«Жаңа Қазақстан: конституциялық реформалар және әлеуметтік даму моделін трансформациялау» тақырыбында өткен кеңеске Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыс бойынша экология департаменті, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы, Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы секілді т.б. мемлекеттік органдар өкілдері де, өңірде аса өзекті мәселені ұдайы көтеріп жүрген «Біздің Жайық – Наш Урал» экологиялық қозғалысы мүшелері де белсене қатысты.
Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штабтың Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің мүшесі, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Мынатаубик Әнесов Конституцияға енгізілгелі тұрған өзгерістерді таныстырып өтті.
– Ең басты мәселе – өңірде референдумға әзірлік қалай? Халықтың пікірі қандай? Алдымызда тұрған аса жауапты науқанға самарқау қарамайық дегім келеді. Елімізде референдум 1995 жылдан бері болмаған екен. Референдум – халықпен ақылдасып шешілетін мәміле деген сөз. Осы кезге дейін Конституцияға төрт мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, халық пікірі ескерілмеді. Билік бұл жолы да солай ете салуы мүмкін еді ғой. Бірақ олай етпей, халықпен кеңесуге жол ашып отыр. Сондықтан 5 маусым күні азаматтық белсенділігімізді көрсетіп, таңдау жасайық, – деді Мынатаубик Тауфиқұлы.
М.Әнесовтің айтуынша, референдумды ұйымдастырып, өткізуге ел қазынасынан 16 млрд теңге бөлінген. Егер референдумға сайлаушылардың 50 пайызы қатыспаса, дауыс берген адамның 50 пайызы өзгерістерді қолдамаса, осы қаржы желге ұшады, үміт күткен Жаңа Қазақстан орнамайды.
Жиынға қатысушылар атап өткендей, референдум нәтижесінде Конституциядағы 99 баптың 33-іне өзгерістер енгелі отыр. Еліміз суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі бас тартпақ. Парламент билігі күшейіп, мәртебесі көтеріледі. Халықты ел басқару ісіне араластыру тетіктері жетілдіріледі. Ең бастысы – Мәжіліс депутаттарының 30 пайызын халық өзі сайлайды.
– Бұған дейін Парламенттегі 80 пайыз билікті бұрынғы Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясы ұсынып отырды. Ешқандай баламалы ұсыныс өтпейтін. Мен оны жақсы білемін. Біздің «Ауыл» партиясы 20 жылдан бері Парламентте жоқ. Биік мінберден біздің сөзіміз айтылмады. Соның салдарынан ауылдан айрылып қала жаздадық. Менің ойымша, қазіргі 30 пайыз да аз. Болашақта бұл да өзгереді. Жаңа партиялар келе жатыр. Дегенмен осы өзгеріспен жаңа Парламентті сайлап алсақ, алда тағы көп мәселе өзгереді. Оған сенімдімін, – деді штаб өкілі.
Жиында Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алдияр Халелов сөз алып, осы кеңеске қатысып отырған әр адамнан, мемлекеттік орган өкілдерінен референдум туралы насихат жұмысын көбірек таратуға, өз ұжымында бұл саяси науқанның мән-маңызын түсіндіруге шақырды.
– Қаңтарда алаңға шыққан халықтың жанайқайы, көтерген мәселесінің көбі – осы референдумның ішінде бар. Сондықтан ел тілегін қорғап, Ата Заңымызда бекітуге әрқайсымыз үлес қосайық, – деді Алдияр Сансызбайұлы.
Батыс Қазақстан облысы