«2021 жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнауы бағдарламасы іске қосылды. Онда 2026 жылға дейін экстракорпоральды ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша ЭКҰ арқылы 1 307 бала дүниеге келді. Қазір 3 063 әйел жүкті, ол 43 пайызды құрайды», деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар министр биыл «Балалар жылы» екендігін атап өтіп, балалардың денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға министрлік ерекше назар аударатынын айтты.
«Балаларды профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтілді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 16,4 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыру көзделген. Бүгінгі таңда 9 сирек немесе орфандық аурулары бар балаларды емдеу үшін 24 дәрілік заттар сатып алынатын болды. Сирек кездесетін аурулар ішінде жұлын-бұлшықет атрофиясы және эпилепсияның сирек кездесетін түрлері бар», деді Ажар Ғиният.