Референдум-2022 • 17 Мамыр, 2022

Өзгерістердің мән-жайы түсіндірілді

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары еліміздің аймақтарына аттанып, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдумның маңызы және Ата Заңға ензілетін өзгерістердің мән-жайы туралы халыққа түсіндірді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Өзгерістердің мән-жайы түсіндірілді

Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғындарымен кез­десті. Тұрғындармен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және аудандық мәсли­хат депутаттарымен кездесуде Әли Бек­таев конституциялық реформаға тоқта­лып, оның ел болашағын айқындау­дағы маңызына тоқталды. Сенатор Әлім­жан Құртаев өз кезегінде жиынға қатысу­шы­лардың сауалдарына жауап бере отырып, білім саласын қаржыландыру, тұрғын үй бағдарламасы және инфрақұрылымдық жүйелерді жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Ал Алматыдағы кәсіби заң консультанттары палатасының өкілдерімен кездескен Сенат депутаты Қанатбек Сафинов жиынға қатысушылармен бірге Конституцияға ұсынылып отыр­ған толықтыруларды талқылады. Рес­пуб­ликалық референдумның маңыздылығын атап өткен Сенат депутаты Сергей Ершов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Алматы қаласында орналасқан филиалдарының бірінде болды. Сенатор осындағы филиалдың әкімшілік-басқару қызметкерлерімен кездесті.

Сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұр­ғындарымен кездесіп, облыс орталығын қайта атауға арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Сенаторлар сон­дай-ақ алдағы референдумды және конс­ти­туциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады.

Сенат депутаттары Бақытжан Жұма­ғұлов пен Нариман Төреғалиев Қызылорда облысындағы Қорқыт Ата атындағы университетте болды. Сенаторлар жоғары оқу орнының басшылығымен отандық білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды. Жоғары және орта оқу орында­рында болған сенатор олардың жұмы­сымен танысып, жаңа оқу аудиторияла­рын аралап көрді, сондай-ақ оқу орын­дары­ның оқытушылар құрамымен және сту­дент­терімен бірқатар кездесулер өткізді.

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысындағы Әйтеке би және Хромтау аудандарының тұрғындарымен кездесті. Ауруханалар, колледждер, кі­тап­ханалар мен музыкалық мектеп­тер­дің және басқа да әлеуметтік нысан­дардың ұжымдарымен жүздесудегі та­л­қылаудың негізгі тақырыбы – ел Конс­титуциясына алдағы өзгерістер, сондай-ақ бүкілхалықтық референдум өткізу мәселелері болды.

Сенат депутаты Ерік Сұлтанов Сол­түстік Қазақстан облысының Тайынша және Аққайың аудандарындағы ауыл тұр­ғындарымен кездесті. Депутат Келлеровка ауылының дәрігерлерімен және ұстаздарымен кездесуде еліміздің Конституциясына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар туралы жан-жақты айтып берді. Ол сондай-ақ алдағы конституциялық реформа Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асырудағы басты қадам екенін атап өтті.

Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына сапары барысында мегаполистегі Қаратау ауданының тұрғындарымен және әкімімен кездесті. Сенатор кездесуде Қаратау ауданына жаңадан қосылған елді мекендерде тұратын азаматтардың өтініштерін қарады. Депутат Қайнарбұлақ елді меке­ніндегі электр желілерін жүргізу, газбен жабдықтау, тұрғын үйлерді жарық­тандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының аудандарында болды. Сенатор бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесулер өткізді. Депутат сонымен қатар Бородулиха ауданының орталығында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешеніне, емхананың күрделі жөнделген бөлімшелерінде болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты және орталық емхана ұжымымен кездесті.

Сенат депутаты Ольга Булавкина өңірге жұмыс сапары аясында Аман­жолов атындағы университеттің оқыту­шы­ларымен және студенттерімен кездес­ті. Қазақстан Республикасының Консти­ту­циясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу талқылаудың негізгі тақырыбы болды.

Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов Алматы облысы Ескелді ауданының тұрғындарымен, аудандық мәслихат депутаттарымен және мекеме басшыларымен кездесті. Сенатор жүздесу барысында жерлестеріне конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы жан-жақты түсіндіріп, маңызды деген сұрақтарға жауап берді.

Қарасай аудандық ауруханасының қызметкерлерімен кездескен Сенат депу­таты Жанболат Жөргенбаев жүздесу бары­сында Конституцияға енгізілетін әрі еліміздің қазіргі кездегі саяси жүйесін өзгертуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты. Ал Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Қор­дай ауданының бірқатар ауылын аралап, құрылыс алаңдарында болды. Өңір тұр­ғындарымен кездескен де­путат кездесу барысында жерлестері­мен алдағы конституциялық реформа және 2022 жылғы 5 маусымда өтетін рес­пуб­ликалық референдумға шығарылатын мәселелерді егжей-тегжей талқылады.

Сенат депутаты Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығымен және қызметкерлерімен кез­десті. Депутат кездесу барысында басқарманың қызметі мен материалдық жабдықталуы барысын зерделеді. Мекеме басшылығы депутатты жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының халқын жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысы туралы хабардар етті.

Сенатор сондай-ақ қалалық «iKOMEK109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығында да болды.