Ауыл • 18 Мамыр, 2022

Қазақ үшін ауылдың орны ерекше

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алатау – Елтай ауылдық округінің аумағына кіретін ауыл. Жымпиты – Ақсай жолымен келіп, Тасқұдықтың тұсынан оңға бұрылып, 8 шақырымдай жүрсеңіз, борлы таудың қарсы бетіндегі жүректей жұмыр жұртқа тап боласыз. Ауылға кіру үшін өткелден өтесіз. Сылдыраған бұлақ сізді оңай жібере қояр ма екен? Міндетті түрде аялдайсыз, ақ суды алақанға алып, жүзіңізге басасыз.

Қазақ үшін ауылдың орны ерекше

Осыдан 5-6 жыл бұрын Алатаудан да түтін шықпай қала ма деп алаң қылдық. Халыққа таудың етегіндегі туған мекенді қиып кету оңай болған жоқ. Қар мен балшықтан көз ашпайтын жол қатынасы амалсыздан бір шешім қабылдауға мәжбүр етті. Соңғы шешім – көшу еді. Халық қозғалды. Үйлер бұзылды. Кешегі ұзын көшеден көшкен жұрттың орны ғана қалды. Тек бір ғана үйден түтін шығып тұрды. Ол – Мәлік Сәркеевтің үйі еді.

 Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыровпен бірге Алатауға аттандық.

«Ойлы-қырлы жерлермен, ытқып-ытқып жүгірген» ақ қояндай ақ «Нивамен» борлы таудың баурайына да жеттік. Мәлік ағамыздың мал түгендеп келіп, жиренін шідерлеп, отқа жіберіп жатқан беті екен. Ол 2015 жылы жеке шаруашылық құрып, соның жұмысын қолға алыпты. Табыссыз да емес көрінеді. Ерінбегенге, көзін тапқанға қай жерде де жұмыс бар ғой. «Қазір жалғыз емеспін. Алатауға 5 бірдей шаруашылық ірге салды. Төрт түлік үшін қолайлы өңір ғой. Ел көбейеді деп ойлаймын», дейді «Стан» қожалығының иесі.

Мәлік ағамыз байқаған бір дүние бар екен. Сенбі мен жексенбі болса, Алатауға көлік ағылатын көрінеді. «Келгендер бейіт басына аялдайды. Кейін ескі көшені аралап, үйлерінің орындарына тоқтайды. Бір кездері осы Алатаудан көшкен отбасылары екені бірден белгілі. Сағыныш қой!», дейді Мәлік аға.

Арғы жақтағы қыратта төте жазумен нақышталған көне құлпытастар қараяды. Қарсы бетте борлы тау тұр. Етегінде сылдырап бұлақ ағып жатыр. Біз сылдырады дейміз, бәлкім ол сағыныштың әнін айтып жатқан шығар...

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы