Екібастұздың Құдайкөл ауылының әкімі Николай Винспен біз сол ауылға барғанда таныстық. Жап-жас жігіт, 30-ға да толмаған екен. Ресей жағынан оқу бітіріп келіпті. Бұл – біздің көптеген ұл-қыздарымызға үлгі болып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарламаның нәтижесі болса керек.
Екібастұзда туып-өскен Николай мектептен соң, Новосибирь Гуманитарлық академиясын бітіріпті. Өндірісті қаладағы жастардың басын қосып, «Бәйтерек» атты қоғамдық жастар бірлестігінде мәдени шаралардың бастамашысы, қолдаушы-волонтер ретінде жұмыс жасапты. Белсенді жұмыстары арқасында көзге түскен балаң жігіт 2006 жылы осы бірлестік басшысының орынбасары болады. Осы уақыт аралығында «Бәйтеректің» қолдауымен қала жастарын жұмысқа тарту биржасы арқылы 2 мыңға жуық жас жұмысқа орналасады. Әлеуметтік тұрғыда серпін беретін шаралар өткізу арқылы жастарға жақсы қолдау көрсетілді. Ал, 2008 жылы Н. Винс «Бәйтеректің» басшысы болып сайланады. Сол кездері «Нұр Отанның» «Жас Отан» жастар қанаты «Инновациялық лагерь» бағдарламалар жүйесі бойынша брифингтер өткізіп жүрді. Бұл «Жастар – Отанға» бағдарламасы жастардың инновациялық дарын-қабілеттерін байқауға арналған еді.
Н.Винс 2012 жылы «Жас Отан» съезіне делегат болып қатысты. Оның ұлты неміс. Әкесі Андрей, шешесі Татьяна, әпкесі Марина барлығы да жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бауыры Сергей студент. Винстер әулетінің үлкен аталары 1925 жылғы қуғын-сүргінге түскен неміс ұлтының өкілі, 1942-45 жылдары Қарағанды жақта еңбек армиясында болыпты. Ал бүгінгі Винстер әулеті қазақ жерін Отанымыз, еліміз деп тағдырларын осы жерге байлапты. «Екібастұз біз үшін жер жәннаты, сүйікті қаламыз, біз қазақстандықтармыз», –дейді Винстер. Мұны кішкентайынан естіп өскен Николайдың өз елінің, туған қаласының патриоты атануы да сондықтан болса керек. Ержеткен соң қатарластарының арасынан оза шығып, көшбасшы-лидерлік қабілет-дарынын байқатып үлгерді.
– Ауылға қалай әкім болып жүрсің? – деп сұрап жатырмыз.
– Ауыл маған таңсық емес. Қазір жоспар-жобаларым көп. Құдайкөл аумағына қарасты Қарасор ауылы бар. Өндірісті ауылдар. Кен байыту комбинаты жұмыс жасайды. Ауылдықтар үшін жұмыс бар. Жақсы өмір қалада ғана емес қой, керісінше, ауылдан жұмыс бастап, өмір көрген жақсы деп ойлаймын. Шыңдаласың, тәжірибе жинақтайсың. Мен бұған дейін Екібастұздың Әлкей Марғұлан атындағы ауылында ауылдық әкімдікте бас маман болып қызмет еттім. Бас маман бола жүріп, «Екібастұз өңіріндегі агрокешендердің дамуы жайлы» деген тақырыпта бағдарлама жазып, арнайы сертификат алдым. Құдайкөлге әкім болғанға дейін бұл ауылда да бас маман болдым. Ал өткен жылдың тамыз айында осы ауылға әкім болып сайландым. Ауылдықтар, оралман ағайындар бар, бәрімен қазақ тілінде аздап сөйлесе бастадым, жалпы, қазақшаны жақсы түсінемін. Қасымда әкімдіктің бас маманы Ақан Сейілханов ағамыз бар, әлі-ақ қазақшаны жақсылап үйреніп аламын деп ойлаймын. Бастысы – ауылдың әлеуметтік жағдайын қолға алып, әр үйге су келтіру, жол жөндеу міндет. Ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігі көп, – дейді Н.Винс.
– Өзің әлі үйленбепсің де. Келінді осы Құдайкөлден алсаң қайтеді? – дейміз әзілдей.
– Болса, солай да болып қалар, тойға шақырамын ғой, – дейді күліп ол да.
Біз жастық жігермен ауылға келіп, әкімдік қызметке араласқан Николаймен қоштастық. Жалпы, екібастұздықтар Құдайкөл ауылы жайлы сұрай қалсаң, «Ә, онда қазір неміс бала әкім болып жүр», деп қолдап, тілектестік білдіріп жатады. Біз де Н.Винске іске сәт, Құдайкөлдің әкімі дейміз.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы.