Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сағат Әшімбаев дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында әдеби сынымыздың дамуына зор үлес қосып қана қоймай, ұлт руханиятының есесі кеткен тұстарын елдік мінберден айтып, ана тіліміздің жанашыры болды. Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарына қорған болып, басын бәйгеге тігіп, отаршылдық жүйеге қарсы тұрды. Міне, ардақты азаматтың осындай сан қырлы қасиеті, сыншылық таланты, қайраткерлігі, мемлекетшілдігі ғылыми конференцияда жан-жақты айтылды.
Жиын модераторы жоғарыда аталған университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін туған Сағат Әшімбаевтың қатары жасынан оқуға ұмтылып, ұлттың рухани жетілуіне өздерін жауапты санап, 1970-1980 жылдары-ақ тәуелсіздік атмосферасын қалыптастырғандығын айтып, С.Әшімбаевтың тұлға ретінде қалыптасуының үш қайнарын атады.
«Бірінші қайнар – ұлт дәстүрі, өз тамырын тапқан әдебиет пен мәдениет. Екінші қайнар – жаһандық рухани жетілудің арқауы болған әлем және орыс әдебиеті мен мәдениеті. Үшінші қайнар – оқумен, тоқумен жинақталған білім мен білік, өмірмен біте қайнасқан шығармашылық», деді Е. Сыдықов.
Одан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов көрнекті әдебиет сыншысының аты университеттің соңғы курсында оқып жүргеннен танылып, сол кездегі айтулы ақын-жазушылардың жаңа шығармалары туралы жазған дүниелері әдеби ортада әжептәуір әңгіме болғандығын баяндады.
«Біз сонда оны «академик» деп ойласақ, 24-25 жастағы жігіт екен. Ол кітапты көп оқып, көп білетін. Сол кезде Мәскеуде жарық көрген кітаптардың өзі қолға түсе бермейді. Сондықтан Сағаттан «қандай жаңа кітап шықты, қай кітапты алдырып оқуға болады?» деп пікірлесіп жүреміз. Оның өзі де ортасын білімге қанықтырып, елдің санасына ұйытқы болып жүретін. Сағат 1976 жылы алғаш рет сын саласынан Қазақстан комсомолының сыйлығын алды. Оның қайраткерлігі мен жазған еңбектерін көзіқарақты қауым жақсы біледі. Ол республикалық Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы кезінде де елдің үні мен қоғамның сөзін айтты. Қоғамдағы шындықты, әділдікті жақтап сөйледі. Бұрқылдап қайнап, тасып тұратын. Нағыз шығармашылық шырқау мен мемлекеттік қайраткерліктің шыңына шыққан кезінде өмірден өткені өкінішті», деді Қ.Сұлтанов.
Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде Сағат Әшімбаевпен бірге оқыған курстасы, жазушы Алдан Смайыл досы туралы студенттік шақтағы бір оқиғаны есіне алды.
«Бір күні Сағат бізді оқу корпусының екінші қабатында құпия өтейін деп жатқан жиынға алып барды. Барсақ, қаракөлеңке аудиторияда ғалым Бейсенбай Кенжебаев, жазушы Тахауи Ахтанов, профессор Т.Махмұтов және Александр Жовтис деген аудармашы отыр. Әңгіме біз түсінбейтін тақырыптан басталды. Қазақтың Мағжан Жұмабаев деген ғажайып ақыны болған. Ол «халық жауы» емес, ұлт мүддесін ертерек көтерген қайраткер, талантты азамат болыпты. Сол ұлт мүддесі жолында қыршынынан қиылған. Сосын Т.Махмұтов ағайымыз Мағжанның әдемі бір өлеңін жатқа айтты. А.Жовтис те ақынның аударған жырларын оқыды. Біз аң-таңбыз. Жиыннан шыққасын Сағат бізге сонда сөйлеген кісілердің сөздерінен түсінгенін бізге айтып берді. Бірақ біздің қуанышымыз ұзаққа бармады. Университетіміздің үлкен корпусында Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы қатысқан жиналыс өтіп, әлгі кешті ұйымдастырғандарды сілкілеп, сойып салды. Бізді де біртіндеп деканатқа шақырды. Сонда ол әрқайсысымызға: «Олар туралы ауыздарыңды ашпаңдар, ешкімге ештеңе айтпаңдар», деп шырылдап жүрді. Менің ойымша, Сағаттың ұлтына, тіліне, салт-дәстүріне жанашыр көзқарасы осы жиыннан кейін басталды деп ойлаймын», деді қаламгер.
Сондай-ақ Алдан Смайыл Желтоқсан оқиғасы кезінде қайраткердің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» үндеу-қаулыға қол қойған зиялыларға: «Бұл үндеуге қол қоймаңдар, елдің алдында өздеріңді төмендетіп, өз халқыңды байлап бермеңдер», деп шырылдағанын айта келіп: «Бірақ Сағаттың сол сөзіне ешкім құлақ аспады. Сондай сын сағатта олар сынды, ал сынбаған Сағат, шын мәнінде, ұлт жанашыры болды. Ол телевидениеде сол кезде «Қасиет пен қасірет» деген телебағдарлама ұйымдастыруды ойлады. Оны неге олай атады? Өйткені қазақтың қасиеті – Сағаттың өзі секілді адалдығы болса, қасіреті – сатқындығы еді. Әттең, оған ғұмыры жетпеді. Сағаттың осы бағдарламасын қазір «Қазақстан» телеарнасынан ашуымыз керек. Біз әлі күнге дейін қасиетіміз қайсы, қасіретіміз қайсы, айырып болған жоқпыз», деді А.Смайыл.
Белгілі ақын Нұрлан Оразалин айтулы тұлғаның «біріншісі – ойлау жүйесі, екіншісі – сөз, үшіншісі – ісі» секілді үш қасиетін айрықша бөліп, оған ұлт биігіне көтерілген тұлға деген баға берді.
«Сағатты ақтық сапарға шығарып салып тұрғанда ұстазы Зейнолла Қабдолов: «Біз жаңа дәуірді бастап отырмыз. Бұдан кейін қазақ «Сағатын сағатымен өлшейтін болады», деген сөз айтып еді. Ғұлама ағамыздың сол сөзі дәл келді. Қазір Сағатты тануда кезең-кезеңімен жаңа буындар пайда болды. Ол оның қайнарының тереңде жатқандығын байқатады», деді ақын.
Сонымен қатар жиында Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Мәжіліс депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай сөз алып, халқымыздың ардақты перзентінің қайраткерлігі мен қаламгерлігі жайында салмақты ой өрбітті. Ләззат Мұратқызы өз сөзінде тәуелсіз қазақ телевизиясының негізін қалыптастырушылардың қатарында Сағат Әшімбаевтың орны бөлек екендігіне тоқтала келіп: «Бізде есімі телевизиямен байланысты тұлғаларды көптеп санауға болады. Бірақ Сағат Әшімбаевтың еңбегі, көтерген тақырыптары тұтас бір кезеңге арқау болуымен өте құнды. Ол кісі 1986 жылы, небәрі 39 жасында Телевизия және радиохабар тарату жөніндегі мемлекеттік комитетке қызметке келіп, бастапқыда орынбасар, сосын төрағасы болды. Келе сала телевизияға жаңа ұлттық леп әкелді. Ағамыздың тікелей жетекшілігімен «Асыл мұра», «Көкпар», «Қымызхана», «Алтыбақан», «Терме», «Айтыс», «Тамаша» және өзі жүргізген авторлық «Қарыз бен парыз», «Қауышу», «Жүректен қозғайық» хабарларын көрермен әлі күнге дейін сағынышпен еске алады», деді корпорация басшысы.
Сондай-ақ ғылыми конференция аясында ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы «С.Әшімбаевтың шығармашылық шеберлік туралы ой-тұжырымдары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов «Қаламгер С.Әшімбаев және тәуелсіздік қарсаңындағы әдеби үдеріс», Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Ахматалиев «Қырғыз және қазақ рухани байланысына дәнекер тұлға», ҰҒА академигі, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанов «Сағат Әшімбаевтың өмір сүру концепциясы» Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Құлбек Ергөбек «Әдеби сынның ақтаңгері» және Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Өмероғлу Якуб «Түркі әдеби әлемі және Сағат Әшімбаев мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, парасат әлемі суреткерінің шығармашылығына терең бойлап, жіті үңілді. Ғылыми конференция «Қазақстан мәдениетіндегі қайраткерлік және Сағат Әшімбаевтың тұлғасы», «Отандық тележурналистикадағы Сағат Әшімбаев жолы және қазіргі ізденістер», «Сыншы Сағат Әшімбаев мұрасы және әдеби сынның жаңа тұжырымдамалары» атты үш секцияға бөлініп, жұмыс істеді. Конференция соңында арнайы қарар қабылданды.
Жиын соңында Парламент Сенатының Төрағасы, ардақты тұлғаның ұлы Мәулен Әшімбаев жоғары деңгейде өткен іс-шараны ұйымдастырушыларға, сөйлеген азаматтарға алғысын айтып, әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ «Сыншы мұраты» атты талантты сыншының бұрынғы жинақтарына енбеген тырнақалды туындылары мен Сағат Әшімбаевтың сыни еңбектеріне жазылған талдау мақалалар енген жаңа кітаптың таныстырылымы өтіп, қаламгер, қайраткер шығармашылық мұрасына арналған көрме ұйымдастырылды.