Экономика • 17 Мамыр, 2022

Агробанк керек пе?

372 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Жоқ, керек емес». Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Аграрлық банк қажет» деген депутаттық сауалға берген жа­уабында осылай депті. Елімізде еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіп субъектілерін қаржыландыратын «Бәйтерек» холдингі бар. Сол себепті жеке аграрлық банк құрудың қисыны жоқ деп есептейді Премьер-Министр.

Агробанк керек пе?

Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Айтуынша, еншілес компаниялар банк операцияларының жекелеген түрін жүргізуге ар­налған лицензиясы болуы арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие және лизинг ұсына алады. «Банктер операцияларын түгел орындамай, экономика салаларына қызмет көрсету мүмкіндігін шектеп отыр. Сонымен қатар Агро­банктің бір ғана бағыт бойын­ша қызмет көрсетуі үлкен тәуекелге ұрындырады. Салым­шы­лар қаржылық қызмет­тердің ауқымды спектрін ұсынатын әмбе­бап қаржы институттарымен жұмыс істегенді жөн көреді. Ма­мандандырылған банктің халық депозитін өзіне тартуы қиынға соғады», деді Ә.Смайылов.

Парламент Мәжілісінің депу­таты Айқын Қоңыров осы кезге дейін көп­функционалды мем­ле­кеттік банк­тің құрылмауы – Қазақ­­стан­ның стра­тегиялық қателігі екенін айт­ты.

«Жеке банктерді, квази­мем­лекеттік делдалдарды шек­сіз қаржыландыру процесін тоқ­татып, қаржыны мемлекеттік банк­тердің жаңа буынын құру­ға жұмсау қажет. Отандық эко­но­микадағы реформалардың әзір­ге банк секторына қатысы болмай тұр. Бірақ халық пен экономиканың нақты секторына қолұшын беруді доғарған банк жүйесінің жұмыс сапасын жақсарту үшін қазір шешімтал қадамға бару қажет. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен және нарықтағы кедер­гі­­лер алынғаннан кейін де бізге қолжетімді ресурсы бар, технологиясы озық әлемдік қаржы инс­титуттары келген жоқ. Маңызды позицияны ресейлік банктер жаулады. Соңғы бес жылда отан­дық екінші деңгейлі банктер активіндегі ресейлік еншілес банктердің үлесі 9-дан 15 пайыз­ға дейін артты. Қарыз портфелін­дегі жиынтық үлесі 17 пайыздан асты. Енді қазір санкцияға ұшы­ра­ғаннан кейін жағдай мүлде бас­қа қырына қарай өзгеріп жатыр. Егер кезінде салалық мем­лекеттік банк құрғанымызда, кәсіпкерлеріміздің триллион­даған ақшасы бұғатталған шоттарда («Сбербанк Қазақстан», «ВТБ Қазақстан» және «Альфа-Банк» – ред) жатпас еді».

Оның айтуынша, енді экономиканы мемлекеттің өзі несие­леу­ге мәжбүр.

«ҚазАгро» холдингінің қыз­меті тоқтағанына қарамастан қар­жыландырудағы ашықтық мәселесі сол күйінде қалып отыр. Республикалық бюджеттен салаларды несиелеу әкімдік желісі бойынша микронесие арқылы жүреді. Өнеркәсіп саласында бюджеттен несие ресурсын бөлу «Бәйтерек» холдингі, Қазақстан даму банкі және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы көпқабатты схемамен жүзеге асады. Бұл процеске «қаржылық қызметтерге қолжетімділікті арттыру», деген әдемі термин таңылған. Шын мәнінде мұның артында қол­жетімді несие ресурсын ұсы­на алмайтын тиімсіз жеке­меншік банк жүйесіне тұрақты демеушілік ету ісі тұр. Толыққанды мемлекеттік банк бола алмаған Қазақстан даму банкі де осындай схемамен жұмыс істеген. Бізге өзінің ғана экономикалық мүддесін ойлайтын, алыпсатарлық кірісті көздейтін банк емес, өндірістік әлеуетті арттыра алатын қаржы институты керек. Мұндай жұмыс­ты мемлекеттік банк құрмай іске асыру мүмкін емес. Бұл ке­мі екі салаға қатысты – ауыл шаруа­шылығы және өнеркәсіп. Даму үшін бізге «Агробанк» және «Промстройбанк» қажет», дейді депутат.

Осыған дейін мұндай идеяны сенатор Мұрат Бақтиярұлы да көтерді.

– Фермерлерді қаржылық қолдауды күшейту үшін ауыл шаруашылығы банкі құрылуы керек деп есептеймін. Бұл атал­ған салаға үлкен демеу береді. Қызылорда облысына барған кезімде фермерлер осы мәселені көтеруімді сұрады. Диқандардың айтуынша, өңірде күріш негізгі аграрлық өнім болып отыр. Облыс ішкі нарықта осы өнімнің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ жылдан-жылға жұмыс істеу қиындап бара жатыр. Өңір­дегі суар­малы жерлердің жағ­дайы сын көтермейді, су құ­быр­лары мен кәріз жүйелері тиіс­ті қаржының жоқтығынан уақ­тылы тазаланбайды, соның сал­дарынан кептеліп, шамадан тыс сортаңданып қала бере­ді. Дамыған елдерде 1 текше метр судан 4-6 кило ауыл ша­руа­­шылығы өнімі өндірілсе, біз­де бұл көрсеткіш небәрі 0,4-0,8 ки­лоны құрайды – 6 есе аз. Да­мыған елдерде 1 кило өнім алу үшін 160-400 литр су жұм­салса, бізде ол 1 200-1 500 литр­ді маңайлайды. Суармалы жер­лер­дің гидромелиоративтік күйі көңіл көншітпейді. Бұл мәселе Үкіметтің назарын аударуы тиіс, – деген еді М.Бақтиярұлы.

Ол сондай-ақ минералды тың­айтқыштар бағасының қымбат­тауын, арадағы делдалдардың кесірінен бағаның шарықтап тұрғанын айтады.

«Біздің ауылшаруашылық өндірушілері Ресей мен Беларус­тың фермерлерімен бәсекеге түсе алмайды. Ол елдердегі аграрлық банк фермерлердің мүлкі мен жерін кепілге алып, ұзақ мерзімге арзан несие береді. Әрі аталған банктің бөлімшелері әр өңірде бар. Ауыл шаруашылығына ар­налған банк ашу мәселесі Пар­ла­мент қабырғасында талай ай­тылды, бірақ әлі оң шешім шыққан емес», деді сенатор.

Айтпақшы, агробанк құру мәселесін бір кездері «Ауыл» партиясының делегаты Юрий Комаров та айтқан болатын.

«Ауыл шаруашылығында Қазақ­станның әлеуеті өте жоға­ры. Тіпті мұнай, газ, металды да алмастыра алады. Бұл үшін аг­рар­лық саясатты түбегейлі қарау керек. Бірінші кезекте, фермерлерге жылдық 4 пайыздан көп емес ұзақ мерзімді несие берілгені дұрыс. Бірде-бір коммерциялық банк шағын шаруа қожалығына несие ұсынбайды. Агробанкті құру қажеттілігі баяғыда туды. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі немесе Қазақстан даму банкі тәжірибесімен жеке заң қабылданғаны абзал», деп пікір білдірген еді Ю.Комаров.

Сәуір айында Ауыл шаруашы­лығы министрлігі 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн кво­тасын белгілеп, бидай мен ұн экспортына шектеу қойған еді (бұйрық 15 маусымға дейін күшінде). Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бидай көлемі 6,4 млн тоннаны құрайды. Сонымен бірге агроөнеркәсіп ке­шенін қолдау үшін 310 млрд теңге бөлінді. Қосымша 43 млрд теңге инвестициялық субсидиялауға, 9,3 млрд теңге нан өндірісі үшін бидайды субсидиялауға берілді. Мұндай шектеу сәл бұрын Ресейде де енгізілген.

«Ресей билігі өз әрекеттерін ішкі нарықтағы бағаның өсуінен қорғаумен негіздеді. Бірақ Ресей­дің бірқатар аймақтарында бидай бағасы 10 пайыздан астамға қымбаттады. Нан өндірісінің шығыны 30 пайызға дейін өсті, нан бағасы 15 пайызға дейін қым­баттауы мүмкін. Ресейлік сарап­шылардың пікіріне қарағанда, нан өнімдерінің шикізатын өндіру­шілер экспорттық түсімдердің төмендеуіне байланысты бағаны көтереді. Енгізілген шаралар­дың ұқсастығына және екі елдің сауда тәуелділігін ескерсек, Қазақ­станда да ұн өнімдері баға­сының өсу тәуекелі бар. Қазір отандық аграрлық сектордың ахуалы қиын кезеңде тұрғаны және құ­ры­лымдық қолдауға мұқтаж еке­ні жасырын емес. Несиеге және басқа да қаржы өнімдеріне қол­жетімділікті арт­тыру үшін агро­банк құру ұсы­нылып жатыр», деп жазады те­леграмдағы Risk Takers кана­лының сарапшылары.

Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова әзірге агробанк құруға қажеттілік жоқ деп санайды.

«Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің негізгі проблемалары қандай? Біріншіден, сервис пен қаржылық сауаттылықтың төмендігі олардың қызметін жүр­­гізу­дегі ашықтыққа кедер­гі болып тұр. Түрлі құралдар ен­гізу арқылы оны түзеуге бола­ды. Екіншісі, ауыл шаруашы­лы­ғындағы жоғары тәуекелдер. Сала­ны болжау өте қиын, сон­дық­тан қаржы институттары ол жаққа асқан сақтықпен аяқ басады. Өкінішке қарай, жұ­мыс істемей тұрған кредиттер үлесі бұл салада өте жоғары – 25 пайыз. Сондықтан мемлекет кепілдендіру құралдарын ұсыну, сондай-ақ шектеулі формада – субсидиялау формасы арқылы тәуекелдерді бөлістіруі керек деп санаймын. Өйткені көптеген дамыған елдерде ауыл шаруашылығы саласы дәстүрлі түрде субсидияланады. Ондай мақсат үшін агробанк керек емес. Одан гөрі арнаулы даму институты қажет», деді Е.Бахмутова.

2022 жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша, банктер осы салаға 332,4 млрд теңге займ берген (2021 жылы 225,7 млрд теңге). Сөйтіп, соңғы бір жылда ауыл шаруашылығын несие­леу 106 млрд теңгеге өскен. Әри­не, ақшалай мәндегі ірі цифр­лар қашанда сүйкімді. Бірақ ол ақша нақты кімнің қалтасына түс­ті, қалай жұмсалды, ол жа­ғын айырып білу мүмкін емес. Көзіміз жетпесе де, ептеп күмән­данамыз. Себебі, жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес агенттігі фермерлер үшін бөлінген субсидия қар­жы­сының қылмыстық жолмен жым­қырылып келгенін мәлімдеген еді. Субсидия дегеніңіз облыс әкім­дігіндегі шенділердің аузына май жаққан талай пысықтың тау­сыл­мас «несібесіне» айналған. Бұл мәселеге Президент те назар ауда­рып, дәл осы саланың жылдар бойы жемқорлық құрсауынан шы­ға алмай келе жатқанын айтты.

«Былтыр қуаңшылық болды, шаруалар беретін жем тап­пады, мал қырылды. Кей өңір­лерде шаруаларға субсидия ре­тін­де күн батереялары берілген. Ашығын айтқанда, ауылдықтарға не керек екенін ешкім ойланып та жатпаған. Субсидия игерілді деп есеп беру үшін күн батереяларының бағасы еселеп көрсетілген. Осының бәрі уәкілетті органдардың жауап­кершілік танытпауының салдарынан болды. Мұндай өрескел шығынға жол бергені үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер жауап беруі керек», деген еді Мемлекет басшысы.

Жалпы, соңғы бес жылда шаруаларды қолдауға 2 трлн теңге бөлінді. Әрине, оның жар­ты­сынан астамы діттеген мекенжайға жетпеген. Осындай түйткілдерді айта келе саланың жүгін көтерер бір қаржы инс­титуты керек секілді көрінеді. Өйткені «Бәйтерек» секілді ірі холдингтердің компаниялары тек ірі бизнестерді қаржыландырады және көп жағдайда жоғарыда айтылғандай күмәнді схемаға құрылған несие беру процесі әлі күнге ашықтықтан ада болып отырған жайы бар. Жағдайға бізден гөрі қанық шенділер солай дейді. Егер агробанк құрыл­майтын болса, онда салмақ тағы да айналып кеп микроқаржы ұйымдарының мойнына түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде аталған ұйымдар бизнеспен қоян-қолтық жұмыс істей бастады және бірқатары шаруаларға несие беруден тартынбайтынын мәлімдеп те үлгерді. Қаржы әділ бөлінгенде ғана қай саланың да түтіні түзу ұшпақ.