Қоғам • 20 Мамыр, 2022

Nickelodeon мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіле бастады

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде қазақ тілінде көрсетіле бастаған  NICKELODEON HD жаңа арнасы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Nickelodeon мультфильмдері қазақ тілінде көрсетіле бастады

Мемлекет басшысы жариялаған биылғы балалар жылы аясында  қазақстандықтар «Nickelodeon» телеарнасының  мультфильмдерін мемлекеттік тілде тамашалай алады.

ҚР АҚДМ бастамасымен 2021 жылы танымал балалар арналарын қазақ тіліне аудару жобасы -  өскелең ұрпақтың дамуына елеулі үлес қосады.

Брифингте Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров сөз алып,  «Министрлік өте ауқымды жобаны іске асыруда. Қазақ тіліндегі жаңа арнаның іске қосылуы балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ бұл жобаның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор», деп атап өтті.

Сонымен қатар «Nickelodeon» телеарнасының ТМД және Балтық елдеріндегі балалар мен ойын-сауық брендтерін дамыту жөніндегі вице-президенті-Мария Косарева «Nickelodeon» көрермендері арнаның қызықты бағдарламалық блоктарының арқасында эмоциялық интеллектті дамытатынын атап өтті. Бұл өз кезегінде балалардың, соның ішінде түрлі этностардың мемлекеттік тілді жылдам меңгеруіне мүмкіндік береді.

«Біз әріптестерімізге хабар таратуды іске қосуда  қолдау білдіргендері үшін алғысымызды білдіреміз және абоненттерді ақпараттандыру аясында одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», деді Мария Косарева.

Естеріңізге сала кетейік, арналарды таңдау кезінде әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері және балалар арасында таратылатын мультфильмдердің танымалдығы ескерілді.

Мәселен, «Nickelodeon» брендтері әлемнің 180-ге жуық елінде жинақталған, олардың кейіпкерлері 40-тан астам түрлі тілде сөйлейді.

Арнаның бағдарламалық блоктары анимациялық фильмдер мен телехикаялардан, ойын-сауық, спорттық және музыкалық бағдарламалардан тұрады.

Қазіргі уақытта «Nickelodeon HD» жаңа арнасы Алма ТВ және TV Commerce кабельдік операторлары арқылы эфирге шығады, қалған операторлармен өзара тығыз жұмыс жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше