Саясат • 18 Мамыр, 2022

Саяси партия құру тәртібі жеңілдейді

418 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конституциялық кеңестің аппарат басшысы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде ұсыныстар дайындау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұханов Президенттің партиядан шығуы саяси бәсекелестікті арттырып, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайлар жасайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Саяси партия құру тәртібі жеңілдейді

«Қазір жобада Президент саяси партиядан шығады деп көрсетілген. Мемлекет басшысы конституциялық реформадан бұрын партиядан шықты. Бұл өз кезегінде саяси бәсекелестікті арттырады. Болашақта Саяси партиялар туралы заңға да өзгерістер енгізіледі. Саяси партия құру тәртібі едәуір жеңілдетіліп жатыр. Сондықтан саяси аренада жаңа саяси күштер пайда болып, өкілді органдарда жаңа депутаттар сайлануы ықтимал», деді Бақыт Нұрмұханов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Еске сала кетсек, биылғы Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Сәуір айында AMANAT партиясының төрағасы ретінде Президенттің өкілеттігі тоқтады.

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», деген еді Мемлекет басшысы.