Аймақтар • 18 Мамыр, 2022

Алматы облысының 1500-ге жуық тұрғынын кене шаққан

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында 1486 адамды кене шаққан. Оның 58%-ы 14 жасқа толмаған балалар, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысының 1500-ге жуық тұрғынын кене шаққан

«Алматы облысы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аймақта орналасқан. Маусым басталғаннан бері аудандар мен қалалардың медициналық ұйымдарына 1486 адам жүгінген, оның 58%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене шағумен 1025 адам медициналық көмекке жүгінген, оның 64%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл кене шағу санының 31%-ға артқанын көрсетеді. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап орман және қалалық саябақтар мен скверлер аумағында кенеге қарсы у себу жұмыстары жүргізілді. Бірінші тур 968 га аумақты қамтыды, бұл 11 аудан және 2 қала», делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Атап айтқанда, Ақсу ауданында 18 га, Алакөл ауданында – 51 га, Еңбекшіқазақ ауданында – 235,5 га, Ескелді ауданында – 55 га, Қарасай ауданында – 100 га, Кербұлақ ауданында – 40 га, Райымбек ауданында – 24 га, Сарқан ауданында – 38 га, Талғар ауданында – 263,5 га, Ұйғыр ауданында – 55 га, Кеген ауданында – 60 га жер өңделді, Талдықорған қаласында – 13 га, Текелі қаласында 15 гектар жер кенеге қарсы өңделген.

«Кенеге қарсы өңдеудің екінші кезеңі маусымның бірінші жартысында жоспарланған. Бұл Алматы облысындағы ауа-райының қолайсыздығына байланысты. Іс-шаралар басталар алдында міндетті түрде ақпараттық белгілер қойылады, азаматтарға кенеге қарсы өңдеуден кейін 3 тәулік ішінде саябақтарға, скверлерге және табиғи ошақтарға бармау қажет. Кене энцефалитінің алдын алудың негізгі шарасы вакцинация екенін атап өткен жөн. Алматы облысында егуді дәрігердің кеңесінен кейін тұрғылықты жері бойынша аумақтық емханалардан тегін алуға болады», деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Соңғы жаңалықтар