз бар. Ахуал түзелмесе, жақын арада алдан шығуы мүмкін проблемалар қандай? Бірінші кезектегі түйткіл – Ұлттық қор қаржысының тау­сылуы. Қордағы ақша қазірдің өзінде азаймауы тиіс қалдыққа таяп қалды. Биыл қордан 4,6 трлн теңге трансферт жасау жоспарланған. Соның 1,2 трлн теңгесі алынды. Осымен үшінші жыл қатарынан келешек ұрпаққа деп ашқан қордан 4,5 трлн теңгеден астам қаржы алып жатырмыз. Сөйтіп, Ұлттық қор бюджет жыртығын жамайтын тетікке айналды. Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, Ұлттық қор активтерінің ІЖӨ-ге қатысы былтырғы 40 пайыздан биыл 34 пайызға дейін төмендеген. Бекітілген мөлшер бойынша Ұлттық қор активтері ІЖӨ-нің 30 пайызынан кем болмауға тиіс.

Келесі түйткіл – жұмыссыздық. Өн­діріс жоқ. Жылтыр фабрика, жал­ған зауыт – жарға жықпай қоя ма? Аза­мат­тар­дың көбі қол жұмыс іздеп қалаға ағылады. Қала агломерациясы жойдасыз жайыла түседі. Оларды бақылау қала әкімдігі үшін қосымша проблема тудырады. Ал екі қолға бір күрек таппай сенделген жастар – кез келген арам пиғылды топтың арбауына тез түсетін, қажет болса мемлекетке қауіп төндіретін маргиналдар тобын қалыптастыратынын да ұмытпау қажет. Мұны алысқа ұзамай-ақ қаңтар мысалынан да анық аңғаруға болады.

Енді геосаяси тәуекел мәселесіне ойы­сайық. Қор нарығы бойынша сарап­шы Нұрғали Нұрмахамбетов Ресей мен Украина соғысы ұзаққа созылады және алдағы 2-3 жылда  шикізат тапшылығына ұшырайтынымызды айтады.

«Наразылық білдірген сайлаушылар қысымына ұшыраған еуропалық лидерлердің Ресеймен келіссөзге баруы және АҚШ-пен тым қатты кон­фронта­ция­ға түсуі үшін Путинге дәл қазір аса ауқымды әлемдік инфляция керек болып тұр. Жақын арада біз Ресей мұнайына толықтай эмбарго жарияланғанына куә боламыз. Ал оның орнын қазақстандық мұнай басады. Сондықтан жуық арада мұнай бағасының барреліне 200 долларға дейін жетуі әбден мүмкін. Ал батыс тарапынан Қазақстанға тиісу болмайды», дейді Н.Нұрмахамбетов.

Оның айтуынша, теңге бүкіл ТМД үшін еркін айырбасталатын қуатты валютаға айналуы мүмкін. Бұл – еркін нарықта айырбас бағамы қалыптасқан және қуатты валюта жастығы бар жалғыз валюта.

Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, егер қазақ мұнайы экспорттау тұрғысынан іркіліс туындамаса онда жыл соңына таман ІЖӨ өсімі Үкімет жоспарлап отырған 2,1 пайыздан асуы мүмкін.

«Әрине, санкцияларға байланыс­ты логистикалық тізбектің бұзылуы және Ресейден келетін импорттың шек­телуі экономикалық өсім қарқынын баяулатады. Дегенмен біздегі жағдай Ресейге қарағанда әлдеқайда жақсы. Бізде іс­кер­лік белсенділік өсіп жатыр. Ал ин­фляция өсіміне сыртқы факторлар әсе­рін тигізіп жатыр. Ғ.Пірматовтың айтуын­ша, геосаяси дағдарыс жағдайында сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік бұзылды. Қазақстанның сауда серіктес елдерінде де, экономика­сы дамыған елдерде де инфляция өсіп жатыр. Яғни біз инфляцияны да бел­сен­ді «импорттап» жатырмыз. Деген­мен менің ойымша, біздегі жоғары инфляцияның басты себебі – 2019 жылдан бергі проциклдік бюджеттік саясат. Іс жүзінде бізде дағдарыс жоқ, керісінше, іскерлік белсенділік артып, тауарларға тұтынушылық және инвестициялық сұраныс артып келеді. Елдегі инфляция­ны ынталандырып отырған осындай қолайлы экономикалық жағдайда біздің билік кенеттен Ұлттық қор есебінен бюджет шығыстарын күрт ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл бағаның өсуін одан әрі жеделдете түседі. Соңғы үш жыл бойы жүргізілген осы саясат базалық ставканың да көтерілуіне алып келді», дейді М.Темірханов.

Қазір Ресейдің экономикалық жағ­да­йы мүшкіл күйде. Сыртқы қарыз­дар бо­йынша дефолтқа ұшырауы ықтимал. Ең басты сауда серіктесіміз болғандықтан оларда тұрған дауылдың бізде кемі қара суық жел болып қайталанары сөзсіз. Экономист Алмас Чукиннің пайымдауынша, Ресейдегі ахуалдың тікелей болмаса да жанама әсері міндетті түрде болады.

«Ресейде дефолт жарияланған жағ­дай­да елдің халықаралық рейтингі тө­мен­дейді. Бұл ақшасын батыста сақтап отыр­ған ресейлік компания мен банк­терге ті­келей қатер төндіреді. Бұл бізге тіке әсер етпейді. Егер БЖЗҚ ресейлік об­лигация­ларды ұстап отырған болмаса. Ондай жағдайда сыйақы төлемдерін жасау және бағалы қағаздардың құнсыз­дан­уы бойынша қиындықтар туындайды», дейді.

Ал жаһандық экономика және саясат институтының сарапшысы Мағбат Спанов жағымсыз әсер ресейлік се­рік­тес­­термен бірге бизнес жүргізетін қа­зақ­стандық компанияларға тиетінін ай­тады. «Ресейлік еншілес банктердің қиын­­­дыққа ұшырауына байланысты қар­жы­ландыру мәселесі де тұйыққа тіреліп жатыр. Мәселен, «Сбербанк Қазақстан» қазақстандық өндірістік кәсіпорындарға белсенді түрде несие беріп, импорттық құрылғылар мен техникаларды сатып алуды қаржыландырып келді. Енді со­ның бәрінің жолы кесіліп отыр. Сбер және өзге де еншілес банк­тер­дің на­рық­тан кетуіне байланысты туын­даған несие вакуумының орнын толтыру үшін уақыт қажет», дейді ол.

Айтпақшы, біз үшін экономикамызды дамытқаннан бөлек, оны сақтап қалу проблемасы да қосамжарласып тұр қазір. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, соңғы екі айда Қазақстанда ресейлік компания мен филиалдар саны 1 мыңнан асқан. Мамырдағы дерек бойынша елімізде Ресей капиталы бар 9 мыңнан аса заңды тұлға мен филиал жұмыс істейді. 1 наурызбен салыстырғанда олардың саны 13,8 па­йыз немесе 1 098 субъектіге көбейген. Ресейлік кәсіпкерлер түрлі блоктарда Қазақстанда компаниясын тіркеу және заңды тұлға немесе жеке тұлға ретінде карта ашудың небәрі 5 күнде бітетін шаруа­ екенін айтып, жарыса жазып жатыр.

Осындай қысылтаяң кезде бір қол­дың саласы, бір атаның баласындай біріге аламыз ба деген сауал туындайды. Осыған дейін де қанша жобаны қолға алдық қой. Аяғы қалай біткенін екінің бірі айтып берер. Үкімет импортты алмастыру жобасын жасаймыз, өндірісті молайтамыз, алдағы бірер жылда 116 мың жұмыс орнын ашамыз деп құлшынып отыр. Осыған дейін осыншама, тіпті бұдан бірнеше есе көп жұмыс орнын ашқанбыз. Олар қайда? Ашық па? Әй, солар жабылып тынды. Жұмыс қызып жатса, жұмыссыз сенделген азаматтар қайдан шықты? Табыс неге төмен? Экономиканы әртараптандырмадық. Импортқа тәуелді болу санаулы шенді мен шекпенді үшін тиімді болса болған шығар, қарапайым халық әбден запы болды.

Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­малар агенттігі биыл шілдеде жаңа экономикалық саясат аясында ре­фор­ма­лар пакетін таныстырмақ. «Жаңа экономикалық саясат келесі басым­дық­тар­ға негізделеді: орнықты инсти­ту­ционалдық реформа, әділ бәсе­ке және экономикалық еркіндік, макро­эко­но­микалық тұрақтылық, экономиканы әртараптандыру, адам капиталын дамыту және мемлекеттік басқару реформасы», депті агенттік басшысы Әсет Ерғалиев.

Тізбектей берсек, түйткіл көп. 2022 – шын мәніндегі «Жаңа Қазақстанды» құрудың бастауы болар, сөздің дамыл тауып, істің тынысы ашылар жыл болар деген әлсіз үміт қылтияды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше